03 Ақпан, 2010

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

1077 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
7 784 756 000 Қызылорда облыстық кедендік бақылау департаменті өткен 2009 жылы мемлекеттік бюджетке осыншама көлемде кеден төлемдері мен салықтарының түсуін қамтамасыз етті. Бұл – қызылордалық кеден­шілер жылдық тапсырманы 104,9 пайызға орындады деген сөз. Мұнымен қоса, кедендік қайта ба­қылау нәтижесінде 339 млн. 312 мың теңге төлемдер мен са­лық­тар қосымша есептеліп, оның 153 млн. 340 мың теңгесі өндіріліп алынған. Айта кету керек, облыстық сырт­қы сауда айналымы өткен жылы 836,9 млн. АҚШ долларын құраса, мұндағы экспорт үлесі – 443,5 млн., ал импорт үлесі 393,4 млн. АҚШ долларына тең. Осы де­ректерге қарап, сыртқы сауда ай­на­лымы өткен жылы алдыңғы жыл­мен, яғни 2008 жылдың көр­сет­­кі­шімен салыстырғанда екі есе­дей көлемге төмендегенін бай­қай­мыз. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда. 2 000 000 000 Өңірдің мәдениет саласындағы  құрылысқа ағымдағы жылы осыншама қаржы қарастыру көзделген Жыл өткен сайын өңір жұрт­шылығының рухани қажетін өтейтін мәдениет саласына бө­лін­ген қаржы көлемі өсіп келеді. Қазіргі кезде 474 мемлекеттік мәдениет мекемелерінің қата­рын­­дағы  223 мәдениет үйі, 225 кітап­хана, 22 мұражай, Бикен Ри­мова атындағы облыстық драма театры және басқа да шығармашылық орталықтары “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша жұмыс істеуде. Өткен жылы осылардың қа­та­рына жаңадан 15 мәдениет үйі мен клуб, 11 кітапхана қосылды. Ал үстіміздегі жылы  мұндай үр­д­іс жалғасын тауып, мәдениет са­ласындағы 4 нысанның құры­лы­сы мен 29 нысанның күрделі жөнделуіне бюджеттен 2,0 млрд. теңге қарастыру ойластырылып отыр. Сөйтіп, жетісулықтардың рухани жағынан баюына жан-жақты жағдай жасалмақ. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. 900 000 000 Бұл – Маңғыстау облысында “Жол картасы” бағдарламасы бойынша денсаулық сақтау саласының құрылыс нысандарын салу мен жөндеуге бөлінген қаржы көлемі Осыншама қыруар қаржы­ның қайтарымы да жоқ емес. Облыста өткен жыл ана мен бала жылы бо­лып белгіленіп, біршама жетістік­терге қол жетті. Ана мен бала өлімі азайды. Аймақта соңғы кезде кең етек алған өкпе ауруы да алдыңғы жылмен са­лыс­тырғанда, 22 пайызға төмен­деді. Сәбилер қатарын көбейтуде республикада алдыңғы орындар­дың біріне көтерілгендік бай­қалады. Бұл күндері саланың жеті үлкен нысанының құрылысы  қар­қынды жүріп жатыр. “Осы же­тістіктерді жалғастыра түсу үшін 2010 жылды отбасы жылы деп белгіледік”, – дейді облыс­тық денсаулық сақтау басқар­ма­сы­­ның бастығы Серікбол Мусинов. Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы