01 Қараша, 2017

Мейрамбек Беспаевқа хат немесе Ақаңның аманаты, алаңдауы туралы

2058 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Руға емес – рухқа, ағаға емес, Алашқа қызмет ететін кездерің

Мейрамбек Беспаевқа хат немесе Ақаңның аманаты, алаңдауы туралы

Мейрамбек!
Бұл хатты Кенжеғалиға, Бек­жан­ға, Жанғалиға да арнап жа­зуға болар еді. Олар әр кезде айта­рын ай­тып, жазарын жазып, ой-пікі­рін, көзқарасын түрлі кеңістікте батыл білдіріп жүретін жігіттер. Оның үс­тіне бұл оң мен солын танып-білген, қалыптасқан буын. Ал сен Мейрамбек бұл кеңіс­тікте өзің айтқандай, саяқтау жүресің. Тү­неукүнгі «Сенбілік серуенге» бер­ген сұхбатың мені осындай ой­ға табан тіретті. Оның үстіне се­нің ойыңды өлшеп-пішіп, талғам-танымға, парасат-пайымға иек артып сөйлейтін бейімділігіңді байқадым. Адамды тану, бардың бағасын білу қат болып тұрған мына күндерде ой кемелдігі, пікір салмақтығы ауадай қажет. Бұл қасиеттің сенің қа­та­рың­ның бойынан көрініс беруі ма­ңызды. Бұл мінез тереңдігі сенің буы­ныңда өзің дұрыс аңғарғандай, жетіңкірей бермейді. Ендігі әңгіме осы тұстан тарқайды. 

Әредіктегі жазғаныңнан бір аңғар­ғаным, сен кітап оқығанды жақ­сы көреді екенсің. Әсіресе әдеби кітап­тарды. Бұл жазбаңнан үкілі үзіндіні «Алматы ақшамында» жариялап та жібергенбіз. Мен осыған қуандым. Қадыр ағамыз «мен жақсы ақын бол­маған күнде жақсы оқырман болар едім» деуші еді. Сен, сірә, жақсы музы­кант қана емес, жақсы оқырман да болар­сың. Бұл ойымды тәптіштеп отыр­ғанымның бір себебі бар. 

Бұрынырақта кішкентай даусы бар, бір танымал өнерпазға бір белгілі қалам­гер кітабын беріп жібереді. Кітап­та ол туралы бір эссе бар. Әл­­гі неме беріп жіберген кісіден «қай бе­тінде?» деп сұрапты. Ал ен­ді осындай бір кітапты тауысып оқы­маған адамдар (мен оған кәміл сенімдімін) хабар жүргізеді, жұртқа ақыл айтады. Жалпы, осы кезге дейін байқағаным қазіргі руханият адамдарының басым көпшілігі оқымайды (Бүгінгі А.Әшімұлы, С.Оразбайды айтпағанда, кешегі Н.Жантөрин, Қ.Жәкібаев көп оқи­тын, интеллектуал болатын. Жалпы, бұл осы буынға, одан кейін­гілерге тән, ең керек қасиет еді). Оның ішін­дегі таланттыларының тез тоқы­рауының басты себебі осы. Содан соң «толыспаған толстойлар, шала шекс­пирлер» (М.Әуезов) болып қалу оп-оңай, аз-кем талантына сеніп, ұмыт қалады (ұлып қалады десек те бол­ғандай ма қалай?).
Мейрамбек!

Алла тағала саған қуаты күшті әншілік дарын, орасан зор музыкалық қабілет берді. Оның үстіне сен көп оқитын болып шықтың. Әдебиетті көп оқыған адамнан әдепсіздік шық­пайды, алысқа барады. Осы тұрғыдан келгенде сен өз буыныңның алды болуың керек деп болжаймын. Кей­біреулерде дауыс бар, дарын бар, бірақ мынадай даралықтар жоқ.

Ойды ой түртеді. Мынадай да жағ­дай болады. Таяуда бір концертке барып отырып, әлгінің сценарийінде тағы да бір танымал қаламгердің сөзінің өріп жүргеніне аса таңырқай қоймадым. Бұл сауатсыздық пен жау­ап­сыздық қайдан бастау алып жатыр деп ойлайсың? Қазір теле­арнаның көбі Мұхтар Әуезов айт­қандай, қаптаған сәл пысықтар, сәл шенеуніктер (Жайдарманшылар, шоумен­дер, т.б.), демек, тиіп қашып оқы­ғандар, дилетанттар десе болады. Бұлардан тереңдік, зиялылық, бекзаттық күту қиын. Оларда елдік, ұлт­тық мүддеден гөрі, тобырлық мүд­де­ге, санаға қызмет ету басым. Ор­та, бағыт, деңгей басқа. Сондықтан бұ­лар­­дан есті сөз, тірі сөз шыға бер­­мейді. Демек, телеарнаң қандай болса, халқың да сондай болады деген сөз ғой. Телеарна – миллион­дар ауди­ториясы емес пе? Бұған жол беріп отырған кейбір телеарна бас­шыла­рының да деңгейі сол шамалас деп түйін жасауға болады. Кешегі Илья Жақанов, Ақселеу Сейдімбек, Жәні­бек Кәрменов, Әшірбек Сығай, Сағат Әшім­­бай, Жарқын Шәкәрім хабар жүр­гізгенде бұның бірі де бол­ған жоқ. Кілең іргелі, іңкәр ізденістер ғана есімізде қалды. 
Мейрамбек! 

Бұдан шығатын қорытынды – ен­дігі жерде әнші болу аз, қайраткер, күрес­кер болуға тура келеді. Ұлт үшін. Жұ­тылып кетпес үшін. Жүсіп­бек Ай­мауы­товта «Мәдениет деге­німіз – өз ұлтыңды өліп-өшіп сүю» деген сөз бар. Өнердегі әлгіндей әлең­кідей жа­лан­ғандарды жалғанның жа­рығына шығару керек. 

Сен «Жұлдызды жекпе-жекте» осы қадамды бастап кеткендей көрін­дің. Бірақ бұдан да тереңдеу керек. Кешегі алтын сағаларға, тұнық бас­тауларға оралып отыру керек. Атаусыз қалған аяулы дарындардың атын жаңғырту керек. Өз жолын, дау­сын таба алмай жүрген әншілердің бағын ашатын да қа­зіргі гүжілдеген «гөй-гөйлер» мен безілдеген «беу-беу­лер» емес, солардың әндері.

Сен оқуыңмен қоса «әнді ерттеп, күйді мінген» (Жарылғапберді) жігіт­сің. Бір сұхбатыңда тұлпар мен есек жайында айтыпсың. Тура, тұр­пайылау айтылғанымен, ойың дұрыс. Дұрысы тұлпар мен мәстек дейікші. Тіпті тұздықтай түссек, ғалым мен залымның, қаймақ пен май­мақтың, мақау мен сақаудың да заманы бұл. 

Қазіргі қоғамда не әрі емес, не бері емес, орташа «таланттар» үстемдік құрып тұр. Олар билікке де, басқаға да қай жағынан тиімді. Өйткені бұлар ешқашан жел жағыңнан жүрмейді. Бәріне келіскіш, иілгіш. Демек, бас­қасын былай қойғанда, өнердегі ең қауіпті топ осы. Олар өнерді күнкөріс құралына айналдырып алған. Неге олай? Себебіне үңіліп көрейін. Қазір қаптаған топ-топ әншілер көбейді. Қарап отырсаң келіскен, сымбатты жастар. Қайда барсаң да бұлғаң-бұлғаң билеп, бақырып-шақырып ән айтады, әсіресе тойларда жол бер­мейді. Бірде Сәбит Оразбай ағам: «Шіркін, осылардың ішінде елге керек қаншама құрылысшы, философ, математиктер жүр-ау» деп еді. Расында солай ғой. Әркімнің өз ісімен айналысуы деген біздің елде көптен бері тоқтады. Себебі ақша табу керек. Ал қазір жеңіл жолмен, жан қинамай, мұрын қанамай ақша табатын жер – той-томалақ. 

Сымбатты, салтанатты, текті, бекзат, ақсүйек өнер осылайша өз болмысынан алыстап бара жатыр. Бұл бізді өз-өзімізден алыстату деген сөз. Теледидар тойханаға айналып кетті. Тойда жүрген әншісымақтар теледидарда да өріп жүр. 
Мейрамбек! 

Шақырған жерге бара беретініңді дұрыс айтыпсың. Бәйге атын көк­парға салмайды есті қазақ. Кешегі өзіміз бала күннен өнері мен өресіне сүйсініп өскен талай таланттарды осы той-томалақ, көңілжықпастық, мақ­тау-мадақ жұтып жіберген. Олардың тағдырын той шешкен. Мақ­­тау таудан құлаған тасқын тә­різді, оған сеніп қалу оңай, ал одан шығу қиын. Сондықтан өзің сұх­­ба­тыңда аңғартқаныңдай, орташа талант­тармен, әбден шегіне жеткен дәл­дүріштікпен күресті күшейтпей, ұлттың рухани кеңістігін «Авгийдің ат қорасынан» (Ғ.Мүсірепов) тазар­туға қазірден кіріспесеңдер, ертең өздерің соның «жемісін» көресіңдер. Бүгінде экономикалық қылмыспен күрес жолға қойылған. Ал рухани қыл­мыспен күресу неге ойымызға кі­ріп шықпайды. Өнері өспеген елдің өзі де өспей қалады. Өзің рухтас жігіт­тердің басын қосып, дербес, тәу­елсіз қуатты көркемдік кеңес құру керек. Көркемдік кеңес түрлі сала өкіл­дерінің (музыка, әдебиет, бейнелеу, балет, сәулет, журналистика, т.б.) басын біріктіруі қажет. Оған «қа­ба­са­қалдар» мен «көксақалдарды» жолат­паған жөн. Ұлттың рухани-мәдени тегін, төлтума болмысын те­рең бағамдайтын бағдарлама дайындап, оны тиісті министрлікке балама ретінде ұсыну керек. Елбасы айтқан «қа­зақстандық мәдениет» негізін осыдан алу керек. 

Бүгінде өзің құралпы жігіттер өнер­дің белгілі бір биігіне шық­тың­дар. Оны деңгей дейді. Сендердің дейгейлерің қазіргі эстрадаға азды-көпті өлшем болып тұр. Ендігі жерде сол деңгейді ұлтқа қызмет етуге, ру­хани күреске толайым арнау қа­жет. Біз жұртты адастырмайтын жолға бастайтын пайғамбар, әулие емес­піз. Олардың заманы өткен. Бірақ тұл­ғалылық, таны­малдылықтың (жұрт­тың шын ықыласына бөленген таны­­­мал­дылықты айтып отырмын) өзі сол жолда едәуір шаруа атқа­руға ықпалы болады. Ендігі жер­де таны­малдылық ұшақта, ауру­ханада тиген жәрдемімен шектелмей, ұлттық мүддеге қызмет жасауы керек. 

Шерағаңның «ең алдымен хал­қыңа тигізер пайдаңды ойла, өз пай­­даң соның ішінде» дейтіні бар еді. Бірен-сараны болмаса, қазіргі баспасөздің өзі бөспесөзге айналып барады. Сондықтан жеке тұлғалардың сөзі өтімді. Бір кісінікі – мақұл, екі кісінікі – ақыл. Қазіргі жастардың кейбірі «аға» деген аурумен ауырып, «бәтіңке бауға» айналған. Ағаның айт­қанының бәрі ақыл бола бермейді. Өзгенің қателігінен үйрене отырып, өзіңе сену керек. Өзгенің пікірімен өмір сүру өте қауіпті құбылыс. Руға емес – рухқа, ағаға емес, Алашқа қыз­мет ете­тін кездерің. Мағжан сенген жастар – сендер. 
Қазіргі телеарнадағы жаңалық­тардың тақырыбы – өртенген үй, жылаған бала-шаға, асылып, атылып өлген, қаңғыбас адамдар, наша­қорлық, жезөкшелік, жем­қорлық, т.б.

Ал көрермен болса соның арасынан жылт еткен сәуле іздеп шаршады. Одан қалаберді қаптаған шоу, сериалдар. Құдайақы осылардың ілуде біреуіне болмаса ешқайсысына көңіл толмайды. Сериалдарда өнер болмайды. Телеарналардағы әншілерге, әнге арналған хабарлар бір-біріне сыпыра мақтан айтып, тамсанумен тарқасады. Ғажап, керемет деуге қымсынбайтын болдық. Ілуде бір айтылатын аяулы сөздердің қадірі қашты. Одан қала берді бір жәй әнші жоқ. Бәрі жұлдыз және олардың бай­лығы, ға­жайып, ертегідей тұрмысы, көп­қабатты үйлері, иті, мысығы, жыртық джинсиінің санына дейін сөз болады. Халыққа осы керек пе?! Отыздан енді асқан азғантай даусы бар, әлі оңы мен солын танып білмеген, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен ботатірсек біреулер үлкен арналардан, радиодан «халқым» деп сөйлейді. Міне, біздің деңгей осы. Мұны айтып отырған себебім, сен өзіңді тек өнерпазбын, жақсы музыкантпын деп есептейді екенсің.

Сонша танымал бола тұра осындай қанағатпен шектелесің. Кішілік, кісілік деген осы. Ал сендегі талантты әлгілерге берсінші, төбемізді ояр еді. Демек, сендер (С.Майғазиев, Ж.Жексенұлы, Т.Серіков, Р.Әлқожа, Е.Нұржан, «Қоңыр» тобы, т.б.) бардың бағасын, рухани қана­ғатты білесіңдер. Демек саған, сендерге енді өнерпаздықпен қоса, рухани күрескерлікті де құстың қос қанатындай алып жүру керек болады. 

Кең талант, кем талант деген болады. Кең талант өзінің келешегіне алаң­дамайды. Ал кем талантта таны­малдылығымды жоғалтып аламын ба деген қауіп күшті болады. Сол себепті әр жерден жылтың-жылтың етіп жанталасады. Жанталастың соңы жағымпаздыққа, жарамсақтыққа ұла­сады. Бұл – өнердің ата жауы. Міне, талантты адамдардың кейбірі де қазір осындай жолды таңдаған. Ал сен­дердің танымалдылықтарыңа енді қауіп жоқ, қайта ол қайраткерлікке, ағартушылыққа ұласып, елге қыз­мет етуі керек. Елбасының өзі бағ­дарламалық мақаласында айтқан­дай, «егер жаң­ғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса ол ада­суға бас­тайды». Сондықтан сендердің қа­­сиетті жұмыстарың сол адасумен алысу. 

Есі­ме бір жағдай түсіп отыр. 1995 жылы Жапонияда болдым. Он төрт шаһарын араладым. Бір күні Токиода келе жатыр едік, пошымы өзгеше үйге көзім түсті. Бас­таушыдан «бұл не үй?» деп сұрап едім, «кіріп шығайық, сосын түсі­несіз» деді. Әр тұста жамырап жас­тар отыр. Қызу пікірталас. Шамасы 25-35 арасындағы жастар. «Бұлар не деп қызылкеңірдек болып жатыр» деймін ғой. Сондағы әлгілердің ойы «Жапонияны қайтсек алға сүйрейміз, мына дәстүр тозды, мына жаңалық ескірді, жаңасын ойлап табу керек» дегенге саяды. Ал біздегі клубтарда не болып жатқанын сендер жақсы білесіңдер. Көрдіңіз бе, өрімдей жастар елдің келешегін ойлап шырылдап жатыр. Ал біздің осы жастағы адамдар «халқым» деп сөйлеп, сандалып жүр. Мемлекет басшысы жиі айтатын қазақстандық патриотизм, интеллектуалды ұлт тәрбиелеу үлгісі осы емес пе? Әрине сендер ол жас­тан асып кеткен шығарсыңдар, бірақ дер шақтарың екенін түсіну керек. Ол үшін біреуден, құзырлы орындардан көмек сұраудың қажеті жоқ, өз ойыңды, пікіріңді іркіп қалмай, қоғамдық орта қалыптастыру қажет. Ой терең болсын. Интеллектуалдық биіктік басты нысана, өлшем болуы керек. Қадыр айтқандай, «рухани биік кісі – ұлтының ұйытқысы». Өйткені біз отбасы, ошақ қасының әңгімесіне әбден тойғанбыз. Елбасының атақты бағдарламалық мақаласының негізгі мұраты да халқымыздың биік мәде­ниетіне, рухани кемелдікке қол жет­кізуді көздеу емес пе?! 

Журналист үшін әлдеқандай болмаса, жабық тақырып деген бо­ла бермейді. Соның ішінде өнер ме­нің негізгі стихияма айналған. Де­мек, мұрныма исі барады. Қазақта «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген белгілі сөз бар. Ал енді осы сөзге «Әнші көп болса, ән арам өле­ді» деп жиендік жасауға тура ке­ліп тұр. Ән салған жақсы-ау, бірақ қазір солардың бәрі эфирге шығып кетті ғой. Тіпті одан-бұдан әуен құрап, ұрлықы тірліктермен айналысатын біреулерді Шәмшінің қасына апарып қойғанда бетіңнен отың шығады. Әрине халтура ешқашан өлмейді, бірақ оның бетін қайтаруға, ығыстыруға болады. Ол үшін өздерің сынды биік деңгейдегі жастар бірігуі керек. Бұл бір мансап, атақ, қызмет қуып саясатпен, не болмаса түсініксіз тірліктермен емес, өз ісіңмен, нақты іспен айналысу деген сөз. Мақсат тек қана ұлт руханиятының жағдайы болуы қажет. Рухани өрісті кеңейтетін, барақаттандыратын арнайы клубтар құрылып, ән театры, басылымдар, т.б. ашылып ой-пікірдің қан базарына айналғаны жөн. Белгілі-белгілі, өзекті деген тақырыптарды алып, үлкен сөз, үлкен ой айтылып, тиісті орындардың назарын аударып, ұсыныс-пікірлерді екшеп, іріктеп сонда жіберген абзал. Егер оған жауап болмай жатса, түрлі әлеуметтік желілерді іске қосу керек. Сонда одан халық та хабардар болып отырады. Қоғамдық ойдың өрісі кеңейеді. 

Кеңес тұсында Алматыда рухани қажетіңді өтейтін бірлі-жарым орта болатын. Соның бірі – М.Әуезов мұражайындағы Халық университеті еді. Университетті профессор Р.Бер­дібаев ағамыз басқарды. Онда талай марқасқалармен кездесулер, керемет қоңыр кештер өтетін. Бізді өсірген сол орта, сол әңгіме еді. Ал енді осы рухтағы ғажайып кештердің бүгінде өрісін кеңейту қолға алынса, қаптаған арам шөптермен күресудің бірден-бір жолы осы ғой. Рухани жаңғыру деген осы емес пе?! 

Ұлт құндылықтары, ұлттық өнер жаңа форматта жаңғыруы тиіс. Ол өмірдің талабы, рухани сұра­ныс­қа орай өзінің алтын бастауына жаңарып, жаңғырып қайта ора­лып отырады. Бұл – заңдылық. Біздің ұлттық өнер қазақстандық мәде­ниеттің бастауында тұруы керек. 

«Тірі даусымды сағындым» деп жылаған әжептәуір әншіні де көр­генбіз. Аз күндік атақ пен даңққа малданып кеткен әлгінің жылағаны маған буырқанған бураның көз жасын көргендей әсер етіп еді. Сон­дықтан сенде Құдай берген талант пен танымалдылық бар, енді соны жанкешті еңбекпен жалғастыру керек. Демек, тек әншілік қана емес, түрлі аспектідегі салмақты ой, пікір­дің өнерді одан сайын өрістетіп, елді рухтандыратынын бір сәтке естен шығармау қажет.

Ұстазымыз аяулы Ақаң – Ақселеу Сейдімбек өзінен керемет музыкант шыға­тынына көзі жете тұра, ұлт руха­нияты үшін оның әр саласына олжа салып, ғылымға, ұлт рухын биіктететін сан-салалы тірліктерге араласуға тура келгенін жиі айтушы еді. Демек, саған Алла тағала берген өнерін қайтып алмайды, сенің рухани күрескер болуың да міндеттеледі. Бұл – Ақаңның біз­ге қалдырған аманаты да еді. Біз осы төңіректе талай күндер кеңес құрған­быз. Есесіне Ақаң қазақ руханиятына бағыт-бағдар болар қаншама бекзат дүниелер беріп кетті. 

Бұл хат («Өнер – адамдармен сырласу» – Мусоргский) ақылым асып-тасқаннан емес, ұлтты ұлы ететін, әкең мен шешеңдей дана дәс­түрлі өнер­дің биігі аласарып бара жат­қанына алаңдап, көңіл кеңістігін бұлт шалғанда жазылып қалды.

Бәрі де өтеді, хан да өтеді, қара да өтеді. Халықты адастырмайтын, алға апаратын Темірқазық ол сенің атаның күшімен, ананың сүтімен сіңген саф өнерің, төлтума болмысың. 

Ойланайық, шырақ! 

Құрметпен,

Қали СӘРСЕНБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері