Себебін сұрасаң, олар әртүрлі сылтауларды алға тартады. Біріне электр энергиясы, екіншісіне жанар-жағармай бағасының тұрақсыздығы «кінәлі» екен. Тұтынушыларды ол жөнінде алдын ала хабардар етіп жатқан тағы ешкім жоқ.
Әйтеуір түсініксіз бір жағдай, түбіне жетіп болмайсың.
Таяуда бір танысымызбен жолығып қалдық. Пайдаланған электр энергиясына төлем жасап келе жатқан беті көрінеді. Жүзінен ашудың табын байқап, сабырға шақырып, істің мән жайын білмек болып, әңгімеге тарттық.
– Ай сайын тиісті мекемеге барып, пайдаланған электр қуатының ақысын төлеп тұрамын. Бүгін барғанымда қызметші қыз пайдаланған электр қуатына қосымша тағы да 70 теңге төлеуім керек екенін ескертті. «Не үшін?» десем, «көрсеткен қызмет үшін» дейді. Сонда қалай, ол бізге көрсеткен қызметі үшін ай сайын тұрақты еңбекақы алып отырған жоқ па? Мүлде миға сыйымсыз жайт. Әркім сонда өзінің ойына келгенін істей бере ме? Неге бізді тиісті орындар алдын ала себебін айтып, хабардар етпейді? Орынды іс болса, жағдайды біз де түсінеміз ғой.
Меніңше, бәрін «осылай екен» деп нарыққа жаба беруді қойған жөн тәрізді. Айталық, өмір сүріп жатқан аудан бойынша 60 мыңнан астам халықтың күнделікті өмірде электр қуатын тұрақты пайдаланатыны белгілі жайт. Осындағы 10 мыңның үстіндегі тұрғын үйде 11 мыңнан астам отбасы жоғарыда біз айтқан электр қуатын тұтынады екен. Сонда әр тұтынушыдан 70 теңгеден алғанның өзінде, ай сайын қанша қаржының мекеме кассасына түсетінін өзіңіз есептей беріңіз.
Біреудің қалтасындағы қаржыны санаудан аулақпыз. Алайда, бес саусақтың бірдей еместігі секілді, тұтынушылардың бәрі бірдей төлем төлеуге қабілетті емес екендігін де ескеруіміз керек емес пе?
Менікі дұрыс екен деп, өзім білермендікке салынып, заңды, заңсыз бүйректен сирақ шығара беру де жөн емес-ау...
Бір мезгіл халықтың жағдайына қарағанға да не жетсін?!
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
зейнеткер
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Созақ ауданы