Комиссия төрағасының айтуынша 2017 жылдың 29 қазан күні өткен сайлау қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облыстық мәслихатына – 1, Орал қалалық мәслихатына – 1, аудандық мәслихаттарға – 6 депутат сайланған. Атап айтсақ, олар: БҚО мәслихатына – «Ақсайгасервис» АҚ президенті Тілек Шектібаев, Орал қалалық мәслихатына – «Водаканалстройсервис» ЖШС директоры Әнуар Мұқатаев, Бөрлі аудандық мәслихатына – «Project Group» ЖШС-нің аудармашысы Мәлика Махауова, Жәнібек аудандық мәслихатына – М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің директоры Берік Ихсанов, Қазталов аудандық мәслихатына – №4 Тереңкөл сайлау округі бойынша Қазталов ауылдық округінің әкімі Сәрсенбай Молдашев, Қазталов аудандық мәслихатына – №12 Көктерек сайлау округі бойынша «Райымбек» шаруа қожалығының жетекшісі Руслан Сарбаев, Теректі аудандық мәслихатына – №2 Ақсуат сайлау округі бойынша жеке кәсіпкер Қайрат Әділханов, Теректі аудандық мәслихатына – №5 Подстепное сайлау округі бойынша Теректі колледжі директорының орынбасары Ерсайын Нәсіпов.
- Барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының жұмысы бекітілген күнтізбелік жоспарға сай жүргізілді. Сайлауға барлығы 26 кандидат ұсынылса, оның 18-і өзін-өзі, 8-ін саяси партиялар ұсынған. Сайлауға саяси париялар мен сенім білдірген адамдар қатарынан 96 байқаушы және 7 БАҚ өкілі байқау жүргізді. Барлық сайланған депутаттар жоғары білімді, оның ішінде 1-уі әйел болса, қалған 7-уі ерлер. Сондай-ақ, олардың 2-уі бизнес өкілі, 2-уі жеке кәсіпкер, 3-уі білім саласының өкілі, 1-уі ауылдық округ әкімі. Сайланған депутаттардың орташа жасы 49,3 құрайды, - деді Ғ.Қапақов.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан