Қазақстан • 31 Қазан, 2017

Алматыда «Жаңғырту 3.0: Рухани жаңғыру» ат­ты дөңгелек үстел өтті

557 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы «Достық үйінде» Ал­маты қаласы әкімді­гі­мен және Еуразия­лық интеграция инс­ти­тутының ұйымдас­ты­руымен «Жаңғырту 3.0: Рухани жаңғыру» ат­ты сараптық кезде­су­лердің жалғасы ретінде өңірлік дөңгелек үстел өтті. 

Алматыда «Жаңғырту 3.0: Рухани жаңғыру» ат­ты дөңгелек үстел өтті

Дөңгелек үстел барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалпы­ұлт­тық алты негізгі жобаларының бірі саналатын «Туған жер» жобасының Алматы қала­сын­да жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Ғалымдар, саясаттанушылар, ғылыми сарапшылық қоғамдастықтың, саяси партиялардың, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың және жас­тар ұйымдарының өкілдері мен студенттер қатысқан іс-шарада Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов, Еуразиялық интеграция инс­титуты директорының орынбасары Наталья Калашникова, Алматы қаласындағы «Ру­ха­ни жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Гүлнәр Қоңырова, Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология институтының профессоры, тарих ғылымдарының док­торы Ахмет Тоқтабай, Сор­­бон­на-Қазақстан инсти­ту­ты­ның Халықаралық қаты­­нас­тар кафедрасының меңге­ру­шісі, профессор, сая­си ғы­лым­дар докторы Жомарт Сим­тиков, «Барбанг» күрдтер қауымдастығының пре­­зи­денті Князь Мирзоев, «Абай-ақпарат» қоғамдық қоры­ның вице-президенті Айдос Сарым, Білім және ғы­лым министрлігі Ғылым коми­тетінің Философия, саясаттану және дінтану институты ди­ректорының орынбасары, фило­логия ғылымдарының док­торы, профессор Серік Нұр­мұратов сынды зиялы қауым өкілдері мен қоғам бел­сен­ділері өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын барысында сөз алған Еуразиялық инте­гра­ция инс­титуты директо­ры­ның орынбасары Ната­лья Калашникова аталмыш институт жүргізіп жат­қан «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын талқылау бо­йынша сарапшылық кездесулер өңір­лік ерекшеліктерді ескере отырып, бағдарламаның іске асырылу барысы туралы сарапшылардың, жұрт­шы­лықтың пікірін жинақтап-қорытуға мүмкіндік бергенін, бұған дейін республикалық және өңірлік деңгейде осындай 8 кездесудің өткенін атап өтті. «Бағдарламаның түп негізі – ел Президенті ұсынған 6 жобаны іске асыру арқылы қоғамды жігерлі жаңғыру жолына түсіру. Аталмыш алты жоба – қоғам алға дамуының негізгі күштері болмақ. Бағдарламаның өзі қоғамдық санамызды, дәстүрлерді, құндылықтарды, ортақ тарих пен тарихи жадты ескере отырып, қалыптастыру ісінде қазақстандық брендке айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, «Туған жер» жобасының зия­лы элита көп шоғырланған Алматыда да іске асырылуы туған еліміздің имиджін нығайтуға, өз қаламызға, елімізге деген махаббатты арттыруға, жаңа мүмкіндіктер көзінің ашылуына оң әсерін тигізетіні анық. «Рухани жаңғыру» жобаларын іске асыруға әрбір қазақстандық азамат белсене атсалысса, ұлттық сананың нығая түсетіні кәміл», деді Наталья Павловна.

«Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының негізгі алты бағыттағы жобаларын іске асыру бойынша еліміздің әр өңірінде құрылған жобалық кеңселер қатарында Алматы қаласы жобалық кеңсесі ашыл­ғаны белгілі. Алматылық жо­балық кеңсе басшысы Гүлнәр Қоңырова «Туған жер» арнайы жобасының іске асырылуы туралы баяндамасында аталмыш мекеменің басты жұмыстарының бірі – ел арасында «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасын жүзеге асыру тетіктеріне қатысты түсін­дірме жұмыстары жүргізі­летінін атап өтті. Кеңес құра­мына Алматы қаласы әкімді­гінің 15 құрылымдық және ведомствоаралық бөлім­ше­лерінің өкілдері жобалық әдістемелерді дамыта отырып, олардың дұрыс жүргізілуін бақылап, жобалық басқарма жұмыстарына қадағалау жасайтынын жеткізген Гүлнәр Қалелқызы: «125 жобадан тұ­ра­тын реестр мен 87,4 млрд тең­геден астам қаржыны құрай­тын іс-шаралар тізімі бекітілді. Олардың ішінде, 900 мың­ға жуық адам қатысқан 50 іс-шара ойдағыдай жүргізілді. «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы қайта жаңғырту бағ­дарламасының негізгі бөлімі болып табылатын «Туған жер» бағдарламасы қаладағы білім беру, эко­ло­гия сынды кең көлем­дегі жұмыстармен қатар, мәде­ни нысандарды, тарихи ескерткіштерді қалпы­на келтіру мен жалпыұлт­тық патриотизмді қалып­тас­тыруға бағытталған ауқымды істер­дің атқарылуын қарас­тырып отыр», деді.

Дөңгелек үстел барысында қаладағы әлеуметтік нысандарды салуға әлеуметтік-қайырымдылық іс-шаралар өт­кізуге қолдау көрсетіп отыр­­ған меценаттардың арқа­сында қала аудандарында бірқатар мектептер мен емханалар, спорттық нысандар, тұрғын үйлер салынғанын, бұл игі істер алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып өткен Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов 2017 жыл – Жастар жылы деп жарияланғанын, соған байланысты қараша айының соңында мегаполисте жас­тар­дың жаңа идеялары мен ұсыныстарының ашық алаңы ретінде Жастар саммиті өткі­зілетінін жеткізді.

Басқосу қатысушылары «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­масын жан-жақты талқылау, ұсыныстар әзірлеу мен сапалы түрде іске асыру үшін осындай сұхбат алаңдары мен сарапшылық кездесулердің жұмысы маңызды екенін атап өтті.

Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ