Қазақстан • 02 Қараша, 2017

Енді операцияны робот жасайды

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлемдік медициналық технологиялардың адам өмірін сақтаудағы ғажайыптары қатты білініп келеді. Мәселен, бұрын ата-бабаларымыз қырқұлақ, оба, сүзек індетінен баудай түскендігі белгілі. Шешектен қырылып қалған. Ал, бүгінде соқырішек дегеніңіз пышаққа түспей-ақ лапараскоппен суырып алатын күйге жетті.

Енді операцияны робот жасайды

Енді оңтүстіктің дәрігерлері ангиография аппаратымен жұмыс істеп жатыр. Жартылай робот қондырғы арқылы науқасқа пышақ тимей эндоваскуларлы әдіс қолданылады.

– Бұл қондырғы, ангиография, қан тамырлары мен оның төңірегіндегі ұлпаларды рентген сәулелері арқылы тексерудің жаңа әдісі болып табылады. Мұның тиімділігі орасан. Қозғалыс шектеліп, қан тамырлары тарылып, онда ақау көбейген тұста диагнозды дөп басуға септігін тигізеді. Арнайы аппарат қан тамырына орналастырылатын арнайы катетер арқылы жұмыс істейді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев.

Қан тамырлары, жүрек талмасы сияқты аурулар оңтүстік медицинасының әлсіз тұсы еді. Елбасының сынына да ұшыраған. Елді бұл кеселге де ем табылып жатыр. Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасы ангиография аппаратын алғаш іске қосқан медициналық мекеме. Енді қан тамырлары жүйесі бойынша жасалатын күрделі оталар осы аурухананың базасында өткізіледі.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы