01 Қараша, 2011

Сайлауда Атамбаев жеңіске жетті

334 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
30 қазанда Қырғызстанда президенттік сайлау болып өткені белгілі. Онда негізгі тартыс Алмазбек Атамбаев, Адахан Мадумаров және Қамшыбек Ташиев арасында жүретін болады деп болжанған еді. Сайлау дауыс беру үдерістерінің   шын мәнінде осылай өрбігенін көрсетті. Нәтижесінде елдің іс басындағы премьер-министрі Алмазбек Атамбаев ең көп дауыс жинап, басқа қарсылас­тары­нан мойны озық келді. Бюллетеньдердің 95 пайызы санал­ған кезде оны сайлаушылардың 62,95 пайызы қолдағаны белгілі болды. Мадумаров – 14,92, ал Ташиев 14,42 пайыз ғана дауыс жина­ды. Қалған кандидаттар 1 пайыздық мөлшерді де бағындыра алмады. Жағдайды реттеу жоспарын ұсынды Араб мемлекеттерінің лигасы (АМЛ) Сирия президенті Башар Асадқа елдегі жанжалды шешу жоспарын жол­дады. Бұл жәйт Катар астанасы Доха қала­сында 3 сағатқа созылған келіссөзден кейін мәлімделді. Басқосуға АМЛ сыртқы істер министрлері мен Сирияның ресми делегациясы қатысты. Катар премьер-министрі – сыртқы істер министрі шейх Хамад бин Жасим әл-Танидің хабарлағанындай, жоспар Б.Асадтың Сириядағы адам құрбандығы мен зорлық-зом­былықтың кез келген түрін болдырмаудың белгілі бір нақты қадамын қарас­тырады. Егер жоспар қабылданатын болса, онда Сирияда басқа елдердегі, яғни Ливиядағы сияқты оқиғалар қайталанбайды. Парсы шығанағына қатысуын ұлғайтады АҚШ өзінің әскерін Ирактан әкеткеннен кейін жалпы Парсы шығанағындағы өзінің қатысуын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Құрама Штаттар қосымша әскерлерін Кувейтте орналастырады деп күтілуде. Сөйтіп, олар Ирактағы жағдайды осы жерден бақылап отырмақ. Иранмен  жанжал туындаған жағдайда да Кувейттен жедел іс-қимыл танытуға мүмкіндік бар көрінеді. Ал әскердің саны туралы мәселе жақын күндерде аяқталатын келіс­сөздерден кейін белгілі болмақ. Оған қоса, президент Барак Обаманың әкімшілігі Парсы шығанағындағы халықаралық суларға жаңа корабльдер жіберу мәселесін қарастырып жатса керек. АҚШ әскерлері Ирактан жыл соңына дейін толық шығарылуы тиіс. Серб ұлтшылы бір жарым жылға кесілді Сербия радикалды партиясының (СРП) серкесі Воислав Шешель бұрынғы Югославия бойынша халықаралық трибуналмен (БЮХТ) сотқа құрмет танытпағаны үшін бір жарым жылға кесілді. Жалпы, Шешель 2003 жылдан бері қамауда отыр. Оған әскери қылмыс жасады, яғни Югославия соғысы кезінде адам өлтірді, азаптады, қоныс аударуға мәжбүрледі деген айыптар тағылған болатын. Бірақ ол өзіне қатысты айыптардан бас тартып келеді. Шешельдің  адво­катының айтуынша, іс 2003 жылдан бергі кезеңді айтпағанның өзінде, 2010  жылдан бері де бір адым ілгері жылжымаған. Сомалидің Джилиб қаласына соққы берді Кенияның әскери-әуе күштері Сомалидің Джилиб қаласына соққы берді. Жергілікті тұрғындардың сөзде­ріне қарағанда, бомбалаудың салдарынан 12 адам құрбан болса, олардың алтауы сәби. 52 адам түрлі дене жара­қаттарын алған. Авиасоққының біреуі «Әл-Шабаб» ислам жасағының базасына, екіншісі сол маңда орналасқан босқындар лагеріне жасалған. Қазан айының ортасында Кения Сомалиге осындағы экстремистерге қарсы толық ауқымды операция бастау үшін әскер  кіргізген болатын. Ал өзге ел шекарасынан өтуге Кения аумағынан жиі-жиі адамдардың ұрлануы мен шекара аймағындағы Кения әскерилеріне шабуылдар жасау себеп болған еді. Кения басшылығы әзірше операцияның қашан аяқталатынын нақтыламай отыр. Жер шарының  7 миллиардыншы тұрғыны Ресейдің Калининград қаласында кеше Жер шарының жеті миллиардыншы тұрғыны жарық дүние есігін ашты, деп хабарлады жергілікті Клопс.Ru басы­лымы. Петр Алексеевич Николаев Мәскеу уақытымен түнгі 12-ден 2 минөт өткенде туса керек. Жалпы, Жердің жеті миллиардыншы тұрғынының туу датасы көп жағдайда шартты. Ал тура осы қаланың тұрғыны жеті миллиардыншы болатыны туралы шешімді БҰҰ қабылдаған еді. 1 секөнтте дүние жүзі бойынша мыңдаған бала өмірге келетінін ескерсек, шын мәнінде кімнің дәл жеті миллиардыншы екенін дөп басып айту мүмкін болмайтыны тағы анық.

Қысқа қайырып айтқанда:

*Түрік құтқарушылары жер сілкінісінен қираған үйлер үйінді­лерінен тірі қалған адамдарды іздестіруді тоқтатты. 30 қазанға дейінгі дерек бойынша, зілзаладан опат болғандар саны 596 адамға жетті. *Болгариядағы президенттік сайлаудың екінші турында билеуші «Азаматтар Болгарияның еуропалық дамуы үшін» пар­тия­­сынан кандидат Росен Плевнелиев жеңіске жетті. Ол сайлаушы­лардың 54 пайыз дауысын жинаған. *Ливияның қаза тапқан басшысы Муаммар Каддафидің ұлы Саади Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Ирак және Ресей оққа­ғарлар командасының күзетімен құпия түрде Нигерге өткен екен. Қазір ол бай да еңселі виллада тұрып жатқан көрінеді. *Мәскеудің Тверь соты «Санраш» компаниясының арызын қа­райтын болды. Сөйтсе, белгілі сатирик  Михаил Жванецкий ком­муналдық төлемдерге сұрапыл қарыз екен. Ол жылуға, суға, электр жарығына және  лифт қызметіне 2006 жылдан бері көк тиын төлемепті. Қарызы 377,9 мың рубльге (1 890 000 теңге) жеткен. *Йеменнің астанасы Сана қаласында орналасқан авиация база­сында 4 мәрте жарылыс жасалған. Осы оқиғалардан кейін ел билігі Сананың халықаралық әуежайын жабу туралы шешім қабыл­дады. Өйткені, әуежай базаға тиіп тұр екен.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.