Құмыра мен Шәйнек
Есмағамбет Ысмайыловтың 80 жылдығына Алматыдан Көкшетауға Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Қабдеш Жұмаділов, Оралхан Бөкеев, Дәуітәлі Стамбеков, Сайлаубек Пернебаев сынды айтулы тұлғалар келеді. Щучинск ауданы (қазіргі Бурабай) Мәдениет ауылындағы мектепте үлкен салтанатты кеш өтеді. Үлкен ағаларымыз аталы сөз айтып, Есмағамбет Ысмайыловтың асқақ тұлғасын әспеттейді. Содан кейін ағыла сөйлеген «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Оралхан Бөкеев мектепке үлкен құмыра сыйлайды. Концертті өлеңмен бастаған Баянғали Әлімжанов толғап келіп:
«Балалар, жақсы оқысаң,
толасыңдар,
Есағаңдай ғұлама боласыңдар,
Есағаңдай ғұлама болғаннан соң
Орекеңнен құмыра аласыңдар», – деп бір күлдірген екен.
Дастарқан басында ақын Дәуітәлі Стамбеков ептеп қызыңқырап сөйлейді. Сонда Зекең, Зейнолла Қабдолов:
– Мұхаң, Мұхтар Әуезов: «Көшелі кісі деген сөз бар! Кісінің қандай екенін білгің келсе, көшесіне қарау керек!» деуші еді. Дәуітәлінің де көшесі бар екен, бірақ кейде шаңдатып тұрады екен! – депті әзіл-шыны аралас.
Сонда сөзді іліп әкеткен Баянғали:
«Қазақтың мықты ақыны Дәуітәлі,
Келмей тұрған сияқты шабыты әлі.
Шабытына шынымен мінген кезде,
Көшесі оның біраз шаңытады,
Сол кезде көшесіне кіргендердің
Әкесін Дәуітәлі танытады!» – дегенде жұрт ду күліп, жадыраған Дәуітәлі жанжал шығармапты. Содан той тарқарда облыстық мәдениет бөлімінің бастығы Күміс Мұратбекова құрметті қонақтарға Көкшетау фарфор зауытында жасалған бір-бір үлкен, әдемі шәйнек сыйлапты. Сонда Баянғали:
«Аузынан сөз, басынан ой кетпеген,
Аман бол ағаларым-ай беттеген.
Осы той құмырамен басталып ед,
Аяғы аяқталды шәйнекпенен!», – деген екен.
Той жақсы тарап, алматылықтар аман-сау үйлеріне жетеді. Бір қызығы, қызып жүрген Дәуітәлі емес, сап-сау жүрген Сайлаубек Пернебаев сувенирін сындырып алыпты. Соны естіген ақын:
«Шәйнегін сындырып ап
Сайлау жездем,
Барады екен апайыма қай
бетпенен!» – деген екен.
Қара көзілдірік
Ордабасындағы жиында қара көзілдірік тағып алған ақын Ерік Асқаров Баянғалиға: – Кеше шырқап кетіппіз. Қара көзілдірік тақсам басым айналады. Сіз ішіп жүргенде қара көзілдірік тақсаңыз, басыңыз айналушы ма еді?! – депті.
– Білмеймін! Мен ішіп жүргенде қара көзілдірік тақпайтынмын. Қара көзілдірікті жұртқа таққызатынмын, – деген екен Баянғали.
Көрген БІЛГЕНОВ
Астана
Әккі «шәпкі»
«Шәпкі» дегенге шекеден жұлып,
Жерге ататын,
Биіктен орын тимесе,
Аяқ астында жататын,
Малақай деп менсінбей тұрмаңыз,
Кереметін өз аузынан тыңдаңыз:
– Мен баяғы малақай емес,
Қасиетті шәпкімін.
Заманға сай аты өзгерген,
Пара деген әккімін.
Мені дүние түгел біледі,
Атымды естігендер,
Еріксіз жылап, еріксіз күледі.
Болмайтынды болдырамын,
Басыңа бақ қондырамын.
Ықылым заманнан
Пара алып, берудің де,
Алпыс түрлі айласы бар,
Оны білудің өмірлік пайдасы бар.
Ханды да қан қақсатып,
Табанда ақсатып
Қазынасына сүңгідім,
Сүліктей сордым, үңгідім.
Бишікештерге бақ та болдым,
Опасыз тақ та болдым.
Талай қыршынды қиып кеттім,
Сексендегі селкілдекке
Сұлуларды сүйікті еттім,
Талай-талай жылпостардың
Лауазымын биіктеттім.
Бірақ өзім осының
Рақатын көргенім жоқ,
Еститінім ғайбат қарғыс,
Сонда да әлі өлгенім жоқ.
Қаламынан қан таматын,
Қит етсе абақтыға жабатын,
Прокурор, соттың тегін тамағымын.
Қазы, қарта, майлы малта,
Шайнамай жұтар шабағымын.
Сенбесең – тыңда: .
Түсінесің бе ымға.
Мәселенки, аулыңа үлес бөлінбей тұрса,
Тізімнен атың көрінбей тұрса,
Қауғалан, қарыздан,
Түк өнбейді ойбай мен арыздан,
Менің әруағыма сиын да,
Мынау шәпкіміз деп,
Талай қылмысымды жаптыңыз деп,
Доллардың буаз бумасын,
Қасыңда ешкім болмасын,
Тыста болса қалтасына,
Кеңседе болса тартпасына тастап жібер,
Көпшік қойып бір әңгімені бастап жібер.
Тақылдамай сөздің аяғын жеп қой,
Соғымыңыз да ...мойнымда деп қой.
Банкіден несие ала алмасаң,
Алдына аттап бара алмасаң.
Тендерде бағаң ассын десең,
Таразы басы бассын десең,
Кіріптар боп тұтылып қалсаң,
Бәсекеде ұтылып қалсаң,
Қысқасы, шенді шекпенге
Тісіңді қайрап кектенбе,
Ісім оңға бассын десең,
Дереу мөрін бассын десең,
Қойнын қомпитып,
Алпыс екі тамырын идіріп жібер,
Басына әккі «шәпкі» кигізіп жібер.
Сосын мұртыңды балта шаппайды.
* * *
Құлқынқұмар пара алмаса,
Тауығы шақырып, таңы атпайды.
Жаратқан-ау, әділ заң
Бұл сұмды, қашан таптайды?!
Өтеген ЖАППАРХАН
ҚЫЗЫЛОРДА
«Келіп-кеткен» келісімшарт
Кейінгі кезде, мына бір мен үшін кесірлі келісімшарт күшіне енгелі бері – түнімен дөңбекшіп, ұйқы-тұйқы болып, зығырданым қайнап түн баласы тыныш өтпейтін халге душар болдым... Нем бар еді қатынмен қағынғыр келісім-шартқа отырып?.. Айтайын, бірде үйдегі кісі: «Осы сенің анайы сөздерің-ақ күйдіріп бітірді! Жас емессің, ата сақалың аузыңа түскенде де боғауызды боздатасың да отырасың. Ана кеше болған құда-құдағидан ұялғаным-ай!» дегенінде, мен де еліріп: «Өзіңнің де оңып тұрғаның шамалы!» деп оның да қыза-қыза қызыл сөзді сапыратынын есіне салып өттім.
Содан әлгі «ақылға келіп» демекші, екеуара шартта-шұрт келісімшарт жасаса қойыппыз... Сондағысы – айтылған әр анайы сөз үшін «құн» төлейтін болып келістік... Басында байқамай келісім-шартты бұзып қойған өзім болдым... Оңтүстікте туып-өскендікі, қанда бар пәле – «шешеден» бір-екі рет кетіп қалып... төлеуге тура келді... ішіп келіп ертесінде есеп айырысқанда ішімнің удай ашығанын айтсаңшы... Кемпір сөзінде тұрды, бірде-бір рет «шалыс баспады».
Не керек, уақыт өте «шартымыз» екеумізді тәубемізге келтірді.
Үйдегі сыпайылық, әшейінгі әңгір-гүңгір сөзден арылған біздерге қарап, әсіресе, ер жеткен бала аң-таң... Қайдан білсін, оның ар жағында «қаһарлы» келісім жатқанын.
Бірде бала бізге оқып жүрген оқуын тастайтынын айтып қалды... Не дейік, әшейінде ақырып шыға келетін менде үн жоқ... кемпір де сөзін сыпайы бастап ақылын ағыл-тегіл ағытты. Ойхой, сондағы қаным басыма теуіп көгеріп-сазарсам да «ана жаққа» бара алмағанымды айтсайшы!....
Үйге келіп-кеткен дос-жарандар өздерінше біздерді «танымай қалдық» деп пыш-пыштап жүрген көрінеді. Не десе о десін, келісімшартты бұза қояр көрсоқыр біздер емеспіз... Кейбірі «Неткен сыпайылық, бір-біріне сіз-біз дескендері қандай жарасымды! Бұрынғы Бәкең мен Назекең жоқ, нағыз мәдениеттілік соларға бұйырыпты», деп үлгі ете де бастады. Көптің ауызына ілігіп, біртүрлі мәртебеміз өсіп, мерейімізде таси бастады.
...Содан, бірде бір тойда отырғанмын. Аздап алып отырсам да қатар отырған құрдастардың ырың-жырың әңгімелеріне қосыла қоймадым. Олардың алып-шалып шер тарқата қардай боратқан боғауыздарын елеп-ескерер емеспін... Атаңа нәлет Ақалақ құрдас көзі қылилана маған қарап: «Мына Бәкіш қатынына мыш болыпты! Сызылып-иілуді содан үйренейік. Үйінде отырып кемпіріне жалпаң қағып жайнамаз болған мұның қылығына жаным ашыды», деп төпелесін кеп... Оған екі-үшеуі қосылып кердең қаққанда шыдамаппын: «Оттапсыңдар!» деп айтылмағанына он айдай болған оқыс сөзімді лақ еткізіп, ал кеп «іш-құсамды» төгіп-төгіп өтіппін. Ара-арасында үйдегінің де сазайын беріп өтіппін...
...Содан түн аса үйге келсем, бәйбіше: «Е, ішірткіңді ішіп ішіңдегіні ілкімедің-ә!?» дейді... Көзім шарамнан шықты, сөйтсем анда бір антұрған балдыз сондағы менің көсіле көлгірсігендерімді телефон арқылы бұған қосып отырыпты да, бұл мұнда оны диктофонға түсіріп «білгендік» жасапты...
– Е, есептеп те көрдім, келісім-шартқа жүгінсем ондағы айтқан «аталы сөздерің» айлығыңнан асып-жығылады, – деп келте қайыра: – Мына балаң бізге айтпай жарты миллион кредит алыпты, – дегенінде есімнен адаса, сөзімді «Атаңа нәлет!» деп ақыра бастап тоқтаусыз төпелеппін кеп... Ара-арасында «Сенің тәрбиең» деп қатынды да қағытыппын. Не керек, ауызға ақ ит кіріп, көк ит шыға есеңгірей құлаппын...
...Ертесінде, неге екенін, ұйқым қанып қалыпты, тұяқ серіппей ұйықтаппын... Біртүрлі құсадан құлантаза айығып, жуынып-шайына ас үйге келіп, бәйбішеге:
– Келісімшартты доғардық! – деп дүңк еткізе бұрынғы таз қалпымызша тілдесіп отырсақ, бала мәз:
– Е, міне, сіздерді енді таныдым ғой... Кешегі кредиттің әңгімесі сіздерді сынау үшін ойдан құрастырғаным еді, – деп қарап тұр...
Ерсұлтан МАҒЖАН
Алматы облысы
АҚЫЛ АЙТАЙЫН БА?
Жолдан өтерде
бағдаршамға емес, мәшинеге қараңыз. Бағдаршам осы уақытқа дейін ешкімді қаққан емес.
Студентке құлаққағыс:
«Лекцияда ұйықтаушы болма! Өйтсең, ояна келіп әскерде жүруің әбден мүмкін!».
Бастығыңмен сөйлесіп отырған кезде, алып жүрген айлығыңмен тілдесіп отырғаныңды қаперіңнен шығармағаның жөн.
Банкті тонап келген екеудің бірі үйге кіре сала есік-терезені жауып, қапшықтың аузын ашып жіберіп, ақшаны санай бастайды. Сонда екіншісі:
– Босқа әлектенбе, мұның қанша екенін ертең газеттер жазады, – деп ақыл айтыпты.
Еркектерге есті ескертпе:
«Үйге мас болып түн асырып «қыдырып» келдім делік. Әйелің мен енең мұныңа түк болмағандай кейіп танытады... Яғни тамақта қауіп бар, уланған болуы да мүмкін... басқа да қауіп-қатерден аман болып, дұрысы көз ілмей таңды атырған мақұл».
Оқытудың соңғы тәсілі
Балық аулауға баруға дайындалып жүрген еркек қармақ сатып алу үшін дүкенге келеді. Қармақтың түр-түрі мен бағаларын қарап шығып, қайсысын алсам деп басы қатады.
Сонда сатушы:
– Жаныңызды қинамай бір-екі келі балық сатып ала салсаңызшы! – деген екен.
* * *
Екі қайыршы қиялдап отыр дейді:
– Шіркін, маған әрбір Қазақстан азаматы бір теңгеден жинап берсе, миллионер боп шыға келер едім.
– Ал маған қытайлықтар жинап берсе, миллиардер болар едім.
* * *
Автобөлшектер сататын дүкенде:
– Сіздерде «Москвичке» арналған қосалқы бөлшектер бар ма?
– Бұл жер сізге темір-терсектер мұражайы емес...
* * *
Жас жігіт пен сатушы арасындағы әңгіме:
– Маған бір келі сүт беріңізші.
– Біз сүтті келілеп сатпаймыз.
– Онда жарты метр беріңіз...
Мүйісті жүргізетін
Берік САДЫР