Әлем • 31 Қазан, 2017

Си Цзиньпин қолындағы билік Қытайдағы реформаны одан әрі тереңдете түседі

1054 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Си Цзиньпиннің қолындағы биліктің бағыты Қытайдағы реформаны одан әрі тереңдете түседі. Қытай көш­басшысының «Қытай арманы», «Бір белдеу – бір жол» секілді үлкен бас­та­ма­ларының орындалуы және Бей­жіңде Жібек жолы тақырыбындағы тұрақ­ты форум­дарды өткізу мен басқа да бағыт­тар ерекше серпін алады.

Си Цзиньпин қолындағы билік Қытайдағы реформаны одан әрі тереңдете түседі

Оңтүстік пен шығыстағы көрші елдер үшін қазан айы қызу оқиғаларға толы болды. Қырғыз Республикасында 15 қазан күні жаңа президент сайланса, одан кейін Қытайдағы басты саяси науқан – Қытай Компартиясы XIX съезінің аяқталғанына да аптаға жуық уақыт болып қалды.

Әр бес жыл сайын өтетін съезд қоры­­тын­дысы бойынша, бұл жолы ҚХР жоға­ры саяси элитасы шамамен жар­т­ы­­сы­на жуығы өзгеріп, жаңарған. Де­ген­­мен алдын ала болжанғандай, ел би­л­ігі­не ҚХР-дың қазіргі төрағасы Си Цзинь­пин­нің жақын жақтас­тары шо­ғыр­­ла­на түсті. Қытай билігіне келген жаңа көш­бас­шы­лар ендігі жерде алдағы бесжылдықта елді бас­қаратын болады. Бұл дегеніміз қа­тары көбейе түскен Си Цзи­нь­пин би­лігі­нің серіктестерімен Қазақ­станның өзара әрекеттесуін нығайта түсе­тіндігін біл­діреді. Өйткені бүгінгі таңда Қытай – біз үшін экономикалық тұр­ғы­да сенімді серік­тес елдің бірі. Өт­кен съез­дің қорытындысы Қы­тай­дың ішкі саяси процесінің басым бөлі­гін қызық­тыр­ғанымен, өз кезегінде ол сырт­қы саясатқа да өзіндік ықпалы барын ай­қын сездірді. Сондықтан да бізге Қытай Ком­партиясының ХІХ съезінің негізгі ш­ешім­деріне мұқият көңіл бөлгеніміз жөн.

Кадрлар бәрін шешеді

Көптеген қытайтанушы маман­дардың айтуынша, бұл съезд болжап болмайтын құпия, қалтарысы көп күрделі науқан болды. Си Цзиньпин өзі тағайындалған бес жыл ішінде биліктің барлық тармағын өз қолына шетсіз-шексіз шоғырландыра алды. Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы науқанның ауқымды жүргізілуі оған биліктегі өзінің қауіпті қарсыластарын ығыстыруы­на мүмкіндік берді. Нәтиже­сінде Саяси бюроның Тұрақты коми­тетіне 26 қазан күнгі БАҚ өкілдерімен кез­десу­ге ҚХР жоғары саяси органының 7 сая­саткері шықты. Алайда олардың ішін­де Си Цзиньпиннің мұрагері болмады. Бұл қалай болғанда да оның өз ұстанымын өткізіп, сенім артқан адам­дарын негізгі орындарға қоя алға­нын көрсетеді. Сондықтан кейбір сарап­шы­лар Си Цзиньпиннің маңына шо­ғыр­ланған құрамға қарап, оны Қытай им­ператорларының дәуірін еске түсі­ре­тіндігін айтады. Анығында Си Цзиньпин бүгінгі таңда шексіз билікке иелік етеді. Ол – ҚХР төрағасы, Компартияның бас хатшысы, Қытай әскерінің бас қолбас­шысы және Орталық әскери кеңестің төрағасы (ҚХР жоғары әскери органы).

Ал енді жоғары деңгейдегі лауазым иелері жөнінде айтар болсақ, Сая­си бюро Тұрақты комитетінің жаңа құра­­мы мынадай үлгіде көрінді:  Ли Кэцян – үкіметтегі өз рөлінде қалды. Ли Чжаншу – Си Цзиньпиннің жақын серік­тесі, Чжао Лэцзи – Ван Цишанның орнын басып, Си Цзиньпиннің сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы науқанының жаңа «бақы­­лаушысы», Ван Хунин – Сидің кеңес­­шісі әрі теорияшыл идеологі, Ван Ян – білікті экономист әрі реформатор және Сиге жақын адамдар ретінде сана­ла­­ды, сондай-ақ Хань Чжэн де осы санатта.

Осылайша құрамы 25 орындық Саяси бюроның Тұрақты комитетінде екі өкілі ең жас мүше ретінде орын табады деген сәуегейлік шындыққа айналды. Оның бірі – Ху Чуньхуа еді. Тіпті осыдан бес жыл бұрын кейбір мамандар оны 2022 жылдан кейінгі Қытайдың жаңа көшбасшысы ретінде атаған. Өйткені Ху Чуньхуа Қытай көшбасшылығынан кетіп жат­қан Ху Цзиньтаоның төртінші тол­қыны ретінде таңдалған болатын. Қазірше ол Қытайдың ең ірі про­вин­цияларының бірі – Гуандунды бас­қарады. Ал съезд қар­саңында ғана комсомол фракциясының өзге көш­бас­шыларының бірі Сунь Чжэн­цай­дың тұтқындалғанын ескерсек, Ху Чунь­хуаның болашақ мансабының жарқын болатындығына сенім жоқ.

Қытайдың екінші бір жас көшбас­шы­сы – Чэнь Миньэер. Кейбір сенімді де­рек­терге сүйенсек, ол Си Цзиньпин­нің қам­қорлығындағы адам. Бірақ ол Тұрақ­ты комитет құрамына енбеді. Осылайша Си Цзиньпин мұрагерлігіне қатысты мәселе тағы бес жыл мерзімге, партияның келесі съезіне дейін қалды.

«Партия ядросы»

Компартияның тұтас тарихында бұл съезд Си Цзиньпиннің кадрлық әлеуетінің орнын нықтап, рөлін арттыра түсті. Құрылтайдың соңғы күніндегі қорытынды жиында барлық делегаттар ҚКП жарғысына Си Цзиньпин идеясының енуіне бірауыздан дауыс берді. Ауызекі тілде «Си Цзиньпиннің идеясы» деп аталатын құжат 14 тармақ­тан тұрады және ол бірден «Мао Цзэ­дунның идеясы» мен «Дэн Сяопиннің теориясын» еске түсіреді. Ендігі жерде ҚХР-дың барлық құжаттары мынадай сөздермен басталатын болады: «Ұлы қытай социализмінің туын жоғары ұстап, марксизм-ленинизмді жетекшілік­ке алып, Мао Цзэдун идеясы мен Дэн Сяопин теориясын, үштік өкілдік идеясын маңызды санап, даму­дың ғылыми тұжырымдамасына сүйе­ніп, қытай социализмінің ерекше­лігін Си Цзиньпин идеясымен ұштас­тырып дәуірдің жаңа кезеңіне өтеміз…».

Сонымен қатар бұл съезд Сидің жеке рөлінің артқанын айрықша сез­дірді. Өйткені «Партия ядросы» деген атақ ресми түрде оның атына телін­ді (мұның алдында аталым тек Мао Цзэдун мен Дэн Сяопин­ге ғана тиесілі еді). Осылайша Қытай­дың мем­лекеттік басқару про­цесі көшбас­шыға тәуелденген сәтте Си Цзинь­пиннің дәстүрлі жетекке алу үрді­сі жаңғырды. Мао Цзэдун мен Дэн Сяопин кезінде де осылай бол­ған еді. Мұндай көшбасшылардан соң жоға­рыдағыдай жазылмаған қағида­лар бекі­тіліп, Қытай­ды басқару ісінде тол­қын­­ды ауыстыру жүйесі мен ұжым­­дық басқару үрдісі қалыптасты. Сөйтіп Си Цзиньпиннің соңғы шешімі бірінші мен екінші қағи­даны іс жүзінде өзгертті.

Ұзақ мерзімді мақсаттар

Партия съезінің басым бөлігі ішкі саяси жағдайларға негізделіп, эко­но­микалық даму жоспарларына жоба­ланған. Бейжіңдегі Халық жиналысы үйіне жиналған 2000-нан астам деле­гаттың алдындағы Си Цзиньпин пар­тия­ның жаңа мақсаттарын жария етті. Қытай басшысы әсіресе екі жаңа мезгілді ай­рықша атады. Әңгіме 2035 жылға қарай Қытай әл-ауқаты мен технологиялық және экономикалық жағы­нан дамуы «байыған батыс аймақ­тың орта тұрпаты» деңгейіне жету жөнінде өрбиді. Ал 2050 жылға қарай Қытай билігі АҚШ-ты қуып жетіп, барлық көрсеткіштерімен ба­сып озып қуатты, демократияға негіз­дел­ген жаңғыртылған мемлекет құруды көздейді.

Сонымен бірге Қытай билігі өзінің экономикалық үлгісін аз-аздап трансформациялау мақсатын алға қойып отыр. Си билігінің қолындағы ең күшті шоғырлану – жаңа мемлекеттік құры­лымдар есебінен қамтамасыз ету арқылы «Жұмысшы топтар жетек­шілерінің» құрылуы болды. Мұндай топтар партиялық органдар мен ҚХР Мемлекеттік кеңесінен жоғары деңгейде қойылды және топ жетек­шілері Си Цзиньпиннің өзіне ті­ке­лей бағынышты. Осының барлығы да Қытай көшбасшысы мен оның коман­дасына ел ішіндегі реформа­лар­ды жүзеге асыруда бақылауды толық қолда ұстауына мүмкіндік береді. Әсіресе Си командасының бақылау­сыз қалған мем­ле­кеттік аппараттың ауқымды рефор­масында өзінің билігін бекемдеу арқылы Дэн Сяопиннің «реформа мен ашықтық» бағдары аясында қабылданған Қытайдың саяси-экономикалық даму үлгісін өзгерту мақсаты жатқаны жасырын емес.

Алдыңғы үлгінің орнына экспорттық әлеуетке негізделген инфрақұрылымдық құрылыс пен сыртқы саясаттағы енжар­лық әрекеттер  белсенді әрекеттерге сеп болмақ. Әсіресе соңғы жылдарда Қы­тай­дағы инфрақұрылымдық жарылыс инфрақұрылымдық көпіршікке айналып, жергілікті үкіметті 3,4 трлн АҚШ долларына қарызға кіргізді. Соған орай Қытайдың ІЖӨ қарызы 2016 жылы 280 пайызға дейін жоғарылады. Сондықтан да ҚХР жетекшілері экономикалық даму­дың үлгісін анағұрлым трансформациялау жөнінде шешім қабылдады.

Трансформация үлгісі экономи­ка­дағы өндірістік қуаттылық көрсет­кіші мен ішкі тұтыну мөлшерін орта деңгей­де теңестіреді деп болжануда. Сол себеп­тен де Қытайдың алпауыт кәсіпорын­дарының ауқымды бөлігін елдің сыртқы аумағында әрекет ету тиімділігімен тү­сін­­діруде. Жалпы, бұл съезд алда эко­но­­ми­каны біртіндеп баяу­лату тапсыр­ма­сы тұрғандығын растап берді. Мұн­да­ғы басты ұран «жоғары ырғақты өсуден – жоғары сапалы дамуға көшу» болмақ.

Мүмкіндікті жасырудың күні өткен

Қытай реформасының «әкесі» Дэн Сяопин өзінің қытай жетекшілеріне арнап жазған өсиетінде сыртқы саясатта өздерін салмақты ұстап, халықаралық ұйымдарға кірмеу мен басқармауды, өзінің мүмкіндіктерін сездірмеуді және сәтті сағатты күту қажеттігін айта­ды. Ұлы реформатордың мұндай пос­ту­латтары бүгінде өткен күннің ен­ші­сінде қал­ды. Қытайдың жаңа көшб­ас­шы­лары өздерінің сәтті сағаты келген деп шешім қабылдаған сыңайлы және ақырын­дап сыртқы саясаттағы позицияларын да трансформациялай бастағаны байқалады.

Бейжіңнің нақтыланған кей қадам­дарынан бүгінгі Қытайдың қазіргі аме­ри­калық орталықтандырылған шеңбер­дің баламасы болатын әлемдік тәртіп құруға бағыт алғаны көрініп тұрған­дай. Си Цзиньпин өзінің бағдарламалық сөзінде «енді Қытайдың өзгелер  жаса­ған ережемен жүретін ел емес, өзі жа­са­ған ережемен жүретін державаға айналатын сәт келгенін» жеткізді және ол өз­ге­лерге де арналуы бек мүмкін деді. Оған қоса ол өзінің басшылыққа келген 2013 жылдардағы сөзінде Си Цзиньпин сыртқы саясаттағы енжарлық әрекеттің аяқталғанын, Қытайдың өз серік­тестерінің талаптарына сай мүм­кін­діктерінің де өскенін мәлімдеп, соған орай қарым-қатынастарды да қайта құры­лымдауды бастады. Мұндай саясат­тың жарқын көрінісін біз әлемнің 65 елін қызықтырған 2017 жылғы «Бір бел­деу – бір жол» бастамасынан байқаймыз.

Бейжіңнің сенімді қадамдары Азия – Тынық мұхиты аймағы елдері ұйы­мындағы әрекеттерінен де айқын сезі­леді. Өйт­кені аталған ұйымның тер­­ри­­тория­лық дауларында Қытай билігі өзінің қатаң әрі принципшілдік пози­цияларын ұстан­ды. Осының бәрі де халықаралық істер мен өткен съезд қорытындысында Қытай салмағының сөзсіз артып келе жат­қанын айғақтайды. Осыған қарап оты­рып, енді бұл Қытай­дың жақын көр­шілері үшін нені білді­реді деген сауалға жауап іздеп көрейік.

Съезде қабылданған кадрлық, эко­но­­микалық және саяси өзгерістер көрші елдің расында жаһандық алып дер­жаваға айналғанын көрсетеді. Жаңа «әлеуетті шоғыр» саяси ойынның бұ­рын­­ғы ере­жесіне бағынбай, өздерінің нұс­қасын ұсынады. Ал Си Цзиньпиннің қолындағы биліктің бағыты Қытайдағы реформаны одан әрі тереңдете түседі. Қытай көш­басшысының «Қытай арманы», «Бір белдеу – бір жол» секілді үлкен бас­та­ма­ларының орындалуы және Бей­жіңде Жібек жолы тақырыбындағы тұрақ­ты форум­дарды өткізу мен басқа да бағыт­тар ерекше серпін алады.

Жемқорлықпен жан-жақты күресу одан әрі жалғаса беретіні анық. Си Цзиньпин билікті өз қолына шоғыр­ландырғанымен, өзінің қарсылас­тары­ның «көзін құрту» мақсаты толықтай орын­далған жоқ. Бұған Шанхай фрак­циясының өкілдері мен комсомолдардан құралған топ пен Сидің адамдары арасындағы элитааралық күрес дәлел болады. Си Цзиньпиннің күш салғанына қарамастан, осындай қырғи-қабақтың салдарынан Саяси бюроның Тұрақты комитетінің құрамына екі комсомол (Ли Кэцян и Ван Ян) мен бір ғана шанхайлық (Хань Чжэн) енді.

Съездің қорытындысынан «Бір белдеу – бір жол» бастамасының терең­­детілген орындалу жұмыстарын бай­қау­ға болады. Аталған бастама партия жар­ғы­сына енгенін айта кеткен жөн. Яғни бастаманың орындалуына бәрі кірі­се­ді деген сөз. Ендігі жерде бұл – Си Цзинь­пиннің бастамасы ғана емес, бүкіл партияның мақсаты.

Міне, бұлар алдағы уақытта «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Орталық Азиядағы Қытай компания­ларының белсенділігі арта түседі дегенді білдіреді. Біздің аймақта қытайлық компаниялардың жаңа нарыққа енуге талпынысын күтуге болады. Сонымен қатар оларды мұнай-газ саласындағы жобалар, пайдалы қазбалар және көлік пен инфрақұрылым саласындағы жаңа жобалар да қызықтырады.

Қытайдың Орталық Азияға қатысты стратегиясы таяу жылдары айтарлықтай өзгеріске ұшырай қоймайды. Бейжің өз мүддесін орындау үшін икемді саясат жүргізеді. Осы орайда негізгі бағыт ретін­де «Бір белдеу – бір жол» баста­масы­ның нақты жобаларын орындауға баса назар аударылады.

Руслан ІЗІМОВ,
саясаттанушы