Қазақстан • 02 Қараша, 2017

Елдігіміз бен егемендігімізді айқындайды

825 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Егемен еліміздің латын әліпбиіне көшетіні айқындалды. Бұл игі бастаманы жүзеге асыруда әсіресе зиялы қауымның иығына жүк түскелі тұр. 

Елдігіміз бен егемендігімізді айқындайды

«Латын әліпбиіне көшсек, жағдайымыз қалай болады?» деген күдік-күмәнді сылып тастап, замана талабын орындауға әрқайсысының әзір екенін білдіруі көңілге сенім ұялата түскендей. Алматы қаласындағы айтары бар азаматтар да бас қосып, әліпбиге байланысты ойымен бөлісіп, жаңғыруға бастайтын жаңа жазуымызды қолдауға шақырды.

Төрегелді ШАРМАНОВ, 
Қазақ тамақтану академиясының президенті:

– Елбасы латын әліпбиіне өту туралы Жарлыққа қол қоя отырып, болашаққа үлкен әрі нақты қадам жасап отыр. Бұл біздің, ұлтымыздың рухани кодексі десек те болады. Елбасының бұл бастамасының мәні зор, өркениетті елдердің көшіне ілесу үшін керекті қадам, мақтанатын нәрсе. Латын ол қазіргі жаңа технологияның, ғылымның, тіпті әдебиеттің тілі. Осы бастаманы Нұрсұлтан Әбішұлы қолдап отырғанына қуаныштымын.

Шәмша БЕРКІМБАЕВА,
бұрынғы Білім және ғылым министрі: 

– Латын әліпбиіне көшу үлкен дайындықты, жан-жақ­тылықты қажет ететін жұмыс. Сол себепті де ұзақ уақыт халық­тың талқылауынан өтіп, түрлі ғалымдар мен тіл ма­ман­дары бұл жұмысқа жұмыл­дырылды. Осы өткізілген жұмыстардың нәтижесі ретінде Елбасымыз Жарлыққа қол қойып, халық назарына соңғы нұсқаны ұсынды. Осыған орай Елбасымызды, елімізді осынау жаңа қадаммен құттықтаймын. Ендігі мәселе халықты ақпараттандыру, олардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып отыр. 

Жадыра ДӘРІБАЕВА, 
ақын:
 
– Мен Елбасының Жарлы­ғын қолдаймын, толық келісе­мін. Себебі латын қарпіне көшу­дің уақыты келді. Ел болып, халық болып талқылауға қа­тыс­тық. Сондықтан қазақ әліп­биін латын қарпіне көшіру дер кезінде қабылданған ше­шім. Біздің қарқынды дамып келе жатқан мемле­кеті­­міз үшін заман ағымымен қатар жүру – басты міндеттердің бірі. Қазақ тілі өте бай тіл, ал латын әліпбиіне көшу ар­қы­лы біз соны көрсете аламыз деп ойлаймын. 
Сонымен қатар өзге халықтармен, соның ішінде туыстас түркі халықтарымен етене араласуымызға жол ашылған секілді. Осы жасаған қадамнан біз жақсылық болмаса, жамандық көрмейміз.

Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ, 
композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Елбасының латын әліп­биіне көшу туралы Жар­лы­ғы біз үшін қуанышты жаңа­лық болып отыр. Біз бұған дейін де латын қарпіне көшуі­міз керек еді, әлі де болса кеш емес. Осы тұрғыда бұл дер кезінде қа­былданған шешім. Бізге болмаса да балаларымызға, кейінгі ұрпаққа латын қарпі өте қажет дүние.
Латын әліпбиінің нұсқасын дайындау және бекітуді көп созбай, тиянақты жұмыс атқарылғаны қуантарлық жағдай.

Аягүл МИРАЗОВА, 
Қазақстанның Еңбек Ері:

– Елбасымыз көптен бері талқыға түсіп отырған қазақ әліпбиін латын қарпіне көші­руге байланысты шешімге қол қойды. Дүние жүзіндегі халық­тардың 70 %-ы латын қарпі­не көшкені белгілі. Сол себептен бұл бізге қажет дүние. Елба­сы­мыздың өзі бүкіл қазақ халқының тіл бірлігін сақ­тауымыз керек деп айтып жүр. Қазақтардың үштен бір бөлігі шетелдерде дейтін болсақ, бәріміздің басымызды тіл ғана біріктіре алады. Тілде бірлік болмаса, ұлттық бірегейлік болмайды. Осы тұрғыда түрлі ғалымдарымыздың, тіл мамандарының, қоғам қайраткерлерінің, тағы да басқа көптеген тұлғалардың пікір білдіріп, қолдауы еліміздің келешегіне бей-берекет қарамағандығы деп қуанамын. Қазірдің өзінде еліміз әлем көшімен қатар даму үстінде. Халық­аралық деңгейде ЭКСПО көрмесін өткізуіміздің өзі мем­ле­ке­ті­міздің қуаттылығын көрсетсе, латын қарпіне көшуіміз соны нығайта түседі деп ойлаймын.

АЛМАТЫ