Әлі есінде, мектептің соңғы сыныбында оқып жүрген кезі. Сабақтан үйге кіре бергені сол еді, таныс дауысқа құлағы елең ете қалды. Бірден таныды, Шымкентте тұратын анасының жалғыз ағасы. Кіре жарқылдай амандасты:
– Балам, анаң кешікті ғой, мектептен келетін уақыты болмап па еді?
– Асығыс па едіңіз? Қона-жатып кетпейсіз бе? Анам бүгін ата-аналар жиналысын шақырған, кешігетін шығар. Қаласаңыз қазір шақырып келейін.
– Қарағым, сөйте қойшы. Асығыс жұмыспен жүр едім.
Сөмкесін қойды да, киімін де шешпестен мектепке қарай аяңдады. Анасы мектепте мұғалім, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Әрі тоғызыншы сыныптың жетекшісі. «Бүгін ата-аналар жиналысын шақырдым, мені күтпеңдер», деген болатын.
Мектепке кіріп анасының сыныбына жақындады. Апасының таныс даусы, ренжіп жатқан сияқты ма қалай? Кібіртіктеп есіктің аузында тұрып қалды.
– Кешіріңіз сізді ренжіткім келген жоқ. Жасұланның тәрбиесін екеулеп қолға алмасақ болмайды. Қай жерде тәртіпсіздік жасалса, соның басы-қасында Жасұлан жүреді. Талай уәдесін де берді, бірақ ешқандай қорытынды шығар емес.
– Сіз-ақ түймедейді түйедей етіп. Балалықпен азын-аулақ бұзақылық жасаған шығар. Соған бола мені басқа ата-аналардан бөлек алып қалып. Балалардың бәрі менің Жасұланымдай-ақ болсын.
Ашулы әйел есікті қатты ашты да жұлқына шығып кетті .
Артынша жабырқау жүзді анасы да шықты.
– Сен әлі қайтпап па едің?
– Үйге қаладан Есен атам келді. Асығыс көрінеді. Сізге жолықпақшы.
– Олай болса, жүр қайтайық.
Анасы үнсіз ойланып келеді. Жасұланның анасымен сөйлескісі келген. Үміт артып отырған жалғыз баласы екен. Тәрбиесін қолға алайық дегенімен еш түсіндіре алмады. Баланың қарны тоқ, киімі бүтін болса болды деп үстірт ойлайтын адамдар мына заманда баршылық. Қанша қымбат болса да әперген киімнің тозатынын, таңертең тамақ ішкен баланың түсте қарны ашатынын, ал дұрыс берілген тәрбие баланың өміріне азық екенін ойлағысы да келмейді. Анасы осы жайтты қамыға баяндады.
Өмір әркімді өз ағысына салды. Бұл да анасының жолын қуып жоғары оқу орнын бітірді. Тұрмыс құрды. Бір ұл, бір қызы бар. Балалық шағы – бал дәурені өткен өз отбасына бүгінде өзі қонақ.
Жазғы демалысқа шыға сала анасының жағдайын сұрауға үйіне келген. Есіктен кіре бергенде екі көзі домбығып ісіп кеткен әйел үйден шығып келеді екен. Жүзі таныс сияқты. Артынан анасы көрінді. Лезде бәрі арқа-жарқа болды да қалды. Есен-саулық сұрасқаннан кейін жаңағы үйден шыққан әйелдің кім екенін сұрады.
– Қызым, есіңде ме, білмеймін, сендерден бір сынып төмен оқыған Жасұлан деген бала бар еді ғой. Сол жақында ұрлық жасап түрмеге түскен. Анасына кезінде қанша ескертіп едім. Өзіме кінә артып тыңдамап еді. Енді сол ісіне өкініп, кешірім сұрап келіпті. Сол кезде сізді тыңдағанымда басқаша болар еді деп өксиді. Жаным ашиды-ақ, бірақ қолдан келер не амал бар...
Тәрбие. Көзбен көріп қолмен ұстап болмайтын, белгілі бір жүйе мен қағидаға да сыймайтын ұғым.
Грек философы Эпиктет «Күллі ғажайыптың ішіндегі ең тамашасы жақсы тәрбиеленген адам», депті. Ендеше баланы қалай тәрбиелеу керек. Кейбір ғалымдар баланы ана құрсағында-ақ тәрбиелеуді жөн көреді. Дұрыс та шығар. Сонда бала құрсақта жақсы тәрбие көрмеді немесе балалық шағында дұрыс тәрбие берер адам болмады деп қол сілтей салуымыз керек пе?!
Бала ойнау керек, күлу керек, сабақ оқуы керек. Бәрі де керек. Бірақ әр нәрседе шектік деген ұғым қолданылуы керек. Белгіленген уақытта сабақ оқу, үй жұмысына көмектесу керек. Бір-екі сағат компьютер алдында отырсын. Таңертеңгілік уақытта спортпен шұғылдансын. Достарымен аралассын. Бәріне сырттай қадағалау қажет.
Міне, осылайша күнделікті белгіленген уақытта әртүрлі жұмыспен айналысқан баланың тәрбиесіз болып өсуі мүмкін емес. «Тәрбиесі жаманға жақсы ұстаздан пайда жоқ», дейді Сайф Сараи.
Адам баласына білім емес, ең алдымен тәрбие керек екенін «Тәрбиесіз берген білім құмға сіңген сумен тең», деп әл-Фараби де растаған. Демек, бұл тұрғыда ұстаздар қауымына артылар жүк пен атқарылар міндеттің зор екенін баса айтқымыз келеді.
Жақсыкүл СҮЛЕЙМЕНОВА,
№21 жалпы орта
мектебінің бейінді оқу ісі жөніндегі орынбасары
ТҮРКІСТАН