Әлі есімде, осыдан ширек ғасыр бұрын тұңғыш Тіл комитеті құрылған жылы латын қарпіне көшу туралы идея кең талқыға түсті. Тілші ғалымдардың ұсынысын Тіл комитеті қызу қолдап, баспасөзде бір жылдай пікірталас ұйымдастырды. Бұған қалың қауым белсене атсалысты.
Латын қарпіне көшудің пайдалы жағы да, кемшілігі де сөз болды. Өте салиқалы пікірлер айтылды. Латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің көптеген нұсқалары жинақталды. Бұған қарапайым инженерден бастап, тілші ғалымдар, мектеп мұғалімдері – жалпы шығармашылық интеллигенция белсене араласты. Нәтижесінде, осы ұсыныстарды талдап, жинақтап, қолдап Президент аппаратына жолдадық. Біздің бұл әрекетіміз қисынды болғанымен тәуелсіздіктің елең-алаңында, қазақ тілі әлі еңсесін тіктемей тұрғанда асығыстыққа апаратын еді.
Сондықтан, бұл игілікті іс өзінің жұлдызды шағын тосты. Ол күн туды. Соңғы бір жыл бойғы талқылаудан байқағанымыз латын қарпіне көшу – оңай шаруа емес. Бұл – бүкілхалықтық, мемлекеттік аса маңызды іс. Одан ешкім де сырт қалмауға тиіс. Ендеше бос дауруғуды азайтып, енді нақты шаруа тындыру керек. Бұл бір күннің, бір жылдың өткінші оқиғасы емес, болашақ ұрпағымыздың өркениет көшінде өз орнын тауып, ана тіліміздің жаңғырып дамуына, шын мәнінде мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілуіне қызмет ететін басты құралға айналса, өзге тілдің өктемдігіне тосқауыл болса, тілектің орындалғаны деп ойлаймын.
Сұлтан ОРАЗАЛЫ,
жазушы, бұрынғы
Министрлер кабинетінің жанындағы
тіл комитетінің тұңғыш төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор