Ел Тәуелсіздігінің бір белгісі оның ономастикалық саясатынан көрініс табатыны белгілі. Бұл орайда көптеген оңтайлы істер атқарылып, халықтың көңілі өсіп қалғаны анық. Жалғыз мысал айталық. Тәлім тарихымыз қатталған Щучье ауданы осыдан екі жыл бұрын Бурабай болып өзгергендегі қуанышты елеулі оқиғалар санатына жатқыза аламыз. Шаттығымызды «Егемен Қазақстан» газеті «Атыңнан айналайын, беу Бурабай!» деген тақырыппен жалпақ жаҺанға жеткізген болатын. Бурабай бүгін тағы да сілкініс үстінде. Мұнда Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті ұйымдастырған «Өңірлердегі ономастика мәселелерін реттеу жолдары» атты республикалық «дөңгелек үстел» мәжілісі өткізілді.
Астана және Алматы қалаларындағы, барлық облыстардағы тіл басқармалары ономастика бөлімдерінің басшылары, Байланыс және ақпарат министрлігі жанындағы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ «Мекен-жай тіркелімі» ақпараттық жүйесінің мамандары, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиынды Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің басқарма бастығы Серік Сәлімов кіріспе сөзбен ашты.
Күн тәртібіне шығарылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында әзірленген «Тәртіп» жобасы және «Әкімшілік-аумақтық бірліктердің және геоним атауларын біріздендіру мәселелері туралы» республикалық «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бөлім бастығы Зәуре Әлімова мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Қадыржан Әбуовтің баяндамалары тыңдалды.
Оны талқылауға Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Алматы және Батыс Қазақстан облыстары тілдерді дамыту басқармаларының бастықтары Ғосман Төлеғұл, Роза Төлемісова, Жарасхан Наурызбаев, Гүлнар Битебекова, Жомарт Ерназаров, Алтынгүл Әбжәлиева мен Ақмола облысы Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Әлия Аманжолова қатысты. Мінберге көтерілген басқа да шешендер ономастика жөніндегі құқықтық негіздерді жетілдіру, оның қолданылу тетігін айқындап, іске асыру жолдарын әзірлеу, бұл ретте бұқара халықтың тілектерін ескеру жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
Бақберген АМАЛБЕК,
Ақмола облысы.