ЕЭК төрағасы тұңғыш рет ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңес мүшелерінің алдында жасаған баяндамасын Еуразиялық интеграцияның іргесін қалаушы Қазақстан Президенті Н.Назарбаев болғанын атап өтумен бастады. Комиссия төрағасы қатысушыларға Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) қызметі мен басымдықтары туралы жан-жақты ақпарат ұсынды және осы күнге дейін ұйым шеңберінде жүзеге асырылған жұмыстарды атап өтті.
Ұйымның Жібек жолы экономикалық белдеуі аясындағы ынтымақтастығы мен аталған екі жобаның сауда-экономикалық қатынастарда бір-бірін толықтырғанын жеткізді. Сонымен бірге қазіргі таңдағы комиссияның біріккен энергетика және қаржы нарығын құру бойынша жұмысына назар аударды және Еуропалық одақ елдерімен аталған салада ынтымақтастық орнатуға шақырды. Т.Саргсян ЕАЭО-ның ЕҚЫҰ-мен де ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі болғанын мәлімдеді.
Еліміздің ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай Қазақстанның ЕАЭО-дағы басымдықтары мен ұйымға 2016 жылғы төрағалығында «Экономикалық дипломатия» мәселелеріне ерекше мән бергенін, сонымен бірге жуырда Сочиде өткен Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында ұйымның негізгі басымдығына айналған, Елбасының ЕАЭО шеңберінде «цифрлық форматқа» көшуге арналған ұсынысының қабылдануына назар аударды және аталған мәселе бойынша ЕҚЫҰ мен ЕАЭО арасындағы синергияның маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар елші ЕҚЫҰ ПА басшысы К.Муттоненнің жұмысын жоғары бағалады және Қазақстанға нәтижелі іссапарлар жасағанына назар аударды. Төрайымның маусым айында ЭКСПО-2017 көрмесінде ЕҚЫҰ стендінің ашылуына қатысуына, Астанада өткен ЕҚЫҰ Экономика және экологиялық форумының екінші жиналысында баяндама жасауына, тамызда «Жаңа ядролық қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл» тақырыбына арналған Пагуош конференциясына қатысуына алғысын білдіре отыра, Қазақстанда Парламент Сенаты және Мәжіліс төрағалары, Сыртқы істер министрі мен жоғары деңгейде бірқатар Үкімет өкілдерімен кездесу ұйымдастырылуы ЕҚЫҰ ПА-ға деген Қазақстанның ықыласын көрсететінін мәлімдеді.
ЕҚЫҰ Экономика және экология комитетінің төрағасы – Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілі Қ.Сарыбай 10 ай бойы атқарылған комитет жұмысы туралы есеп берді. Комитетке Қазақстан төрағалығы барысында транспорт, көші-қон, жақсы басқару, сыбайлас жемқорлықпен күрес, инвестициялық климат, сауда, өзара байланыстық, жаңармалы энергетика, тұрақты даму іспеттес мәселелер көтерілгенін және нәтижесінде ЕҚЫҰ министрлер кеңесінің қарауына экономика және қоршаған орта бойынша шешім жобалары енгізілетінін жеткізді.
Қазақстан делегациясының комитеттегі жұмысына Еуропалық одақ, АҚШ, Әзербайжан, Ватикан, Грузия, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Украина делегациялары жоғары баға берді.
Дайындаған
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»