Айтулы мереке Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында берілген тапсырмаларды іске асыру мақсатында Елбасы Жарлығымен бекітілген «Еңбек күніне» орай ұйымдастырылған болатын. Ал форумға Парламент депутаттары мен Президент Әкімшілігі, Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар, халықаралық ұйымдар, бизнес-қоғамдастық пен кәсіподақтар өкілдері қатысты.
Форумды ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазіргі таңда тек жеке адам емес, тұтас халық бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», деп атап өткенін айтты.
«Негізінен, бұл мереке Отанымыздың өсіп-өркендеуін қамтамасыз ететін халықтың еңбегіне деген құрметтің бір белгісі. Оған қоса, бұл күн әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді дәріптеуге арналған. Еліміздің әрбір азаматы адал, риясыз, нәтижелі еңбектің маңыздылығын санасына сіңіруі тиіс. Сонда ғана Қазақстан әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылады. Өйткені келешекте ұлттың табыстылығы адами капиталдың сапасымен өлшенетін болады», деді ол.
Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясының мақсаттарына жеткізетін бірқатар мемлекеттік және салалық бағдарламаның орындалу нәтижелеріне де тоқталды.
«Осы күндері мемлекет, жекеменшік сектор және кәсіби бірлестіктер ынтымақтастығының тетіктеріне негізделген әлеуметтік-еңбек қатынастарының жаңа моделі қолданысқа енгізілді. Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында биыл 290 мың жұмыс орны ашылды. 500-ге жуық кәсіби стандарттар әзірленді», деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы ірі және орта кәсіпорындардың шамамен 90 пайызында, сондай-ақ шағын кәсіпорындардың 30 пайыздан астамында әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін ұжымдық шарттар бар екенін тілге тиек етіп, елімізде жаңа жоба – тегін кәсіптік білім беру ісі қолға алынғанын атап өтті. Осылайша, жастар үшін өзінің еңбектегі алғашқы мамандығын мемлекет есебінен игеру мүмкіндігі пайда болғандығын алға тартты.
Содан кейін сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бұл күн ел экономикасының түрлі салаларында қызмет етіп келе жатқан 8,5 миллионнан астам азаматтардың айтулы мерекесі екенін айтты.
«Елбасы өзінің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарының емес, адамның еңбегімен жасалады деп айтқан болатын. Расында да егемендігімізді алғаннан кейінгі ширек ғасырға көз жүгіртетін болсақ, осы уақыттың ішінде елімізде 7,5 мың шақырым жол салынды. 113 млн шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа берілсе, 3 мыңға жуық мектеп пен денсаулық сақтау сынды әлеуметтік нысандар бой көтерді. Ал өндірілген жалпы өнімнің көлемі 1993 жылғы 29,4 млрд теңгеден, өткен жылғы қорытынды бойынша 47 триллион теңгеге жеткен. Осындай көрсеткіштерге ие Қазақстанды әлемдік қоғамдастық нарықтық экономикадағы мемлекет ретінде мойындап отыр», деді Т.Дүйсенова.
Айта кетейік, форум аясында «Еңбек жолы» атты республикалық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Оған 329 адам қатысқан болатын. Нәтижесінде, «Үздік еңбеккерлер әулеті» аталымы бойынша Ақтөбе облысынан теміржолшы Жұбанышевтар отбасы; «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша Батыс Қазақстан облысынан энергия кәсіпорны өндірістік-техникалық қызмет бөлімінің бастығы Тілек Харин; «Үздік жас қызметкер» номинациясы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан мұғалім Нұрсұлтан Аббасов; «Жас ұрпақты еңбекке баулудағы үлесі үшін» номинациясы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан балабақша меңгерушісі Нұржамал Төлеуова жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ел экономикасының түрлі саласының ардагерлері «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Форум соңында қазақстандық танымал эстрада әртістерінің қатысуымен концерт өтті.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»