Көптің көкейінде жүрген келелі мәселенің оң шешімін тауып іске асып жатқаны көңілдегі күдікті сейілтіп, болашаққа нық қадам басуға жетелейді деген зиялы қауым өкілдері ендігі кезекте тарихи бастаманың дұрыс іске асуына күш салу керек дегенге тоқталды. Бұл шешім көзі ашық, көкірегі ояу кез-келген азаматтың жан дүниесінің түбінде жатқан сарыла күткен арман. Сондықтан, Елбасы шегелеп берген тарихи шешімге қатысты сыңаржақ пікір білдіріп артқа тартудың еш мәні жоқ екенін айтқан белсенділер басқа да ұсақ-түйек мәселелер уақыт өте келе жолға қойылатынын тілге тиек етті.
– Латын әліпбиіне көшудің аса маңызды екенін еліміз жіті түсінді. Қазіргі уақытта латынға өтудің әдіс-тәсілдері жан-жақты талқылануда. Менің ойымша, латын әліпбиіне көшу мәселесін тәуелсіздікке пара-пар, егемендікке тең көріп, үлкен гуманитарлық қадам ретінде қабылдауымыз керек. Осы тұрғыдан алып қарағанда, пікірталастың өзін интеллектуалдық деңгейге көтеруіміз қажет. Бұл өз кезегінде, қазақ мәдениеті мен руханиятының да сапалы деңгейге көтеріліп кеңге қанат жаюына жол ашады. Осыған байланысты арнайы мемлекеттік комиссия құрылып қоғамда айтылып жатқан пікірлер жинақталып, бір ортақ келісімге келеді деп ойлаймын. Ұсыныстардың барлығы сарапталады. Латын әліпбиіне көшу – үлкен мәдени, рухани қадам. Алдағы екі жылда графика бойынша да өзгерістер болуы мүмкін. Ең бастысы – бұл маңызды саяси қадамды ел болып қолдаудың өзі бұл мәселенің қоғам үшін аса өзекті дүние екенін көрсетеді – дейді саясаттанушы Ерлан Саиров.
Басқосуда ел болашағы үшін жасалған тарихи қадамның маңыздылығы мен қатар алдағы уақыттардағы латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшудің жұмыс барысы туралы орамды ойлар да айтылмай қалған жоқ. Жиынға қатысушылар, ол үшін тек тіл саласының ғалымдары ғана емес, қоғамның сан-саласында қызмет ететін зиялы қауым өкілдері күш біріктіріп қарекет ету керек дейді.
– Мәселенің пісіп тұрған нақты дер шағында Елбасы жарлыққа қол қойды. Әйтпесе, тағы да быраз уақыт нақты ортақ пікірге келе алмай бұл мәселені созып жіберетін едік. Бауырлас елдердің тарихына үңілер болсақ, Түркия, Әзірбайжан мейлі Өзбекстан болсын латын әліпбиін енгізерде олардың ешбіріне бастапқыда оңай болған жоқ. Мәселен Әзірбайжан латынға көшкен кезеңде елде соғыс өрті тұтанып тұрған ең қиын кезең еді. Ол елде латынға көшу он жылға созылды. Уақыт өте келе кейбір әріптерге өзгерістер енгізілді. Сол сияқты біздің де алдымызда 7 жылдық үлкен процесс бар. Оның ішінде екі жылдық апробациялық мерзім бар.
Ендігі кезекте соған қалай дайындалу керектігімізге көбірек көңіл бөлу қажет сияқты. Қазақ тілінің морфологиялық принциптері қалай өзгереді, сөздердің айтылуы мен жазылуында не өзгеріс болады деген сияқты сауалдармен ғалымдар айналыса жатар. Ал біз өз күшімізді біріктіріп осы мерзімде көп жұмыстар атқаруымыз керек. Аз уақыт бұрын «Қазақпарат» ақпараттық порталында осындай бір жобаны қолға алдық. Осылайша, күніне бір жаңалықты жаңа әліпбимен шығарамыз. «Егемен Қазақстан» газеті де басылымның әр санында өлең шумақтарын латын әліпбиімен оқырманға ұсынып жүр. Бұл халықтың көзін үйретуге, сауатын арттыруға зор септігін тигізетін бастама деп есептеймін, – дейді жиында сөз алған «Kazinform» халықаралық агенттігінің бас директоры Асқар Омаров.
Сонымен қатар, латынға көшу үдерісі ең алдымен заңдық тұрғыдан мықты болуы керектігі, және болашақта бұл мәселе ешқандай әңгіме дау туғызбайтындай деңгейде жасалуы қажеттігі жайлы да ұсыныстар айтылды. Ғылым мен шығармашылықтың мәдени ошағы саналатын Алматы, латын әліпбиіне көшу мәселесінде қарқынды жұмыс атқаруы керек деген кеңес мүшелері Елбасы жарлығын бірауыздан қолдайтындарын жеткізді.
Қоғамдық кеңес барысында Халықаралық ақпараттық технологиялық университетінің ректоры Дамир Шыныбеков, Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов, саясаттанушы Айдос Сарым пікір білдіріп айрықша бастамаға үн қосты.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ