«Өнеркәсіптің өсімі 4,3 пайызды құраса, биылғы қаражат көлемі 700 млрд теңгеден асады. Жетісу өңірі шырындар мен алкогольсіз сусындардың негізгі өндірушісі болып табылады, бізде жылына 1 млрд литрге дейін өнім өндіріледі. Индустрияландыру картасы аясында фармацевтиканың жаңа саласы құрылғанын мақтанышпен жеткіземін. 9 фармацевтикалық зауыттың өндіріс көлемі есепті мерзімде 2 еседен астам өсіп, өнім құны 13 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар «Қайрат» индустриялық аймағының инфрақұрылымын салу басталды. Өнеркәсіптік аймақтарда барлығы 17 кәсіпорын жұмыс істейді», деді Амандық Баталов.
Әкім инвестиция тарту мақсатында жыл басынан бері 9 бизнес-кездесу өткенін, 7 елдің өңірлерімен, компанияларымен меморандумдар мен келісімдер жасалғанын әңгімеледі. Инвесторлар, әсіресе, Қорғас – Шығыс қақпасына айтарлықтай қызығушылық танытқан. Нәтижесінде, жалпы құны 644 млрд теңге болатын 24 жоба жоспарланған. Жалғасып келе жатқан жұмыстардың қорытындысынан инвестициялардың өсуін аңғару қиын емес.
Амандық Баталов ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылған шаруалар жайында да айтты. «Мемлекет басшысы атап өткендей, аграрлық сектор экономикалық өсімнің қозғаушы күші болуы керек. Бұл саладағы жалпы өнім көрсеткіштері облысымыздың республика бойынша бірінші орында тұрғанын айғақтайды, яғни 17 пайызды құрайды. Сөзімді нақты деректермен шегелей түссем, бүкіл Қазақстандағы сояның – 97 пайызы Алматы облысында өсіріледі. Жүгері мен қант қызылшасының – 64 пайызы, жеміс-жидектің – 37 пайызы, көкөністің – 25 пайызы, ет өнімдерінің – 20 пайызы, сүт өнімдерінің – 13 пайызы және жұмыртқаның – 23 пайызы Жетісу жеріне тиесілі», деді әкім.
Ауылшаруашылық дақылдарының көлемі 948 мың гектарды құраса, оның ішінде 17 пайыздан астамы озық технологияларды пайдалана отырып өңделеді екен. Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, облыс бүгінде еліміздің қызылша өсіру аймағына айналған. Биыл егістік ауданы 9 мың гектарға жетіп үлгерген. «Көксу» қант зауыты үшінші жыл өз жұмысын сәтті аяқтап, толықтай жаңартылды. Жылына 300 мың тонна өнім беретін «Ақсу» қант зауыты да осы қатарда. «Биыл 35 мың тонна қант алып, өңірдің сұранысын толығымен жабамыз. Біздің мақсатымыз – бүкіл еліміздің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қант өндірісін одан әрі арттыру», деді өз сөзінде Амандық Баталов.
«Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында үш жыл ішінде 82 жобаны жүзеге асыруға 77,2 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде білім беру мекемелеріне 49 млрд теңге қаралған. «Ағымдағы жылы өңірде барлығы 44 мектеп салынады, оның ішінде 31-і бағдарлама аясында. Бұл оқу орындарының тапшылығын жояды. Біз үшін бұл – өте өзекті мәселе, өйткені жаңа оқу жылында 46 мың бала бірінші сынып табалдырығын аттады», деген әкім «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» және «Алматы – Талдықорған» автожолдарын салуға арналған ірі жобалар іске асырылғанын еске салды. Жергілікті бюджеттен биыл жалпы жолдарды жөндеуге 25 млрд теңге бөлінген екен.
Көпшілігімізге мәлім, соңғы жылдары облыста ауызсу мәселесі де жиі көтерілуде. Аталған бағытта қолға алынған шаралар аз емес. Биылдың өзінде жалпы сомасы 9,9 млрд теңгеге 107 жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде, 18 елді мекенге су барып, 80 ауылдың ауызсуының сапасы жақсартылған. Сонымен қатар облыс тұрғындары үшін маңызды оқиға – «Алматы – Талдықорған» газ құбырының құрылысы аяқталыпты. Қазіргі таңда 11 ауданда газдандыру жұмыстары жүргізілуде.
«Тұрғын үй құрылысы да жақсы қарқынмен дамып келеді. Жыл соңына дейін 611,5 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне беріледі, соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 103,6 мың шаршы метр жер пайдалануға тапсырылмақ. 2158 пәтерлі 200 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр», деді өңір басшысы. Оның айтуынша, «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі облыс аумағына инновацияларды енгізуге мүмкіндік берді.
«Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру – басты басымдықтардың бірі. Жетісу кәсіпкерлері мен меценаттары Елбасының «Туған жер» бағдарламасына қатысуға айрықша ниет білдірді. Бүгінде 308 әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға 37 млрд теңге бөлінді. Мысалы, Еңбекшіқазақ ауданының Ащыбұлак кентіндегі Сабировтар отбасы қараусыз саябақты қалпына келтірді. Сонымен бірге Кербұлақ ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Хасан Әбуев туған ауылына бастауыш мектеп салуда. Қарасай ауданында ашылған «Батыр бабалар» мемориалдық кешенін де меценаттар 465 млн теңге бөліп салған», деді А.Баталов.
Әкімнің айтуынша, өңір тұрғындары Президенттің латын әліпбиіне ауысу туралы саясатын қолдайды. Осыған байланысты көптеген дөңгелек үстелдер мен кездесулер ұйымдастырылған. Осы жиындарда қазіргі заманғы жетістіктерге қолжетімділік пен жаһандық ағылшын тіліне кірігудегі жаңа әліпбидің рөлі кеңінен талқыланған.
Баспасөз мәслихаты соңында А.Баталов тілшілер тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап беру барысында биыл туристерге қызмет көрсету көлемі 1,5 миллион адамнан асқанын, соның ішінде бір ғана Алакөлге 750 мың адам келгенін жеткізді. Оның айтуынша, көл жағасындағы инфрақұрылымды дамытуға жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінген. Темір жол қатынасы жолға қойылып, Үшарал қаласында әуежай тұрғызылды және темір жол вокзалының құрылысы басталып кетті. Үш жылда өңірдегі ақылы туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі 40 пайызға артып, 5,5 млрд теңгені құраған.
Жарыссөз кезінде Райымбек ауданынан жер бөлу арқылы жалпы ауданы 711 937 гектар болатын жаңа аудан құрылатыны да белгілі болды. Ол ауданға «Нарынқол» атауын беру туралы республикалық ономастикалық комиссияның қарауына ұсыныс жіберілген екен.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»