29 Қазан, 2011

Еуразияшылдық идеясын саралаған еңбек

486 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Жуырда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Қазақстан және жаңа әлемдегі еуразияшылдық идеясы» атты халықаралық ғылыми форум өткені белгілі. Осы форумда ЕурАзЭҚ-тың Бас хатшысы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, ғалым Тайыр Мансұровтың «Еуразияшылдық – Нұрсұлтан Назарбаевтың іске асқан жобасы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Мәскеудің «Реал-Пресс» баспасынан шыққан кітаптың еуразияшылдық идеясын ұғынғысы келген жанға берері мол. Бұл еңбекте Н.Назарбаевтың 1994 жылы М.Ломоносов атын­да­ғы Мәскеу мемлекеттік университетінде ортаға салған Еур­а­зиялық одақ идеясының қазіргі таңда қалай іске асып келе жат­қандығы құжат деректерінің негізінде жан-жақты ашып көрсе­тіл­ген. Кітапта бұл идеяның алғаш­қы туған сәтінен бастап, эво­лю­циялық жолмен дами отырып, нақты өмірлік мазмұнды тетіктермен қалай толыққаны баян­да­ла­ды. Соның ішінде, оны іске асырудағы ең маңызды тетік ретінде ЕурАзЭҚ, Кеден одағы және құрылудың аз-ақ алдында тұрған Біртұтас экономикалық кеңістік сияқты интеграциялық құрылымдар екені саяси, ғылыми сараптық пайымдармен көрсетіл­ген. Автор әлем тарихындағы кей­бір ұлы қайраткерлердің ба­сын­да уақыт пен кеңістіктегі ағымдық іс-әрекеттен, тіпті бол­жалды дүниелерден мүлде бөлек, адамның көзқарас көкжиегін ке­ңейтіп, әлдеқайда терең әрі биік дүниелерді көре алған қа­сиеттері болғанын айтады. Н.Назар­баев­тың сонау, орталықтанудан қашу идеясы асқақтап тұрған тарихи кезеңде замандастарының ойына кел­меген ұсыныс айтуы осы бағаммен салыстырылған. Өзінің көзқарасын дәлелдеу үшін автор Президент Н.Назарбаевтың қары­мы мен қасиетін көрсететін бірнеше заманауи ойшылдар мен сая­саткерлердің ол туралы айт­қан пікірлерін келтіреді. Соның ішінде Сингапур реформасының атасы Ли Куан Юдың 2003 жылы өз елдеріндегі «Бизнес таймс» газетіне шыққан: «Президент Назарбаев – түрлі республикалар бас­шылары арасындағы аса ірі тұлға. Қазақстанның көшбас­шы­сы – шекті өлшемде қатал, нақты іске бейіл, жылдам және шешімтал адам, сонымен бірге, тар­тым­ды, дарынды және табанды. Оны бұрынғы Одақ республикалары­ның басшылары да түгел мойын­да­ған. Егер республиканың ба­сында Назарбаев тұра беретін болса, Қазақстанның табысқа жету мүмкіндіктері өте зор», деген сөзі де бар. Сонымен бірге, Н.Назар­баев­тың Еуразиялық одақ туралы идея­сы жалғыз Қазақстан емес, барлық қатысушы жақтарға эко­номикалық тұрғыдан тиімді екенін айта келіп, тату көршілік пен өзара сыйластыққа оның жеке басының қасиеттері арқасында да қол жеткізілгенін Ресей Феде­ра­циясының Президенті Д.Мед­ве­девтің де жоғары бағалаған сөз­де­рі кітап мазмұндылығын арт­ты­ра түскен. «Көбінесе оның саяси ерік-жігері мен көрегендігінің арқасында біздің елдеріміздің халықтары ХХ ғасырдың қиын-қыстау кезеңдерінде тату көр­ші­лік пен сенім дәстүрлерін сақтап қана қойған жоқ, оны арттыруға қол жеткізді», делінген онда. Кітап жеті тараудан тұрады. Алғашқы тарау «Президент Н.На­зарбаев – қазіргі Қазақстанды құрушы» деп аталып, онда Елба­сы­ның Тәуелсіз еліміздің ірге­та­сын қалау жолындағы барлық істеріне сараптамалық шолу жа­салған. Тайыр Мансұровтың өзі де сол кездегі Жоғарғы Кеңестің депутаты болғандықтан, кеңестік көзқарастағы көпшіліктің нарық­тық заңдардың қабылдануына өре түрегеліп, қарсы болғанда­рын көзімен көргенін айтады. Сол кездерде Президент өзінің ұс­танымын дәйекті түрде дәлел­деп, сағаттар бойы Жоғарғы Ке­ңес­те уақытын өткізуге мәжбүр болатын, дейді автор. Ол кездегі Жоғарғы Кеңестің өкілеттігі де қолданыстағы Конституция бой­ынша Президенттен кем болмай­тын. Сондықтан ескі әдетпен жа­ңаның бәрін жарадай көрген­дер­дің дауысы нарықтық реформаға қарсы қатты шығып тұрды. Тек 1995 жылғы 30 тамызда бүкіл­ха­лықтық референдум арқылы қа­былданған Конституциядан кейін ғана Президенттің құқықтық өкі­лет­тігі артып, оның еркін әрекет етуге қолы жетті. «Осы оқиға, асыра айтқандық емес, тәуелсіз Қа­зақстанды саяси тұрғыда реформалау үдерісіне мүмкіндік берген негізгі кезең болды», дейді автор. Қазақстан тарихына бай­ла­ныс­ты қызықты деректер де ең­бекте көп. Мәселен, автор қазақ жерін аралаған поляк сая­хат­шысы А.Янушкевич өзінің қазақ даласын саяхаттағанын жазған «Күнделіктер мен хаттар» еңбе­гін­де 1846 жылы-ақ Ақмоланы қазақ жерінің астанасы болуға лайық екенін айтып кетіпті. Кітаптың екінші тарауы еур­а­зияшылдар атанған ойшыл­дар­дың еңбектеріне, олардың фило­со­фиясын қарастыруға арналған. Құрлықтағы халықтардың өсіп-жетілуі мен қалыптасуын орыс тарихының ғана емес, барша еу­разиялық өркениеттің шең­бе­рін­де қарастырып, бағамдары мен пайымдары «еуразияшыл ағым» деп аталғандар қатарында П.Са­виц­кий, Г.Флоренский, Н.Трубецкой, Г.Вернадский, С.Соловьев, Л.Гумилевтар болған. Олар Еуразия тарихының қалыптасуына да­ланың қаншалықты оң әсер еткеніне айрықша назар аударған. Амал не, ұйымдасқан қоз­ға­лыс ретінде еуразияшылдық идея­сы ХХ ғасырдың 30-жылдары­ның ортасынан бастап жойылды. Бірақ ол 90-жылдардың ортасы­нан қызыл империяның жойылу­мен бірге қайтадан жаңғырды және оның басында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев тұрды. Бұл жәйт кітап авторының орын­ды мақтанышын тудырады. «Нұр­сұлтан Назарбаевтың айрықша еңбегі сол, ол еуразияшылдық тео­риясын саяси нақтылықпен күшейтті, сөйтіп, еуразияшыл­дық тұжырымын өміршең әрі тиімді жағдайға жеткізді», дейді ол. Осы тарауда Н.Назарбаевтың атал­ған бағыттағы айрықша еңбегіне қазіргі орыс ойшылдарының бірі, философ А.Дугиннің, М.Ломоносов атындағы ММУ ректоры В.Садовничийдің, белгілі саясаткер Е.Примаковтың және т.б. берген бағалары келтірілген. «Нұрсұлтан Назарбаев – осы заманғы еуразияшылдық идеясы­ның авторы. Мемлекеттердің Еу­ра­зиялық одағының құру жоба­сы» атты келесі тарауда автор Қа­зақстан Президентінің еуразия­шыл­дық идеясын теориялық және практикалық тұрғыдан бай­ыт­қанына кеңінен тоқталады. Осы істердің өмірдегі алғы­шарт­тары мен сол кездердегі қым-қиғаш оқиғалардың себептері мен салдары оның тереңдей тү­суі­не айтарлықтай әсер еткенін түрлі дәйектермен негіздеп береді. Сонымен бірге, автор Президент Н.Назарбаевтың әлемдік мәні бар басқа да бастама­лары­ның маңызына өзіндік бағасын береді. Осы қатарда Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп жариялау туралы бас­та­масы бар. Ал ЕҚЫҰ-дағы қа­зақ­стандық төрағалық пен оның 11 жыл бойы өтпеген Саммитінің Астанада өткізілуінің тарихи маңызына автор тіпті жоғары баға береді. «Осынау оңай емес жұмыстың жемісі отырыс қоры­тын­дысынан көрінді: «қауіпсіз­дік» деген терминнің өзінің маз­мұны артып, жаңа қауіп-қатерлер мен заманауи тәуекелдерді ең­серу жолдары келісілді, Ұйым­ның өз ішіндегі сенімсіздік ала­ңы­ның шеңбері тарылды. Осы жерде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларын саяси шамшыл­дықтарынан аттап, ымыраға келіп, Қорытынды декларацияға қол қоюға көндірген Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық фак­торы айрықша жарқырап көрінді», дейді автор. Еуразияшылдық идеясының нақ­ты іске асуын және оның авторының көшбасшылық фак­торын жан-жақты және терең білгірлікпен көрсеткен еңбектің қорытындысында Тайыр Ай­мұ­ха­­метұлы Нұрсұлтан Назарбаев­тың саяси әдісі осы заманғы әлем­дік үдерістердің философия­сын терең меңгерумен ұштасқа­нын дәлелдейді. ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың өліара шағындағы қатерлі өзгеріс кезеңінде Қазақ­стан лидерінің осы қасиеттері оның ең дұрыс стратегиялық бағыт таңдауына мүмкіндік берді, дейді автор. Жақсыбай САМРАТ.