Фестивальдің негізгі мақсаты әскерге шақырылуға дейінгі, шақыру жасындағы және армиялық жастарға, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша жұмысты жандандыру, көркемөнерпаз армиялық орындаушылар мен ұжымдардың шығармашылық тұрғыда өсулеріне қолдау көрсету.
Байқау шарты бойынша барлық қатысушылардың өнері бірқатар өлшемшарт бойынша бағаланады. Атап айтқанда, үміткерлер әскери тақырыптағы шығармаларды, қазақстандық сазгерлердің немесе орындаушылардың туындыларын, жеке авторлық музыкалық шығармаларды, фольклорлық жанрдағы шығармаларды орындайтын болады.
Фестивальға қатысушылар үш аталым бойынша өнер көрсетеді. Орындаушы-вокалистер, фольклорлық орындаушылар, вокалдық-аспаптық ансамбльдер мен орындаушылар. Іріктеу айналымынан кейін қазылар алқасы үздік орындаушыларды анықтайды. Олардың аты-жөндері алдымыздағы 3 қарашада Астана қаласында өтетін шешуші кезеңде, яғни, гала-концертте белгілі болады.
Еске салсақ, «Жас ұлан» армиялық әндер фестивалі 1997 жылдан бастап өткізіліп келеді. Байқаудың әскери қызметшілердің ғана емес, сонымен бірге азаматтық тұрғындар арасында да үлкен сүйіспеншілік пен танымалдылыққа ие екендігін айта кеткен ләзім.
Қайрат ЖҮНІСҰЛЫ