Елбасы Н.Назарбаев 27 қазан күні латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін бекіткені белгілі. Соның негізінде Үкіметке жаңа графикаға көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құру тапсырылды. Сонымен бірге жаңа қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуі 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен жүргізілетіндігі атап көрсетілді.
Жиын барысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасының «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойылуына байланысты, төмендегі жобалар жүзеге асырыла бастайтынын атап өтті.
«Біріншіден, Үкімет жанынан латын графикасын қазақ тіліне ендіру жөніндегі жұмыс тобы құрылады.
Екіншіден, сол графиканың емле-ережелерін жасайтын орфографиялық-лингвистикалық комиссияны құру. Латын әліпбиінің негізінде жаңа Орфографиялық ережелерді және қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздіктері әзірленеді. Латын әліпбиінің негізінде «Қазақ тілінің үлкен орфографиялық сөздігі» әзірленіп, шығарылады.
Үшіншіден, барлық нормативтік-құқықтық база ретке келтірілуі қажет. Содан соң оқу-әдістемелік, көркем және басқа да қажетті әдебиеттерді дайындау және оларды халыққа тарату, ғылыми-әдістемелік жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар әліпбиді қоғамдық орындарда және өңірлерде насихаттау жұмыстары қолға алынып, БАҚ саласында бірқатар жұмыстар атқарылуы тиіс. Жарнамалық жұмыстарды жандандыру керек. Арнайы портал және мәтіндерді латын графикасына автоматты түрде көшіретін конвертер әзірлеп іске қосылады», деді А.Мұхамедиұлы.
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек қазір елімізде латын әліпбиіне көшу үшін сынақ мерзімі жүріп жатқанын жеткізді.
«Осы аптаның соңына Алматыдағы Ұлттық кітапханамен бірігіп алғашқы сынақ орталығын ашамыз. Ол басқа қалаларда да, облыс орталықтарында да ашылатын болады. Мәселе әріп ауыстыруда емес, мәселе тілімізді өзінің табиғи заңдылықтарына қайта оралту», деді ол.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»