Қазақстан • 30 Қазан, 2017

Жаңа әліпби – игі тілектің орындалғаны

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл – рухани өміріміздегі айтулы күн. Көп жылдар ел есінен кетпей, ауық-ауық айтыс-тартысқа себеп болған қазақ жазуының латын қарпіне көшу идеясы бүгін мәресіне жетті. Біз өз жолымызды таңдадық. Президент латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасына қол қойды. 

Жаңа әліпби – игі тілектің орындалғаны

Әлі есімде, осыдан ширек ғасыр бұрын тұңғыш Тіл комитеті құрылған жылы латын қарпіне көшу туралы идея кең талқыға түсті. Тілші ғалымдардың ұсынысын Тіл комитеті қызу қолдап, бас­па­сөзде бір жылдай пікірта­лас ұйымдастырды. Бұған қалың қауым белсене атсалысты. 

Латын қарпіне көшу­дің пайдалы жағы да, кемші­лігі де сөз болды. Өте сали­қалы пікірлер айтылды. Ла­тын қарпіндегі қазақ әліпбиінің көптеген нұсқалары жи­нақ­талды. Бұған қара­пайым инженерден бастап, тілші ғалымдар, мектеп мұға­лім­дері – жалпы шығар­ма­шы­лық интеллигенция белсене араласты. Нәтижесінде, осы ұсыныстарды талдап, жи­нақтап, қолдап Президент ап­паратына жолдадық. Біздің бұл әрекетіміз қисынды болға­нымен тәуелсіздіктің елең-алаңында, қазақ тілі әлі еңсесін тіктемей тұрғанда асы­ғыстыққа апаратын еді.

Сон­дықтан, бұл игілікті іс өзі­нің жұлдызды шағын тос­ты. Ол күн туды. Соңғы бір жыл бойғы талқылаудан байқағанымыз латын қарпіне көшу – оңай шаруа емес. Бұл – бүкілхалықтық, мемлекеттік аса маңызды іс. Одан ешкім де сырт қалмауға тиіс. Ендеше бос дауруғуды азайтып, енді нақты шаруа тындыру керек. Бұл бір күннің, бір жылдың өткінші оқиғасы емес, болашақ ұрпағымыздың өркениет көшінде өз орнын тауып, ана тіліміздің жаңғырып дамуына, шын мәнінде мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілуіне қызмет ететін басты құралға айналса, өзге тілдің өктемдігіне тосқауыл болса, тілектің орындалғаны деп ойлаймын. 

Сұлтан ОРАЗАЛЫ,
жазушы, бұрынғы 
Министрлер кабинетінің жанындағы 
тіл комитетінің тұңғыш төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор