Өндірістік өсім 4,7 пайызды құрап, 1077 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Өңірдегі 9,1 пайыздық деңгейді құраған өңдеу өнеркәсібінің өсімі Қазақстан аумағында көш басында тұр. Облыс экономикасына тартылған инвестицияның есептік кезеңде 21,1 пайызға өскен нақты көлемінің индексімен де алдыңғы қатарда. Ауыл шаруашылығының жалпы көлемінің өсімі 3,9 пайызды құраса, әрекет ететін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10,9 пайызға, бөлшек сауда айналымы 7,9 пайызға жеткен.
Б.Сапарбаев құрылыс көлемінің өсімі 10,3 пайызды құрап, 390 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін айтты. Жыл соңында 650 мың шаршы метр тұрғын үй иелеріне тапсырылмақ. «Облыстың салық салу негізі де артты. Өткен жылмен салыстырғанда көлем 72,5 млрд теңгені құрап, 7 пайызға өсті. Экономика өсімі мен әлеуметтік тұрақтылық өңірдегі жұмыспен қамтуды сақтап қалуға мүмкіндік берді. Жұмыссыздық 4,8 пайыз деңгейінде. 15,2 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін 1,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады», деді әкім.
Б.Сапарбаев Президент бастамасымен посткеңестік кеңістікте жаңа технологиялар мен инвестицияларды тарту және енгізу мақсатында өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің сәтті ұйымдастырылғанын әңгімеледі. «Халықаралық маңызды шараны 140 мың актөбелік көрсе, оның 92-сі – облыстың анағұрлым ірі кәсіпорындарының өкілдері, 20 мыңнан астамы – өз өндірістеріне алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу мүмкіндіктерін үйренген кәсіпкерлер», деді ол. Нәтижесінде облыстағы кәсіпорындар көрмеде ұсынылған 18 үздік әлемдік технологияны таңдап алған. Бұл жаңалықтарды қолдану өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, энергияны тұтыну мен еңбек өнімділігінің тиімділігіне оң әсерін тигізбек. Оларды трансферттейтін инвестиция көлемі – 43 млрд теңге.
Әкім баспасөз мәслихатында облыстағы үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы жобаларының жүзеге асырылуы туралы да айтты. «Екінші бесжылдық аясында 127 млрд теңгені құрайтын инвестицияға 1,8 мың жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 16 жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде инвестициялар көлемі 18,5 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылды. Мыңнан аса жұмыс орны құрылды», деді баяндамашы. Бұдан басқа 2017 жылы бағдарламадан тыс 13,8 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба жоспарланған, оның ішінде 6,7 млрд теңгені құрайтын 4 жобасы іске қосылып, 265 жұмыс орны ашылған.
Облыс әкімі Қазақстанның батысында алғаш ашылған «Aktobe Medical Center» медициналық кластерінің дамуы жайында әңгімеледі. Бүгінде онда 400-ден астам жоғары технологиялық ота жасалса, оның ішінде бауыр мен бүйректі ауыстыру сынды күрделі оталар да бар. Жаңа технологияларды әзірлеу мен енгізудегі әріптестер – Оңтүстік Корея, Польша, Түркия және басқа елдердегі ең мықты дәрігерлер мен медициналық ұйымдар. «Медициналық кластерді дамытуда мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетіктері белсенді қолданылуда. Мәселен, түрік инвесторлары 2,4 млрд теңге тұратын жедел жәрдем стансасын салды. Бірегей құрылыс нысаны – офтальмологиялық аурухананың, 300 келушіге арналған қалалық балалар стоматологиясының құрылысы аяқталуға жақын, позитронды-эмиссионды томографиялық орталықтың, екі қалалық емхана мен 20 денсаулық сақтау мекемесінің құрылыс жұмыстары жүруде. Аймақта денсаулық сақтау саласында МЖӘ бойынша жалпы құны шамамен 14 млрд теңгені құрайтын 26 нысан салынуда», деген Б.Сапарбаев барлық нысанда ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған неміс, оңтүстіккореялық, аустриялық және түрік өндірушілерінің инновациялық әзірлемелері мен жабдықтары қолданылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар өңірде өмір сүру ұзақтығын арттыру, жалпы және нәрестелер өлімінің азаюы байқалады.
Облыста биыл мемлекет-жекеменшік әріптестігі мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында шамамен 50 млрд теңгеге жуық инвестиция көлемін құрайтын 125 жоба жүзеге асырылуда. «Мемлекет басшысы МЖӘ дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бұл механизм ұзақ мерзімді перспективаға облыстық бюджетке деген жүктемені азайтып қана қоймай, халықтың әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін жақсартады», деді өңір басшысы.
Аймақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін және мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытуда жетекші орында тұр. Мәселен, «Қазхром» ТҰК» АҚ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 1,5 млрд теңгені құрайтын балаларды дамытуға арналған шығармашылық академиясын салған. «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қаражаты есебінен Қазақстанның батыс аймағындағы ең ірі өнер орталығы ірге қалаған. «Сәби» жеке қайырымдылық қорының инвестициялары арқасында «Мейірім» әлеуметтік бейімделу орталығы тұрғызылды. Қазақстанда баламасы жоқ бұл кешенде 16-29 жас аралығындағы балалар үйінің тоқсаннан аса түлегі жұмыс істейді. Бердібек Сапарбаев жиын барысында тілшілер сауалдарына жауап берді.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»