– Азамат Рахманқұлұлы, Қазақстан – Иордания қатынастарының қазіргі таңдағы жалпы жағдайын қалай сипаттар едіңіз?
– Екі елдің ынтымақтастығы өзара дипломатиялық байланыстар орнатылғаннан бері тұрақты түрде дамып келеді. Оған мемлекеттер басшыларының екіжақты форматта және әртүрлі халықаралық алаңдарда, сондай-ақ түрлі деңгейлердегі тұрақты кездесулері барынша оң ықпалын тигізуде. Осы уақытқа дейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Амманға 2006 және 2009 жылдары ресми сапарлары өтті. Иордания Королі Абдалла II Астанаға алты рет келді.
Осы арада айта кетейін, өзара байланыстардың негізі 1993 жылы ақпан айында Хашимит Корольдігінің ханзадасы Раад бен Зейдтің Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында қаланған болатын. Осы сапардың қорытындысы бойынша еліміз бен Иордан Хашимит Корольдігінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды орнату туралы хаттамаға қол қойылды.
Иордания тарапы Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі жетекші серіктес ретінде қарастыра отырып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы бастамаларын қолдап келеді. Астана мен Амман арасындағы ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары өзгеріссіз қалып отыр.
Мәселен, Амман ресми Астананың барлық ірі халықаралық бастамаларына қолдау қөрсетуде, оның ішінде ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу барысындағы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі Ислам ұйымы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі шеңберіндегі бірлескен іс-қимылдарды атап көрсетуге болады. Сонымен қатар Иордания жағы Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы күш-жігерін жоғары бағалай отырып, АӨСШК аясындағы белсенді әрекеттерін жалғастыруда.
– Жалпы, бүгінде қос тарап өзара ынтымақтастықтың қандай негізгі бағыттарына ерекше көңіл бөліп отыр?
– Саяси тұрғыдан Қазақстан мен Иорданияның сириялық дағдарыс, араб-израиль бейбіт реттеу процесі, халықаралық терроризмге қарсы күрес, ядролық қаруды таратпау және тағы басқа да көптеген халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша көзқарастарының ұқсас екенін атап өту қажет. Елдеріміздің жаһандық өзекті проблемалар бойынша, әсіресе, қауіпсіздік және сын-қатерлерге қарсы күрес саласындағы ұстанымдарының жақын болуы халықаралық ұйымдар шеңберінде тығыз өзара іс-қимыл жасауға септігін тигізуде.
Корольдік Қазақстан сияқты дінаралық үнқатысудың және этноконфессиялық төзімділіктің белсенді жақтаушысы болып табылады. Осы ретте Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезі жұмысына Иордания монархының жеке қатысуын, Қазақстан өткізетін съездерді Амманның тұрақты қолдайтынын атап айтқым келеді. Әлемдік деңгейде дінаралық диалогты нығайту мәселесіндегі екі ел көшбасшыларының ұстанымдарының үндестігі Қазақстан мен Иордания арасындағы екіжақты қарым-қатынастың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Бүгінде иорданиялық «Hikma Pharmaceutical PLC» компаниясы фармацевтикалық препараттарды Қазақстанда өндіру бойынша ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға кірісті. Осыған орай, зауытта шығарылатын жоғары технологиялық препараттардың біздің елде баламасы болмайтынын айтқым келеді. Шығарылымға жоспарланған дәрі-дәрмектердің бағасы өзге мемлекеттерден экспортталатын аналогтармен салыстырғанда қолжетімді болады. Осы ауқымды жобаны іске қосу жақын арада жоспарлануда. Жобаның алдын ала құны 40 млн АҚШ долларын құрайды.
Сонымен қатар қос ел арасындағы келешегі зор бағыттардың бірі ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық болып табылады. Ауыл шаруашылығы Иордания экономикасының дәстүрлі саласы болып есептелінеді. Дегенмен, ауыл шаруашылығы өндірісі бұл елдің азық-түлік қажеттіліктерін қамтымайды.
Халық санының артуы және Сирия мен өңірдің басқа да тұрақсыздық орнаған жерлерінен босқындардың келуі салдарынан Иорданияда азық-түлік мақсаттары үшін бидайға сұраныс өсуде. Бидайдың жалпы қажеттілігі жылына шамамен 2,5 млн тоннаны құрайды. Ал арпаға деген қажеттілік – 780 мың тонна. Бүгінгі күні бұл елдің Ақаба қаласындағы Еркін экономикалық аймақта жаңа терминалдардың ашылуымен осындағы портта бір уақытта шамамен 100 мың тонна астық қабылдауға және сақтауға мүмкіндік туды. 2017 жылы арнайы астық терминалы 200 мыңнан астам тонна қабылдауға дайын болады. Жалпы, қазақстандық бидайды мұнда жеткізу ісі ынтымақтастықтың оң әлеуетіне ие.
Сонымен қатар қазіргі уақытта, мал шаруашылығы да екі ел арасындағы сауда ынтымақтастығының тиімді бағыты болып табылады. Иорданияның етке деген жалпы сұранысы жылына шамамен 52 мың тоннаны құрайды. Бұл орайда Қазақстан Иордания нарығын мал шаруашылығы өнімімен қамтамасыз етуге өзінің үлесін қоса алар еді. Көкөніс өсіру Иордания ауыл шаруашылығының ең дамыған саласы болып табылатынын ескере отырып, иорданиялық кәсіпкерлер қысқы кезеңде Қазақстанға көкөністер мен жемістерді экспорттауға қызығушылық танытып отыр.
Қазақстан мен Иорданияның білім беру және әртүрлі салалар бойынша мамандар дайындау саласында ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігі бар. Бүгінде елімізде жалпы медициналық мамандықтар бойынша Иордания студенттерін оқыту үшін гранттар ұсыну туралы мәселе қарастырылуда.
Өткен жылдың қаңтарында Қазақстан Қорғаныс министрінің Амманға сапары барысындағы келісімдерге сәйкес, әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту саласында бірталай маңызды жоспарлар бар. Жақын арада әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім өз күшіне енді.
– Иордания Королінің біздің елімізге жасап отырған бүгінгі сапарының мақсаты қандай?
– Жоғары мәртебелі Абдалла ІІ-нің елімізге келуі Иорданияның Қазақстанмен қатынасын барынша кеңейтуге бағытталған. Сапар аясында саяси диалогты күшейту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және өзара инвестицияларды ынталандыру мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.
Сонымен қатар халықаралық және аймақтық өзекті тақырыптар, Еуразияда, Таяу Шығыста және жалпы дүние жүзінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты одан әрі нығайту мүдделерінде сыртқы саяси келісімділікті тереңдету мәселесі бойынша пікір алмасу болады. Әлемде артып келе жатқан лаңкестік жағдайларға, сондай-ақ, осы қауіп-қатермен және діни экстремизммен күресу саласында одан әрі өзара әрекеттестікті қарастыру жоспарлануда.
Осы сапар Астана мен Амман қарым-қатынасының жаңа тарауын ашатынына және осы оқиға қазақстандық-иорданиялық достық қарым-қатынастың дамуын тереңдетуге, Иордания Хашимиттік Корольдігінің Орталық Азиядағы басты серіктесі ретінде біздің еліміздің рөлін нығайтуға мүмкіндік туғызады деп ойлаймын.
– Иордания бақылаушы ретінде Астана процесіне қатысуда. Иорданиялық тарап Сириядағы жағдайды реттеуде осы Астана алаңының үлесін қалай бағалайды?
– Иордания сириялық дағдарысты реттеудің белсенді жақтаушысы болып табылады, сондықтан осы жанжалдың барлық мүдделі тараптарымен диалог жүргізеді. Бұл елде сириялық миллионнан астам босқындардың тұратыны белгілі, олардың қаржылық шығындары елдің бюджетіне ауыртпалық түсіруде. Бұл экономикалық дамуға кері әсер етеді. 2012 жылы Қазақстан Иордания лагерьлерінде сириялық босқындарға гуманитарлық көмек көрсеткені туралы бөлек атап өткім келеді.
Иордания Женева келіссөздері шеңберінде саяси шешімге жетуге серпіліс беретін жан-жақты атысты тоқтатуға қол жеткізудің қажеттігін ескере отырып, Астанадағы келіссөздер процесінің маңыздылығын атап көрсетеді. Иорданиялықтардың пікірінше, Астана алаңы Сириядағы күресуші тараптар арасында түйісу нүктесін табудың тағы бір қосымша мүмкіндігін ұсынды.
– 2018 жылы екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толады. Осыған байланысты қандай шаралар ұйымдастырылмақ?
– Қазақстан мен Иорданияның дипломатиялық қатынастарының 25 жылдығына орай саяси қайраткерлердің, ғылыми және сараптамалық топтардың қатысуымен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру жоспарда тұр. Сонымен қатар Амман қаласында қазақстандық өнер қайраткерлері мен фольклорлық ансамбльдердің қатысуымен концерт ұйымдастыру көзделіп отыр. Сондай-ақ екі ел арасындағы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Қазақстанның ресми бизнес-делегациясының Иорданияға сапары ұйымдастырылмақ.
Қазақстанның Тәуелсіздік күніне және дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 25-жылдық мерейтойына орай ел басшылығының, дипломатиялық қорпустың және саяси іскер топтардың қатысуымен салтанатты қабылдау болады. Бұдан бөлек, Амманда Астана көшесін ашу мәселесі де қарастырылуда.
Әңгімелескен
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»