Қазірдің өзінде шамамен 900 мың қазақстандық «Нұр Отан» партиясының «Халық дауысы» республикалық акциясына белсенді қатысты.
Павлодар мұнай химиясы зауыты сияқты өнеркәсіптік ірі кәсіпорындардың жұмысшылары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар, сондай-ақ ынта білдіргендердің барлығы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, қалалардың орталық алаңдары мен денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінде жайғасқан сауалдама жинау бекеттері арқылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында билеуші партияға өз ұсыныстарын білдіріп, елге тілектерін айтты.
Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті сақтау, ана мен баланы қолдау мәселелеріне баса назар аударып отырғанына көпшілік өз ризашылығын білдірді. Қазақстандықтар елімізде тәуелсіз 20 жылда жүзеге асқан оң өзгерістер туралы айта отырып, бізді жарқын болашақ күтіп тұрғанына сенім білдірді.
Қазақстандықтардың ұсыныстары мен тілектерін жинауды «Нұр Отан» партиясы одан әрі жалғастыруда.
«Егемен-ақпарат».