Қазақстан • 02 Қараша, 2017

Қазақ ұлттық өнер универсиететі студенттерді қабылдау кешін өткізді

1380 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Студенттік өмір – ең қызықты сәттерге толы, ұмытылмас шақ. Қайта айналып келмес жастық шақтың орны бөлек. Әсіресе, университет қабырғасындағы алғашқы жыл ешкімнің есінен кете қоймас. Жаңа орта, жаңа әлем, үйден жырақта... Алайда қызығы мол төрт-бес жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығады.

Қазақ ұлттық өнер универсиететі студенттерді қабылдау кешін өткізді

Қазақ ұлттық өнер университеті бірінші курс студенттерін қабылдау кешін өткізді.

Салтанатты шараға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Тұрар Әліпбаев, бірқатар өнер адамы, студенттер, арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Мерекелі жиынның ашылуында Тұрар Әліпбаев студенттерге арнап жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, ол Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваның құттықтау сөзін оқып берді.

Хатта: «Бірінші курс студенттері, бұл сіздер үшін ерекше сәт. Бүгін сіздер еліміздің ең үздік университеттерінің біріне қабылданып отырсыздар. Салтанатты түрде студенттік билетке ие болғалы тұрсыздар. Алдарыңызда үлкен білім жолы күтіп тұр. Сіздерді осы мерекелеріңізбен құттықтай отырып оқуда озат болуларыңызды тілеймін! Қадамдарыңыз нық болсын! Өнер жолында алар асуларыңыз биік болсын!» делінген.

Осыдан кейін студенттік өмірге қадам басқан жастарға оқу билетін тапсыру рәсімі өтті. Салтанатты рәсімнен кейін жұрт назары концерттік бағдарламаға ауды. Алғаш болып сахнаға барабаншылар тобы шығып, өз өнерлерін ортаға салды. Ал битбокс ырғағының шебері, бірқатар жарыста жеңімпаз атанған Бейбарыс Асқарбеков жұртты ерекше әуенімен тәнті етті.

Қазақ ұлттық өнер университеті талантты, шығармашыл жастарға толы. Мұнда сиқыр ілімін меңгеріп, түрлі фокустар көрсетіп жүрген жастар да жоқ емес. Солардың бірі – Аян Нұрлыбаев өз өнерін көрсетті. Көрермендер арасынан бірнеше адамды таңдап алып, алдарына кітап қойды. Алғашқысына кітаптың бетін, енді біріне сол беттегі алғашқы сөзді таңдатты. Ал сиқыршының өзі бұл сәтте назарын басқа жаққа аударып тұрған болатын. Осыдан кейін ол қолындағы тақтайшаға кітаптың бет саны мен алғашқы сөзді айнытпастан жазып, жұртты таң қалдырды.

Өз кезегінде арт-менеджмент саласының студенттері мың бұрала билеп, түрлі көріністер қойды.

Өнер ордасы болғаннан кейін бұл жиыннан дизайнерлер де шет қалмады. Олар көрермендер алдында сән көрсетілімін өткізді. Түрлі дизайнерлік киімдерді көргеннен кейін жұрт бейне бір Миландағы, Париждегі сән апталығына еніп кеткендей күйде қалып, таңданыстарын жасыра алмады.

Қазақ ұлттық өнер университетінде студенттердің басым бөлігі – болашақ актерлер. Олардың өзара түрлі топтары да бар. Бұл кеште сахнаның көркін қыздырған актерлер деп айтсақ жаңылмаған болар едік. «Балалық шаққа саяхат». Міне, болашақ сахна иелері осы мақсатта түрлі өнерлерін көрсетті. Өнерпаздар «Tom and Jerry», «Ну, погоди!» секілді мульфильмдерден, бір кездері көпшілік арасында үлкен қызығушылыққа ие болған «Grand Theft Auto (GTA)» ойынынан көрініс қойды.

Ал жүргізушілер түрлі әзілдері мен күлкілі образдары арқылы жиналған қауымның ризашылығына бөленді.

«Бұл нағыз шығармашыл жастардың ордасы, солардың әлемі. Шығармашыл жандардың ішкі жан-дүниесі сондай нәзік келетінін ұмытпаған жөн. Сапалы дүние жарыққа шығуы үшін әрқайсысының ебін таба білу қажет. Арт-менеджмент саласында білім алып жүргеннен кейін бірнеше студент бірігіп, осы кешті өткізуді қолға алдық. Соңғы күндері ұйқыны да ұмыттық, себебі жоғары деңгейде өтуі үшін бәрін жан-жақты қарастырдық. Міне, студент күнімізден бастап осылай тәжірибе жинап жүрміз. Мақсатымыз – оқуымызды бітіргеннен кейін бәсекеге қабілетті жастардың қатарына қосылу», – деді ұйымдастырушылардың бірі Карина Юсупова.

Иә, болашақ білімді жастардың қолында. Мұндай талантты, кәсіби өрендеріміз барда қазақ өнері бір орында тұрып қалмасы анық...

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар