Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитеті депутаттарының Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің басшылығымен кездесуінде 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасының орындалу жайы талқыланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Талқылауға Сенат депутаттары, Сенат аппаратының, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің, Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарының, Астана қаласы әкімдігінің жауапты қызметкерлері, сумен қамту кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Талқылауды аша келіп, Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Болат Жылқышиев 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижелері туралы қысқаша әңгімеледі. Кездесу барысында бұл мақсатқа мемлекет бюджетінен 205,4 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінгені, ұзындығы 12 935 шақырым болатын ауыз су құбырының желісі іске қосылғаны айтылды. Шалғайдағы 3417 ауыл мен село таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сенатор, сондай-ақ 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру барысына назар аудара отырып, бұрынғы бағдарламаларды орындау кезінде анықталған жетіспеушіліктерді республикалық маңызы бар Астана және Алматы қалаларын сумен қамтамасыз етуде ескеру қажеттігін атап өтті.
Кездесуде Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы А.Орман, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының орынбасары С.Дембай және Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Қ.Смағұлов сөз сөйлеп, депутаттардың сауалдарына жауап берді.
Кездесуді қорытындылаған Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Б.Жылқышиев 2002-2010 жылдарға арналған таза ауыз су жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға теріс әсер еткен олқылықтарға «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыратын құрылымдар басшыларының назарын аударып, осы сала бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар, инвесторлар мен ғылыми институттар және үкіметтік емес сектор арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру қажеттігін атап көрсетті.