Қазақстан • 01 Қараша, 2017

Астанада «Қазіргі заманғы Қытай: мәселелер және жауаптар» атты семинар өтті

467 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Талдау орталығы мен Қазақстандағы Қытайды зерттеу жөніндегі орталығының ұйымдастыруымен «Қазіргі заманғы Қытай: мәселелер және жауаптар» деген тақырыпта семинар өтті. Онда ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй Қытай Коммунистік партиясы ХІХ съезінің негізгі қорытындылары туралы айтып берді.

Астанада «Қазіргі заманғы Қытай: мәселелер және жауаптар» атты семинар өтті

Қытай елшісі атап өткен­дей, 18-24 қазан аралығында өткен Компартия съезіне 2300-ден астам делегат­ қа­тыс­қан. Съезде 205 адам­нан­ тұратын орталық ко­ми­тет­тің жаңа құрамы сай­ланды. Құ­рыл­тайдың ашы­лу рәсімінде Қытай Ком­партиясының бас хат­шысы, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин «Жаңа дәуірде орташа дәулетті қоғам орнату ісінде шешуші жеңіске қа­лай қол жеткізіп, қытайлық ерекшелігі бар социализмнің ұлы жеңісіне қалай жетуге болады?» деген тақырыпта баяндама жасады.

«Қазіргі кезде әлемдік қоғамдастық съезде сөз болған мәселелерге өздерінің бағасын беріп жатыр, – деді елші. – Барлығын Қытай Компартиясының жұ­мыс жос­пары және оның нәти­жесі, сондай-ақ жаңа тарихи миссия­сы қызықтырады».

Қытай басшысының өз идеясын тұжырымдағанына келсек, онда «Жаңа дәуірде қытайлық ерекшелігі бар социализм құруды жалғастыру» қажеттігі баса айтылған. Бұл қытайлық ерекшелігі бар социализм орнату идеясының алдағы кезеңдерде де жалғаса беретінін білдіреді. Қытай дипломаты өз елінің алдағы уақыттарда даму қарқынына да тоқталды.

Оның хабардар етуінше, Қытай экономикасы барлық салаларда өсіп келеді. Бүгінде жан басына шаққандағы ІЖӨ сонау жылдардағы 200 доллардан 8 мың долларға жетіп отыр. Халықтың әл-ауқатын көтеру, жұмыссыздықты азайту, кедейшілікпен күрес партияның ең басты және негізгі мәселелерінің бірі болып табылады. Жылдар бойы жүргізілген жанды істердің нәтижесінде ел халқының орташа өмір сүру жасы 76-ға жетті.

Елші кезек күткен өзекті проблемаларды да ортаға салды. Оның айтуынша, Қы­тай елінде кедейшілік қамы­тын кигендер саны аз емес, ол 40 миллион адамға жуық­тай­ды. Олардың жағдайын жақ­сартуға арналған бағдарла­ма­лар бар. Бұл – өте күрделі мәселе. Дипломат соңғы бес жылда Си Цзиньпиннің басшылығымен жемқорлыққа қарсы күреске ерекше мән берілгенін де атап өтті, нақты мәліметтер келтірді.

 

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген
 Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»