Өйткені шағын және орта бизнесті дамыту – экономикалық өрлеудің және әлеуметтік саяси жаңғыртудың басты құралы екені белгілі. Елбасымыз өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандық жол-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында шағын және орта бизнестің дамуын – еліміздің экономикалық саясатының басым бағыттарының біріне жатқызған.
Қазақстан Республикасында шағын және орта кәсіпкерліктің ІЖӨ-дегі үлесі 20,2%, ал дамыған мемлекеттердегі шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 50%-дан 70% шамасында. Салыстырмалы түрде Қазақстан шағын және орта кәсіпкерліктің макроэкономикалық көрсеткіштерде үлесінің өте аз екенін көрсетеді. Оны 50 пайызға жеткізу үстіміздегі ғасырдың елуінші жылдарында қол жеткізіледі деп болжанып отырғаны белгілі.
Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, шағын және орта кәсіпкерліктің басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысында шоғырланған мысалы, 2017 жылдың 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 176,6 мың шағын және орта кәсіпкер жұмыс істеп тұр.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы шағын және орта бизнестің жақсы дамуына көптеген факторлар әсерін тигізуде, соның ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының маңыздылығы жоғары. Осы бағдарламаның аясында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жалпы саны 811 жобаны субсидиялауға 12,3 млрд теңге қарастырылған, сонымен қатар 2017-2019 жылдар бюджетінде әр жылға 3 млрд теңгеден барлығы 9 млрд теңге көлемінде жалпы сипаттағы трансферттер белгіленген.
Биыл бірінші жартыжылдық та бөлінген 3 млрд теңге 250 жобаны субсидиялауға бағытталып, толығымен игерілді. Қосымша 150 жобаны субсидиялауға өтінім түсіп, 2017 жылға 1,5 млрд теңге бөлінген.
Бүгінгі таңда субсидия түрінде мемлекеттік қолдауға ұсынылатын жобалардың көбеюіне байланысты болжам бойынша, 2018 жылға 450 жобаға 5,3 млрд теңге қажет етіледі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде, Оңтүстік Қазақстан облыстық бюджет жүктемесінің көбеюіне әкеліп соғады. Осыған сәйкес, облыс халқының әлеуетін және облыстық бюджеттің мүмкіншілігін ескере отырып, аталған мәселені шешу үшін 2018 жылға республикалық бюджеттен қосымша 2,3 млрд теңге қаржы бөлу мәселесі туындап отырғанын айтып, Үкімет басшысынан осы қаражаттың бөлінуі сұралды.
Біздің сауалымызды қолдап сенаторлар А.Бейсенбаев пен Ә.Бектаев та қол қойды. Шағын және орта бизнес – қоғамның тұрақты даму негіздерінің бірі. Оларға мемлекет тарапынан жағдай жасалынып, қолдау көрсетілмесе, ол өздігінен дамымайтынына Үкімет басшылығы назар аударар деген үміттеміз.
Әлімжан ҚҰРТАЕВ,
Сенат депутаты