Тарих • 30 Қазан, 2017

Ұлтының руханиятын ұлық тұтқан еді

1041 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Халқымыздың қай тарихының ұшын ұстасаң да, Торғайға жетелейді. Торғай кентінде бүгінде 4 төрт музейден тұратын кешен жұмыс істейді. Ал өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары Торғай атырабындағы тұнып тұрған тарих та уақыт пен замана желінен пышырап, көмескіленуге айналғандай кез еді. 

Ұлтының руханиятын ұлық тұтқан еді

Оны сақтаудың, аталар аманатын кейінгіге жеткізудің  бір жолы  музейлер ашып,  қолда бар мұраны жинау екені даусыз болатын.1987 жылы Әліби Жангелдиннің 100 жылдық мерейтойына орай Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Торғайда қоғам қайраткерінің тарихи-мемориалдық мұражайын ашу туралы    шешімі шықты. Оны ұйымдастыру жұмысына Торғай жұрты да, жергілікті басшылар тарапы да Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Ғазиз Әмірхановты қолайлады.

Марқұм Ғазекеңнің өзі бір отырғанда бір музейдің әңгімесін айтып беретін шежіре кісі еді. Жады мықты, құлағына тиген әңгімені ұмытпайтын. Сонымен қатар 40 жыл ұстаздық еткен кісінің ұқыптылығы мен жұртты сөзіне ұйытып, үйіріп әкететін ұйымдастырушылығы   қандай  істі де бітірмей қоймайтын. Сол кезде Ғазиз аға зейнет жасында болса да, 80-ші жылдардың аяқ кезіндегі рухани сілкініс, асыл  арман Тәуелсіздік оған қуат берді, музей жасақтау ісіне Алтынсарин атасы айтқандай, аш қасқырдай кірісті.

– Ол бес жыл бойы ауылдарды аралап жүріп, кімде сүйегін байырғы ұсталар жасаған, бау-шуын әжелеріміз тоқыған сәнді киіз үй, кімде ұлттық жиһаз, ескіден қалған ыдыс аяқ, қол өнер бұйымдары болса, соның барлығын тістеп-тырнақтап музейге тасыды. Ғазиз аға тек жәдігер жинаған жоқ,  туған өлкедегі елге еңбегі сіңген  адамдарды кейінгілер ұмытпасын деген оймен, олардың құжаттарын, суреттерін жинап, лайықтыларын Әліби Жанкелдиннің мемориалдық музей қорына  қосты, – дейді Торғай музейлері кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекеева.

Ғазиз Әмірханов 1988 жылы көпшіліктің демеуімен асарлатып  салынған Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық-мемориалдық музейін 1991 жылы қайта жаңғыртқан құрылыс жұмыстарының және оған жәдігер жинаудың да басы-қасында жүрді. Ыбырай музейін қалыптастыру, жабдықтау оңай болған жоқ. Ұлы ұстаз  өмір сүрген уақыттың лебін беретін    бұйымдарды, кітаптарды, құжаттарын табу, музейді тақырыптық жағынан ашу үшін оның бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Тынымсыз ізденісі арқасында музей ашылды.

Қазақтың бес арысы ақталып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып жатқанда Торғай тұрғындары Ахмет пен Міржақыптың музейін ашу туралы ұсыныстар түсірді. Сол бастама көтерушілердің көш басында Ғазиз Әмірханов, Дәурен Сәуекенов, Әмірхан Абдуллин, Болат Әлденовтер жүрді. Қос арыс туралы материалдар жинауда да көп іс тындырған тағы да Ғазиз ақсақал болды.

Алаш арыстары туралы көзкөргендерден естеліктер жинады, жәдігерлер іздестірді, олардың кітаптарын тауып, музей қорына тіркеді. Ахаң мен Жахаңның еңбегін елге жеткізу, жәдігерлер жинау мақсатында арнайы комиссия құрып, ауданның барлық елді мекендерін аралап шықты. Сапарлар олжасыз болған жоқ. Сол жылы Ақкөлдегі Ерден қарттан Ахмет Байтұрсыновтың 1909 жылы шыққан «Маса», 1911 жылы шыққан «Қырық мысал» кітаптарын алды, тұтынған заттары табылды. Мұндай көзге сүртуге табылмайтын бұйымдарды алуда Ғазиз ағаның ел ішіндегі  беделі де ықпал етті. Бұл музейге тек Ахмет пен Міржақып ғана емес, олардың серіктерінің, өзге де алаш ардақтылары,   саяси қуғын-сүргін құрбаны болғандар туралы да бай материалдар жиналды.    Сөйтіп музей 1990 жылы келушілерге есігін айқара ашты, елдің рухын көтеруге атсалысты.

– Музейдің алдына Ахмет пен Міржақыптың ескерткішін  орнатуда да Ғазиз ағаның жүгірісі тоқтамап еді. Белгілі мүсінші Кәкімжан Наурызбаевпен, Міржақыптың қызы Гүлнар апаймен  байланысын үзбеді.  Үш музейді құрайтын кешенді өзі басқарды. Олардағы әр жәдігерді жатқа білетін,  – дейді Гүлбану  Сәрсекеева.

Ғазиз Әмірханов 1992 жылы музей кешенін тапсырады да, Торғайдан мешіт ашу ісіне кіріседі. Сол жылы Торғайда еліміздегі сәнді-сәулетті алғашқы мешіттердің бірі – Оспан қожа мешіті ашылды. Имандылық үйінің іргетасы қаланып, алғашқы намаз оқылғанға дейінгі күрделі жұмыстарда Ғазекең нағыз іскер ұйымдастырушылық танытады. Оны жақсы білетіндер діни уағызшылық Ғазиз ағаның қанында болғанын айтады. Себебі  арғы бабасы қожа Хаши абызды Шақшақ Жәнібек тархан еліне дін тарату үшін Бұқарадан алдырған екен. Оның тарихын  таңнан таңға ұрып айтатын. Ал өзінің атасы діни білімді, әулие  Оспан қожаның есімі Торғай өңіріне ғана емес, одан сырт жерлерге де мәшһүр болды.  Ғазиз ағаның  Құран сүрелерін жетік білетіндігіне, уағыз айтқанда елді ұйытатын діни білімдарлығына жұрт таңқалатын. Ол кеңес жылдары  замана еркі  билеп, партия қатарында жүрсе де,  білім беру саласында жауапты қызметтер атқарса да өзінің  ішкі рухын, сенімін жүдетпеген еді.  Торғай даласындағы  Әлмағанбет молда мен Файзолла ишанды ұстаз тұтқан Ғазекең олардың діни софылық өлең нақыштарын жатқа айтатын.

Әлмағанбет молданың «Аманат» деп аталатын өлеңдер жинағын   шығаруға бас-көз болды, кітапқа алғысөз жазды. 1993 жылы Тәуелсіз Қазақстаннан алғашқы қажылық сапар жасағандар арасында Торғай мешітінің  имамы  Ғазиз Әмірханұлы да болды. Көзінің тірісінде  кенже ұлы  Шоқанды   діни жоғары білім алуға бағыттады.  Қостанай қалалық мешітінің имамы Шоқан Әмірханов та бүгінде дін мен рухани тәрбие жұмыстарын  үйлестіре  біледі.

Жоғарыда Ғазиз Әмірхановтың білім саласында 40 жыл еңбек еткенін айттық. Шәкірттерінің ұстазы туралы ерекше ілтипатпен шынайы жазылған естеліктері оның  тұлғасын биіктете түседі.   «Ғазиз ағай сияқты ұстаздардан оқу нәтижесінде 50-60 жылдары қазақ мектептерін бітіргендердің  ана тілінен терең білім алып, оған деген сүйіспеншілігі қалыптасты деп ойлаймын.

...Сонымен Қаратүбек орта мектебін 1957 жылдың жазында бітірдім. Бір күні мектеп директоры шақырып былай деді: «Жүгір анаңа айт, оқуға жіберсін, біздің үйде Қостанайға баратын жеңіл машина тұр, сонымен жүресің» деді. Алыстағы ауылдан оқуға баруыма Ғазиз ағай осылайша себеп болып еді» жазады Қазақстан Ұлттық Ғылым  академиясының академигі, профессор, есімі дүние жүзіне жайылған ғалым Фазылхан Бәйімбетов. Халықаралық басқару академиясының академигі Сайлау және академик Сәбит Байзақовтар, белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Айсағалиев, жазушы-этнограф Сейіт Кенжеахметов, Су жөніндегі мемлекетаралық су комиссиясы  ғылыми орталығының директоры, профессор, Қазақстан Республикасының бұрынғы Су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбайұлы да  естеліктерінде Ғазиз ұстазына қарап бой түзегенін айтып, жылы лебізін арнайды.  «Ғазиз туған ауыл бәріміздің де туған ауылымыз еді.

Туысымыз, жеріміз де бір еді. Өсе келе Ғазиздей ағаның жақсы атын естіп өстік, бірақ қыран қабақ, өткір көзді, ер мұрынды ағаны сирек көретін едік.  Сөйтсек, бұл кісі Қостанайдағы Меңдіқара педагогикалық училищеде, одан кейін Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтта оқып жүреді екен. Ауыл ақсақалдары бізге «жақсы оқыңдар, әне Ғазиз ағаларыңдай оқысаңдар адам боласыңдар» дейтін. Ал, біздей қаратабандар оның суретіне қарап «Ғазиз ағадай болсақ» деп армандаушы едік» деп басталатын  Сейіт Кенжеахметов естелігіндегі осы  бір-екі жолдан ұстаз беделінің  қандай болғанын көреміз.  Бір бұл емес, оның алдынан өрген жүздеген түлектер «Ғазиздан оқыған едік» дегенді мақтана айтатын. Олар өмірдің түрлі саласында жүрген айтулы азаматтар болып қалыптасты.

Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы аласапыранда Торғай даласына белгілі  әулие Оспан қожаның қос ұлы  Әмірхан  мен Хамзаны  «халық жауы» деп, жер аударады. Әмірхан – Ғазиздың әкесі.  Бір милиция Хамзаға келіп, «атаңның аруағынан қорқамын, жасырып босатып жіберейін, қашып кет» дейді. Сонда 20 жастағы Хамза: «ертең Оспан қожаның баласы қашып кетіпті» деген жаманатым атама тиеді, қашпаймын!» деген екен. Бұл жүрек тазалығы, тектілік емес пе? Оспан қожаның ұлдары болғаны үшін ғана жазықсыз кінә арқалаған ағайынды екі жігіттің сүйегінің қайда қалғаны  белгісіз. Сол тектілік олардың ұрпағы Ғазиз Әмірханұлының да жүзі мен  ісінен  атойлап тұрды-ау!.. Оны Торғай өңірінің ұмыта алмайтыны да содан.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ