Қазақстан • 31 Қазан, 2017

«Әулет» жобасы бірге бизнес бастаған ағайындардың алауыздығына жол бермейді

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда отбасылық бизнес түрлерін дамытуға бағытталған «Әулет» жобасы жұмысқа кірісті. Мұндай бастама ресми түрде бірінші рет қолға алынып отырғанымен, елімізде ерлі зайыптылардың немесе ағайын адамдардың, апалы-сіңлілердің бірлесіп жүргізіп отырған шаруалары жоқ емес. 

«Әулет» жобасы бірге бизнес бастаған ағайындардың алауыздығына жол бермейді

Ендігі жерде туысқандарымен бизнес бастауға бел байлағандарға арнайы курстарға қатысып, кеңес алып отырған артықтық етпейді. Арнайы бизнес-тренингтерде ағайындар арасында кикілжіңдер мен түсініспеушіліктер туындатпаудың жолдары түсіндіріледі.

Бұл жобаға Қазақстандағы отбасылық бизнес қауымдастығы мұрындық болып, Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы мен бірқатар ұйымдар қолдау танытып отыр.

Қалалық кәсіпкерлер палатасы алдымен әлемге танымал отбасылық бизнес біздің елімізде оншалықты дамымағанын алға тартты. Отандастарымыз ақшаға бола туысқандық қарым-қатынасты бұзып алмас үшін ағайындарымен бірге іс бастауға абайлап қарайды. Алайда статистика басқаша сөйлейді. Шет мемлекеттерде экономиканың дамуына отбасылық бизнестің беріп отырғаны қомақты көрінеді. Мәселен, АҚШ-та әрбір бесінші компания отбасылық бизнеспен айналысады. Еуропа елдеріндегі, Жапониядағы компаниялардың 80 пайызы туыстардың ортақ кәсібі болып табылады. Ал Үндістандағы кәсіпорындардың 95 пайызы отбасылық бизнеске тиесілі.

«Біз бизнес пен туыстық байланыстар қабыспайды деген таптаурын көзқарасты жою үшін «Әулет» жобасын қолға алдық. Елімізде мұндай тренингтер алғаш рет өткізіліп отыр. Жобада кәсіпкерліктің көздері ғана емес, серіктестермен, яғни туыстармен тату қарым-қатынасты сақтай отырып, жұмыс пен табысты қа­лай бөлу керектігі үйретіледі. Бізде жиі қайта­ла­натын қателік – келісімшарттарда тарап­тар­дың құқықтары мен міндеттері атап көрсетілмейді. Әрі отбасылық кәсіпорын әдет­те ұзақ жылға есептелген бизнес екенін ұмытпаған жөн. Осы ретте аз ғана та­бысты емес, компанияның абыройын есте сақ­таған абзал», деп атап өтті Қазақ­стандағы отбасылық бизнес қауымдастығы үйлес­тіру кеңесінің төрайымы Яна Исакова.

Сонымен, оқу курстары 28 қазаннан бас­талды. Кездесу алты апта бойы әр жұма сайын өтеді. Өңірлердегі ағайындар әрі-бері шапқыламай-ақ, тренингтерге онлайн режімде қатыса алады.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»