Бүгінде республикадағы жалпы білім беретін мектептердің 44,7 пайызында, яғни 3200-ден астам мектепте инклюзивті білім беру жүйесі енгізілген. Еліміз бойынша денсаулығында әртүрлі ақауы бар 0-ден 18 жасқа дейінгі 144 мыңнан астам бала бар екен.
Жарық дүниеге туабітті аурулармен келетін сәбилер аз емес. Бірақ қандай бала болмасын бақытты болуға құқы бар. Әлемнің дамыған мемлекеттерінде аутизм, сал ауруларына, Даун синдромына шалдыққан балаларды ортаға бейімдеп, оларды сау балалармен қатар оқыту әдісі бұрыннан қалыптасқан. Зерттеулер нәтижесінде сау замандастарымен оқып, олармен өздерін тең сезінген мүгедек балалар ортаға тез бейімделетіні байқалған. Әрі оқытудың мұндай тәсілі кембағал балалардың психологиясына оң әсер етіп, денсаулығының оңалуына септігін тигізетін көрінеді.
Әлбетте, мүгедек балалардың денсаулығы әртүрлі. Кейбіреуі құлағы естімесе де, көзі көрмесе де ақыл-есі дұрыс болуы мүмкін. Мысалы, сал ауруына шалдыққан жеткіншектер жүріп-тұра алмаса да, олардың ақыл-есі түзу, жүрегі жұмсақ болып келеді. Ал аутизмі бар балалар белгілі бір салаға ерекше талантты. Міне, осындай жандарды зердесіне, қарым-қабілетіне қарай ортаға бейімдеу жеңілірек. Ал қазіргі таңда Америкада Даун синдромы бар балаларды да сау балалармен біріктіре оқыту әдісі кеңінен қолға алыныпты. Бұл туралы америкалық мамандар «Даун синдромы бар балаларға инклюзивті білім беру» тақырыбында Астанада өткен дөңгелек үстел жиынында қазақстандық әріптестеріне айтып берді. АҚШ-тың Миннесота штатының мектеп және мектепке дейінгі инклюзивті спорттық бағдарламасының маманы Дженифер Хансен Америкада бала туғаннан бастап, оны ортаға бейімдеу жұмыстары қарқынды жүргізілетінін жеткізді. «Сауығу санадан басталатыны белгілі. Бала ешқашан өзін ешкімнен кем-қор санамауы керек. Айналасындағы қоғам денсаулығы дімкәс балаларға мүгедек деп қарамай, дені сау баладай қамқорлық жасауы қажет.
Кішкентайынан қамқорлық пен мейірімділікке бөленіп өскен бала оптимист болып қалыптасады. Бұл оның денсаулығына оң әсер етіп, интеллектуалдық тұрғыдан дамуына септігін тигізеді», дейді америкалық оқытушы. Ал АҚШ-тың орта білім беретін мектебіндегі арнайы білім мұғалімі Стефани Гейнор бір апта бойы Қазақстандағы инклюзивті білім беретін мектептердің жағдайымен танысып, ата-аналармен тілдескенін айтты. Оның пікірінше, Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамытатын нормативтік-құқықтық актілердің бәрі жасалған. Арнайы кабинеттердің жабдықталуы да көңілді көншітеді. Енді тек осы саланы тереңірек дамытуға көңіл бөлу қажет. «Инклюзивті білім берудің де түрлі әдістері бар. Соның ішінде арнайы мектептерде оқитын балаларды сабақтан кейін сау балалармен бірге, спорттық ойындарды ойнатып, қатар дамуына жағдай жасау керек», дейді ол.
Иә, еліміздегі инклюзивті білім беру жүйесі ешкімнен де кем емес. Білім және ғылым министрлігінің инклюзивті және арнайы білім беру басқармасының басшысы Әйгерім Күдеринованың айтуынша, шет мемлекеттерде инклюзивті білім беру жүйесімен мүгедек балалар неғұрлым көбірек қамтылса да, онда сапа тиісті деңгейде емес. Ал Қазақстанда кембағал балаларға білім беру сапасы жаман емес. Дегенмен де, басқа елдердің тәжірибесі де кеңінен зерттелуде. «Біз кез келген тәжірибені әбден сұрыптаудан өткізіп, еліміздің жағдайына, менталитетіне қарай бейімдегеннен кейін ғана енгіземіз. Мүгедек балалардың ақыл-ой деңгейіне, денсаулығына қарай бәрібір жеке бейімделген бағдарлама болуы керек», дейді Ә.Күдеринова.
Дегенмен де, Америкада, Еуропа елдерінде мүгедек жандарды ортаға бейімдеу анағұрлым жеңіл көрінеді. Себебі олар ақыл-есінде немесе денсаулығында кемістігі бар балаларға қалыпты құбылыс ретінде қарайды. Олармен қатар оқыса да қоғам тарапынан ешқандай наразылықтар туындамайды. Ал бізде мүгедектерді сау балалармен қатар оқытуға үрке қарайтындар баршылық. Сондықтан кембағал балаларды ортаға бейімдеп, олар өздерін жалғызілікті сезінбес үшін алдымен қоғамның көзқарасын түзету керек, дейді мамандар.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»