Қазақстан • 03 Қараша, 2017

Тағдырлы ақын

1243 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көне Тараздың биігінде бұйығып Тектұрмас мазараты тұр. Алып қабірстан адамзаттың соңғы мекенін, ақырғы тұрағын елестетеді.

Тағдырлы ақын

Ал зираттар ішінен салынған жол бойында еңселі, көксұр түсті құлпытас қасқаяды. Бұл құлпытас тағдырмен тайталасып, өмірмен арпалысып өткен жанның мұңы, жүрек сыры...Толқынданып аққан Таластың тамшысынан жаралып, топырағынан нәр алып, өлең әлемінде өзінің өрнегін қалыптастырған ақын Серік Томанов еді. Ешқандай бақайесепсіз-ақ ғұмыр кешіп, ақын деген ардақты атқа ие бол­ған оның артында жалындаған жыр­лары мен сезімді сырлары қалды.

Біреуге сө­зім ұнасын, енді біреуге өзім ұнайын де­ген пенделіктен аулақ, тек өлеңмен ға­на өмір сүрген ақиықтың арманы да, аңсары да ғазалдарында тұнып тұр. Сол үшін сері Серік тар аяда тоқырап қалмай, ақиқаттың алдында қасқайып тұрды. Әлемдегі әулие тектес ұлы ақындар адамзатқа келетін рухани апатты, өзге де ақиқаттарды алдын ала ескертіп отырған болса, Серік ақын өмір мен өлімнің арпалысын, ажал алдындағы адамның дәрменсіздігін жырға қосты. Расында адамның дүниеге келуі қандай ақиқат болса, дүниемен қоштасуы да сол сияқты ақиқат. Өзінің аза жырын жазып, тағдырын жұбатып, өзегін өлеңмен емдеген ақынның бұл хақындағы таным-түсінігі ешкімге ұқсамайды.

Шаруа едім тірліктің көшіне ерген,

Таусап таттым жердегі несібемнен.

Көп жыл болды мәңгілік ұйқыдамын,

Топырағым бұйырды осы жерден.

Бұл ақынның өзіне жазған эпитафиясы.

Серік Томанов жалғыз болған жоқ. Айналасында ақынын ардақтайтын қауымы, жанында жары мен балалары болды. Бірақ ақынды барлығынан бөліп алып кете беретін құдіретті бір күш, ерке муза – өлең екен. Жалғаннан да, арманнан да опа таппай жүрген ақын өлеңнің құшағында тербелді. Өлеңмен дос болды. Өлеңді сатып кеткен жоқ. Арман демекші, дүниеден көшерінің алдында Серік ақын ауылына барып, өзін туған топырақтың тылсымына тербеліп, біраз уақыт шығармашылықпен тұрақты түрде айналыспақшы болған екен.

Ердің жасы елуге келіп, қара өлеңмен халқына қайта қауышпақшы болған шағында... дүние қанкөбелек айналып, ақынды алыс сапарға аттандырды. «Серік бәрінен де өлеңді биік қой­ды. Талай рет қуанған, қамыққан сәт­теріне куә болдым. Азаматтығы да ақын­дығымен тең тұрды. Ақындар мінез деген сөзді көп айтады ғой. Мен мінез де­ген құдіретті нәрсені Серіктің бойынан көр­дім. Арманы да көп еді», дейді ақын­ның жары Бибігүл Оразбаева.

Алайда арман шіркін жалынан ұстат­қанмен, ақынның қолынан мәңгілікке сусып шығып кете берді. Қырық жеті жа­сын­да қара жерді теңселтіп, қара аспанды күңірентіп, табиғаттың күрең жасын көл­детіп, қарашаның қара суығында қазақ өлеңін қара киіп қамықтырып кетті.

Өліп қайта тірілдім,

Өлекселік екен менің бұрынғым.

Қайран өлең, опа таппай өмірден,

Құшағыңа жетіп сенің жығылдым.

Ақын фәниден бақиға емес, өмірден өлеңге көшті. Ерке Таластың толқынынан қанып ішіп, Тараз топырағында шайыр гүлі болып қайта жайқалды. Өлеңі өзінен бұрын өліп кететін қасіретті шақты ол көрген жоқ. Бірақ мұндай қасірет Томановтың маңдайына бұйырмаған болатын.

Ақынның жанында көп жүрген ақын інілерінің бірі Маралтай Райымбекұлы кездескен сайын Серік Томанов туралы әңгіме тиегін ағытып сала береді. «Оны әдеби орта таныған һәм мойындаған да болатын. Ол бәрібір картаға түспеген елді мекендей елеусіздеу күн кешті. Оның жанына үңілуге тірлік мұрсат бермеді десек – өтірік. Енжарлығымыз тұ­сау болды. Бәлки, оның пешенесіне жазылғанды өзгерту біздің пешенемізге жазылмаған да шығар!» дейді. Ақын ақын туралы аяулы сөз айтады. Жақсы сөз сөйлейді.

Тіршілікте кісінің кемшілігін терген сөз адамзаттың артынан әлі қалмай келеді. Адамдарды бір-біріне қарсы қоя­тын да осындай пендешілік күбір-сыбыр. Бір нәрсе болса кемшілігін көре қалатын көздердің, айтыла салатын сөздердің барлығына жауап ақынның өлеңінде тұр. Ақын өлеңнен ештеңені жасырмайды. Ақынның жырларында тағдырдың тайталасы, ақ пен қараның айқасы, жақсы мен жаманның болмыс-бітімі болмаса, оның несі өлең. Бірақ әрбір өлеңнің тағдыры – ақынның арына аманат. Аманатына адал ақындардың тағы бірі Серік Томанов.

Біз тағдыр жайлы сөз қозғап отырып, өмірдің күрең, көлеңкелі жақтарын ғана айтумен шектелеміз. Бірақ тағдыр деген мұндай нәрселерден ғана тұрмайды екен. Ең ұлы тағдыр кім болып өмірге келіп, кім болып өмірден кету деген сауал ғой. Бұл сауалға тіршілікте әркім­нің атқарған шаруасы, жеткен биігі, бар­ған жері жауап береді. Сері Серіктің өлең­дерінде даланың дарқан мінезі, өмір­дің әртүрлі құбылыстарынан бастап, ға­ламның тұтас тылсымдарына дейін к­өрініс тапқан.

Томановқа қазір ештеңе керегі жоқ. Бірақ оның жырлары оқырманға керек. Атақ қуып алқынбаған, даңқ қуып даурықпаған ақын тірлігінде Қазақстан Жазушылар одағына мүше де болған жоқ. Өзі дүниеден өткен бір жылдан соң, яғни 2004 жылы Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен респуб­ли­калық деңгейдегі ақындар мүшәйрасы өт­кен болатын. Ал 2006 жылы елу жыл­ды­ғына, өткен жылы алпыс жылдығына орай облыстық ақындар мүшәйрасы ұйым­дастырылды.

Одан кейін шағын ау­диторияларда еске алу кештері өтті. Болды. Әңгіме ат шаптырып, той қылуда емес, бірақ ақынның әлі де елеусіз қалып ке­ле жатқандығында. Шыны керек, Жа­зу­шылар одағына мүше болмаған соң ақынның мерейтойы да ескеріле бер­мейді. Кітаптары да көп шыққан жоқ. Ақын дүниеден өткен соң Атымтай азамат­тар қолдау көрсетіп шығарып берген кітаптары ғана оқырманға жұбаныш. Бірақ ақынның өзі болмаса да сөзі әрдайым айтылуы керек. Ал мерей жастың аталып өтуі оған себеп қана...

Ал өмір әлі қаз-қалпында. Өзгерген ештеңе жоқ сияқты...

 

 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы