– Апырмай, Ақ Жайық жастары мен Елбасының арасында біз білмейтін бір байланыс, қарым-қатынас бар-ау, сірә! – деп әзілдеді форумның құрметті қонағы, саясаттанушы Дос Көшім сахнаға шығып тұрып.
Дос Көшім жаңа әліпбиді дайындау бойынша құрылған мемлекеттік комиссия құрамында бірнеше ай еңбек еткенін, әліпбидің жүздеген нұсқасын талқылауға қатысқанын айтып берді.
– Әрине, бастапқыда көз үйреніп қалған кирилмен қоштасу қиын көрінер. Қай реформа да оңай емес, соның ішінде тілдік реформа – ең қиын іс. Біздің алдымызда үлкен жұмыс енді басталады. Осы жолда кездесетін қиындықтарды бірге жеңейік, – деді саясаттанушы.
– Біз бүгінгі күнге үлкен дайындықпен келдік. 2012 жылы Президент латын әліпбиіне көшу идеясы туралы ойды ортаға салды. Содан бері төрт жыл дайындық жүрді. Латын әліпбиінің алғашқы нұсқасына көпшілік халықтың наразы пікірін ескерген Мемлекет басшысы әліпбидің екінші нұсқасын ұсынды. Осының бәрі бұл істің үлкен жауапкершілікпен, салмақтап, саралап жасалып жатқандығын көрсетеді. Шыны керек, әліпбидің қазіргі нұсқасының өзін түбегейлі шешім деп айтуға болмайды, қатесі мен кемшін тұсын түзету, жаңғырту – алда тұрған үлкен міндет. Ең үлкен жұмыс – жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен, қателік жібермей өту, – деді Дос Қалмаханұлы.
Форумның тағы бір қонағы – Астанадан келген жас ғалым, гуманитарлық ғылымдар магистрі Елдос Тоқтарбайдың жалынды сөзі жастардың қызу қолдауына ие болды.
– Біз, осы залда отырған жастар, бір заманның тумасымыз. Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде біз бүгін тарихи күнді қарсы алып тұрмыз. Дәл қазір оны біз бәлкім, сезінбеспіз. Бұл күннің мәні мен маңызы, рөлі болашақта айқындалады. Біз осы күннің жемісін болашақта тататын боламыз! – деді Елдос Нүсіпұлы.
Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен форумда сөз алған спикерлердің барлығы мемлекеттік тілдің маңызын нақтылап, латын әліпбиіне қатысты мәселедегі өзекті тақырыптарды талқыға салды. Өңірге белгілі тарихшы ғалым Жаңабек Жақсығалиев, Батыс Қазақстан облыстық «Приуралье» газетінің тілшісі, блогер Галина Самойлова латын әліпбиіне көшуді қолдап пікір білдірді.
Шараға қатысқан өрімдей cтуденттер, тілші мамандар, ғалымдар, білім беру ұйымдарының педагогтері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының БҚО филиалындағы өкілдері, жастар мен тіл жанашырлары сөйлеушілердің сөздері мен ұсыныстарын қызу қолдап, қол шапалақтап отырды.
Форум барысында жастар өкілдері Елбасы бекіткен латын әліпбиінің жаңа нұсқасының маңыздылығына тоқталып, оны бірауыздан қолдау туралы үндеу жариялады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Айбатыр НҰРАШ