Кезінде мемлекет тапшылықты жою үшін жанар-жағармай жеткізушілердің басқа түрлерін іздеп, импорттың тізбесін өзгерткені және тағы басқа шаралар жасағаны да есімізде. Бірақ осы іспен айналысатын министрлік ақырында жанар-жағар май жеткізу жұмысын еркіне жіберді. Соның нәтижесінде 2015 жылдың шілдесінен АИ-92 бензинінің, ал 2016 жылдың тамызынан дизельді отынның бағасын реттеуден бас тартты.
Мәжілістің «Халық коммунистері» фракциясының 2014 жылғы күздегі жанар-жағармай тапшылығына байланысты сауалына берген жауабында Үкімет еліміздегі барлық МӨЗ зауыттарын жаңаландыру жұмыстары аяқталған соң мұндай келеңсіздіктерге жол берілмейді деп жауап берген. Ал оның мерзімі 2016 жылдың аяғы деген болатын. Осы жауапта тіпті 2017 жылдан бастап Қазақстан Еуро-4 және Еуро-5 маркалы жоғары сапалы бензинмен қамтамасыз етіледі делінген еді. Сол уәде қайда қалды?
Бүгінгі таңда біз Үкіметтің оптимистік болжамдарының бәрі шындыққа сай еместігіне көзіміз жетіп отыр. Елімізде мұнай өңдеу жұмысын дамытудың ұзақмерзімдік жоспары жоқ екендігі білініп тұр. Халық соның сорын татып, жанар-жағармайдың кезекті рет қымбаттайтындығына наразылық білдіруде. Ал олардың наразылығы әділетті екендігі даусыз. Мұнай өндіруден әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі бола тұрып, бензин тапшылығына ұшырау кімді де болса алаңдатары сөзсіз. Оның үстіне жанар-жағармай бағасы қымбаттаса ол барлық тауарлар мен қызметтер бағасының өсуіне соқтыратынын да халық біледі. Соның ішінде әлеуметтік маңызы бар тұтыну заттарының қымбаттауы – халық наразылығын арттыра түсері сөзсіз. Ол инфляцияның да артып, теңгенің құнсыздана түсеріне жалғасатыны да белгілі.
Елбасы Н.Назарбаев бұдан үш жыл бұрынғы Жолдауында жанар-жағармай тапшылығын болдырмас үшін қосымша МӨЗ салу қажеттігін айтқан еді. Бірақ Үкімет елдегі үш МӨЗ-ді жаңаландырудың өзімен бұл мәселені шешеміз деген қорытынды шығарды. Уақыт бұл шешімнің дұрыс еместігін көрсетіп отыр.
Осының үстіне жылыту маусымы басталғанда көмір мен газдың қымбаттап кеткені де халық наразылығын тудыруда. Жүз миллион тоннадан артық көмір өндіретін елде халықтың қапшықпен немесе сөмкелерімен оны тасып жүргенін көргенде ұяттан өрттенесің.
Осындай мәселелердің болу себебін анықтау мақсатымен Мәжілістегі «Халық коммунистері» фракциясы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, мына сұрақтарға жауап беруін өтінді:
1.Елбасы Н.Назарбаевтың 2014 жылдың 17 қаңтарында жариялаған Жолдауында айтылған төртінші МӨЗ салу туралы тапсырмасын орындамау туралы бастаманы көтерген кім?
2.Мұнай өнімдерімен ішкі рынокты қамтамасыз етудің ұзақмерзімдік бағдары бар ма? Бар болса бұл бағдар оның бағасын көтермеуді қарастырған ба?
3.Мұнай өнімдерін жасау мен сату рыногындағы бәсекелестікті дамыту бойынша қандай шаралар қабылданған?
4.Азаматтардың монополияға, бағаны көтеруге астыртын келісуге қарсы құқықтарын қорғау ісімен айналысатын өкілетті органның 2016-2017 жылғы жұмыстарының нәтижесі туралы ақпарат беруіңізді сұраймыз.
Бұл сұрақтардың жауабын білуге біздің де, халықтың да қақы бар деп санаймыз.
Айқын ҚОҢЫРОВ,
Мәжіліс депутаты