Қазақстан • 03 Қараша, 2017

Тақ тағылымы

1042 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұзақ тарих көшінде шашылып қалған ер-тұрманы бүтінде­ліп жатқан ел ретінде кейде кейбір ұсақ-түйек кемшіліктерге кешіріммен қарау – заңдылық. Ал, кей тұста көзге ұсақ секілді көрінгенмен көңіл­де ұлы ұғым ретінде бас көтеретін дүниелер болады. 

Тақ тағылымы

Қазақ хандығының 550 жылдығын ел есінен кетпестей қылып ерекше атап өттік. Мемлекетті бірге құрып, есімдері тарихта бірге аталып келе жатқан Керей мен Жәнібекті ардақтадық. Таразда той өтіп, еңселі ескерткіштері бой көтерді. Әрине, бір-бірінен бөле қарамайық деген дұрыс ниеттен шығар, екеуінің атын қосарлап бір көше беріп, екеуіне екі тақ орнатып қатар отырғызып та жібердік. 

Тарихқа үңілсек, Керей мен Жәні­бек төңірегін тайталасқа толы талас-тартыссыз елестете алмайтын тақ деген таңғажайып дүниенің айналасынан айрықша тағылым қалдыра білді. Хандықты құрудың азабы мен арпалысын бірге кешіп келіп, таққа отырар сәтте алдыңғы тарих жосыны бойынша іні ағаға жол берді. Осылайша қазақ халқына атын берген хандықтың құрылу кезеңі осындай кемел кісіліктен бастау алды. Қазақтың алғашқы ханы болуды Керейдің талайына жазды. 

Қазақтың алғашқы ханы – Керей. Бір ұлттың алғашқы ханы болуы тағдырдың ерекше таңдауы. Ендеше бұл айшықталып, айрықшаланып айтылуы тиіс. Ал Жәнібек екінші ханымыз және баһадүр хандардың атасы ретінде ордадай орны ортаймас, қазаққа Қасым хандай даңғайыр парасат иесін берген орасан тұлға болып қала береріне шүбә жоқ. 

Қазіргі күнде екеуіне бір көшенің аты беріліп, қатар таққа отыруын ертеңгі жас ұрпақ санасы қалай қабылдар екен деген екіұдай күй кешесің. Егерде сол ескерткішті көрген жас өскіннің ойында «сонда мемлекетте бір мезетте екі тақ, екі хан болған ба?» деген сауал туса қалай жауап берер едік? Әрине, бірі ақ киізбен хан көтерілгенде бірі қорған болғанын айтудан өзге уәжіміз жоқ.

Керей мен Жәнібектің өнегесі алдыңғы тарихтың жоралғы жосыны еді. Мысалы Түрк қағанаты, Қарахандар билігі, Салжұқ кезеңі секілді дәуірлеген алып империялардың дүниеге келуінде ағалы-інілілердің ауысып басқару жүйесі қалыптасқан дәстүр. Өзінің ағасы Білге қағанды таққа шығарған жас Күлтегіннің жосықты жолы сайрап жатқан жоқ па? Көкжал Күлтегін арыстан ағасын таққа отырғызып, өзі соның қорғаны ретінде жанында қасқайып тұрды. Сол тарихтың сабақ­тастығындай Керей мен Жәнібекке қойылған Астанадағы ескерткіш кейде осы Күлтегін мен Білге қағанды еске түсіретіні бар. Сонау Салжұқ мемлекеттігінің бастауында тұрған, Сырдың бойында, қазіргі қазақ даласында туып-өскен Тұғырыл мен Шағыры бектердің тағылымы да осыған меңзейді. Алғаш мемлекет құрғанда Тұғырыл бек өзінің ағасы Шағырыны таққа шығарған. Бұл ежелгі Еуропада таққа таласып, жақындар жаға жыртысып жатқан кезде жолды, жосықты ұстанып іні ағаны таққа отырғызған тамырлы таным, білікті биіктіктің көрінісі еді. Бұл түптеп келгенде түркінің көне билік жүйесі, кісіліктің кілті. Сондықтан Жиделібайсынға бет түзеп, Қозыбасыға ту тіккен Керей мен Жәнібектің ұлы дала дәстүрін қайта жаңғыртуы – қазақ халқының Мәңгілік ел мұраты мен пассионарлық қуатын айқындай түседі. 

Жосынды нәпсі, дәстүрді дәме бүлдіріп мансап үшін ағалы-іні түгілі әке баланы өлтірген Алтын Орда тұсын­д­а тақтан бақ тайды, жерден ел азды. Айналасы 23 жылдың ішінде 25 хан ауысқан кездер болғаны жайындағы дерек «бекті халықтың дауласқанынан, ағалы-інілі жауласқанынан мемлекеттің іргесі сөгілген» дейтін бабалар сөзін тағы да еске салады.

Түпкі түркі түсінік, ұлы далалық ұғым Қазақ хандығы тұсында осылайша ағалы-інілі арыстарды кезегімен таққа шығарды. Қазақ хандығының құрылуы гуманизм мен парасаттылықтың айқын бейнесін де сомдады. Бұл сол кезеңдегі мемлекеттік сананы, елдік философия­ны көрсетеді. Біз тарихтан тағылым алғанда осы сәулелі сананы алға шығара мақтансақ керек. Ендеше екеуіне екі тақ, бір көше беруіміз осы тағылымға томпақ түсіп, тарихи жадымызға да жата қоймайды. «Би екеу болса, дау төртеу болады» деген қазақтың ұғымына екі тақ деген тіптен сыймасы анық. Қандай жағдайда да хан – біреу, тақ – жалғыз. Бағзы тарих бекіткен бұлжымас қағида осылай дейді. Қазақтың бірінші ханы ретінде Керей бөлек аталып, Жәнібек жеке құрметтелуі тиіс. Сондықтан екі ханға берілген бір көше мәселесін қайта қарап, ескерткіштерді жөндеп, тұлғаларды өз тұғырына қондыру керек болар.

Тарих тағылымы тамыр секілді тереңге тартады. Терең таныммен біте қайнап біріге алған жоралы жұрт тамыры тереңдегі алып бәйтеректей жасаңғырап, жайқала бермек.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
«Егемен Қазақстан»