Қазақ жерінде шымылдығын түріп отырған бұл шараның негізгі мақсаты – түркітілдес елдермен рухани ынтымақтастықты арттыра отырып, түркі дүниесінің мәдени құндылықтарын деректі фильмдер арқылы жариялау, насихаттау және бір-бірімен ақпарат алмасу. Былтыр Түркияның Ыстанбұл шаһарында бастау алған кинофестиваль, биыл екінші рет Қазақстанда ұйымдастырылып отыр. Бұл фестиваль келер жылы Түрікменстанда, одан әрі Қырғызстан, Башқұртстан, Татарстан сынды жалпы алғанда алты түркітілдес елде өткізілетін болады.
«Бірлік – тілде, сенімде және істе» ұранымен Түркі дүниесі Журналистер федерациясы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлесіп ұйымдастырып отырған шараға кәсіби және әлі таныла қоймаған жас режиссерлердің үздік туындылары ұсынылды. Алуан түрлі тақырыпты қаузаған фильмдер жаңашыл бағытымен, соны мазмұнымен көңіл аударды. Мысалы, фестивальдің көрерменге ұсынған алғашқы туындысы «Таза ақпарақ» фильмі ұшқан құс, жүгірген аңнан өзге тырс еткен тіршілік нышаны білінбейтін Тундрадағы әппақ әлемнің ішінде өмір сүріп жатқан қарапайым якут отбасы туралы толғайды. Өркениеттен жырақта, жыл он екі ай сірескен ақ қар мен кішкентай ғана күркенің ішінде өмір сүріп жатқан бір үйлі жан не үшін тіршілік кешіп жүр? Өмірге келген соң арқалайтын мұраты бар ма? Жалпы олар не туралы ойлайды? Шанаға ит жегіп, қарағай құлатып, от жағып, айналасына алқа-қотан отырып әңгімелескеннен басқа не өнері бар? Адамзат көшінің арбасынан түсіп қалғандай аспан мен жерден өзге айналасында ешнәрсесі жоқ осы бір үйлі жан әлем туралы толғана ала ма? Режиссер қарапайым отбасының өмірінен түсірген 20 минуттық фильмі арқылы өркениетке жұтылып бара жатқан бүтін бір ұлттың тағдырына араша сұрағандай...
Фестиваль аясында қонақтар мен студенттерге бұдан өзге Қазақстан режиссері Мірғалым Есіркеповтің «Иштван Қоңыр Мандоки», Башқұртстан режиссері Таңшолпан Буракееваның «Башқұрт әйелінің киімі», қырғыз елінен келген студент режиссер Кубанычбек Қасиеттің «Оймақ», Татарстаннан келген Салават Юзеевтің «Көкшел құс» фильмдері таныстырылды.
Түркі дүниесі деректі фильмдері ІІ Халықаралық кинофестивалінің құрметті қонақтары ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов, Түркі дүниесі Журналистер федерациясының президенті, ORT ТV президенті, Түркі дүниесі деректі фильмдер кинофорумы комитетінің президенті Мендерес Демир, Түркі дүниесі Журналистер федерациясының фестиваль директоры Туран Шахин, Ыстанбұл муниципалитет мәдени жобасының директоры Салих Доган, Кино федерациясының директоры Мехмет Гулеруз, Түркия премьер-министрі Ынталандыру қорының өкілі Иса Йайла, тағы басқа түркиялық танымал киномамандар мен бауырлас елдердегі өнер өкілдері қатысты.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ