31 Қазан, 2017

Заңдарымыз ізгілікке жол ашады

360 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Азаматтық істерді талапқа сай жүргізуді ізгілендіру жалғасуда. Сол арқылы заңдарымыз жетілдіріліп, азаматтық, қылмыстық істі қарау барысы оңтайландырыла түспек. Сөйтіп кез келген істің құрамында қылмыс фактілерінің бар-жоғы анықталады. Мұның бәрі күткендегідей жүзеге асып жатса, кез келген адамның құқы ойдағыдай қорғалады деген сөз.

Заңдарымыз ізгілікке жол ашады

Бүгінде бұл ізгіліктің де ауылы алыс емес екені белгілі болды. Тәуел­сіздік алғалы бері адам құқын қорғау саласындағы даму барысы аса қарқынды жүргізіліп келеді. Қазір оның қарқыны тіптен артты. Бұл бағытта, біздің ойымызша, құқық қор­ғау органдары аянбай тер төгіп келе­ді. Соның ішінде прокуратура ор­ган­дары ұсынған жобалар көңілден шығуда. Соған сәйкес, үстіміздегі жылдың шілде айында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы­ның кейбір заңнамалық актілеріне олар­ды Қазақстан Республикасы Конс­­титуциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң­нама­ны талқылап, одан келер пайда мен соңғы нәтижені саралаған сарапшылар да оңды пікір білдіріп отыр.

Осыған орай бүгінде азаматтық істер бойынша шығарылған сот шешімдеріне шағымдану тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Азамат­тық процестік кодекстің жаңа редак­циясындағы 435-бабына сәйкес Бас прокурор іске қатысушылардың өті­ніштері негізінде кассациялық нара­зылықты тек қана прокурордың қаты­суымен қаралған азаматтық істер бо­йынша сот актілеріне келтіре алады. Азаматтық процесстік кодекстің 54-бабының 2-бөлігінің талабына сәйкес прокурор 3 жағдайда азаматтық іске қатысуға міндетті болды. Олар егер сотпен қаралатын дау мемлекеттің, қоғамның және өз-өзін қорғай алмайтын азаматтың мүддесіне қатысты болса ғана. Яғни, Бас прокуратура басқа даулар бойынша заңды күшіне енген сот шешімдеріне кассациялық наразы­лықты келтіру туралы өтініш­терді қарамайды. Сондықтан азаматтар мен заңды тұлғалар заңды күшіне енген сот актілеріне дау айтуды көздеген өтінішті Жоғарғы сотқа ғана бере алады. Сондай-ақ тағы бір айтарымыз, ерекше жағдайда сот актілері Жоғарғы сот төрағасы енгізген ұсыныс негізінде де қаралуы мүмкіндігі жоққа шығарылмайды.

Аталған «Қазақстан Республика­сының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға бұдан басқа да көп­теген өзгерістер енгізілгені белгілі. Ал бұл өзгерістер барысы, ең алдымен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қатысты дейміз. Өйткені мұндағы басты жаңалықтардың бірі әкімшілік істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің Жоғарғы сотта қаралу тәртібі өзгеруінде болып тұр. Не өзгерді? Өзгергені сол, енді соттың қаулылары Жоғарғы соттың төрағасы мен Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасы төрағасының бастамасымен қайта қаралуы мүмкін.

Бұл үшін әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған тұлға, жәбірленуші, олардың заңды өкілдері, қорғаушы­лары, заңды тұлғалардың өкілдері Жоғарғы сотқа ұсыныс енгізу туралы өтінішхат беруге құқылы. Бұл жерде тағы бір ерекше тоқталар жайт, аталған мұндай құқық орта­лық мемлекеттік органдарға да бе­рілген. Алайда, ұсынысты енгізу туралы өтінішхат Әкімшілік кодекстің 848-бабында көзделген талаптарға сәйкес болуы тиіс. Бұл ретте процеске қатысушылар міндетті түрде өтінішхаттарда мыналарды көрсетуі қажет: қабылданған қаулыны орын­дау адамдардың өміріне, денсау­лығына, не елдің экономикасы мен қауіпсіздігіне орны толмас ауыр зардаптар алып келуі мүмкін екендігін; қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатыны дәлелденіп көрсетілуі тиіс.

Демек, біздің елімізде құқық қор­ғау саласын жетілдіру жан-жақты талап­тарға сай қарастырылып келе­ді деген сөз. Сонымен қатар атал­ған негіздер Әкімшілік кодекстің 851-бабының 5-бөлігіне сәйкес, Жоғар­ғы соттың заңды күшіне енген сот акті­лерін қайта қарау үшін ерекше жағдайлар болып табылатындығын назарға салғымыз келеді.

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»