Қазақстан • 03 Қараша, 2017

Көне тарихқа тіл бітірген

616 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Осы күндері той көп, сол той­ларға шын ниетімен баратындар мен «шақыру билетін» қолдарына алып тұрып, қабағы кіржің ете қалатындар одан да көп. Бұл араға адвокат болғымыз келмейді. Десе де, түн ұйқысын төрт бөліп, ойға алған дүниесін қашан қағазға түсіргенше тызақтап, ең аяғы сүй­ік­ті жары мен бала-шағасының ерке­лігін де көтере алмай, үйге бір кіріп, бір шығып, «бұл шіркінді алдымен бастау қиын» деп, мазасыз күй кешетін шығармашыл адамның туған күнін атап өткенге не жетсін!

Көне тарихқа тіл бітірген

Бәрін емес, әрине.Ал сіз, қадірлі Әнеке, Әнес аға, осынша жасқа келсеңіз де шау тарттым, шаршадым деместен, турасын айтқанда «ақ қағаздың киесінен» қорықпай, алтын уақытыңызды кәкір-шүкірге және жырымшыламай, майдан қыл суырғандай әдеби шығармаларымен қатар, дүниежүзілік тарихтан қазаққа қатысты бір тың дерек тапсаңыз, соның арғы қатпарына тереңірек үңіліп, соңырағы күні «ойпыр-ай» дегізетіндей соны дүние жазып шығатын жанкештілігіңіз, еңбекқорлығыңыз әріптестеріңізді үнемі таңғалдырумен келеді.

Сонау 1963 жылы жарық көрген «Дауыл» атты тырнақалды әңгімеңізден бастап, кеше ғана «Егеменнің» екі нөмірінде басылған «Жайдары Әбіш, жабырқау Әбіш...» атты эссеңіздің аралығындағы шығар­ма­шылық жолыңызды шоттың тасына салса, қанша том кітап боларын кім білсін. Иә, кітаптың көлемі мен саны жазушы талантына анықтама бола алмайды. Дегенмен іштей тәубеге келе­ті­німіз, сіздің қаламыңыздан туған көр­кем шығармалар болсын, тари­хи-танымдық дүниелер болсын, оқырман назарынан елеусіз, дүкен сөрелерінде сүрленіп қалып­ты дегенді естісек қанекей!

Осы мақалаға отырмас бұрын шығармаларыңызды тағы бір сүз­гіден өткізіп шығайыншы деп ой­лағам. Теңіз тақырыбына қалам сіл­тейтіндерді, неге екендігін қайдам, ішкі түйсікпен жаныма жақын тартып тұрамын. Теңіз деген жарықтықтың көп пенде түсіне бер­­мейтін құпиясы бар, көп пенде бай­қай бермейтін ғажайып мұңы мен сыры бар. Орыстың тамаша жазушысы К. Паустовскийдің «теңіз жағалауында туғандардың ақын болмасқа қақысы жоқ» дей­тіні сірә, бекер айтылмаса керек. Өз сөзіңізбен баяндалған өмір­баянға қатысты бір штрих: «Ме­нің өскен ортам теңізші, балық­шы ел. Астрахань облысының Ақ Сарай өлкесінің төлімін. Менің сойымның (фамилиям) Сараев болуы тегін емес. Бір кезде орталығы осы Сарай қаласы болған Алтын орда исі қазақтың астана жұрты еді. Қазақстанмен рухани ара-қатынасы үзілгелі көп болған. Қазақстан жұрты сияқты заман ауанына ауысып жаңармаған, сол атам заманғы көрген-білген қазақшылығын тұтынып қалған. Ән мақамдары да, сөз саптаулары да ескі.

Оған қоса теңіз тірлігі мен кәсіптеріне орай кәсіби сөздерді көп қолданады. Өз өскен ортамның тілін қазақтың әдеби тілімен ұштастыру маған көп қиындықтар туғызды. Қазақша жазуға төселуім оңай болмады. Тамыры топыраққа дұрыс отырғызылмаған ағаштай тоқтап барып өстім...» Сол «тоқтап барып өскен» қаламгеріңіз әсіресе адам психологиясының алуан қырлы арпалыс сезімдерін теңіз тақырыбымен әдемі қиюластыра отырып, «Мұнарлар шақырады», «Қараша өткен соң», «Бозқырау», «Ақ тымық түн», «Теңіз сарыны», «Алтын арал», «Тосқауыл», «Өртенген керуендер», «Мұңым ме­нің», «Асылдың» сынығы» по­вестер-әңгімелерімен қоса, «Еділ-Жайық» трилогиясы, «Иса­тай мен Махамбет», «Мұхамб­ет пай­ғамбардың өмірі», «Қалмақ қыр­ғыны» атты т.б. әдеби, танымдық топтамалары; қазақ тарихының жаңа тұрпатты тынысын ашатын «Көнеліктер», «Көк түріктері», «Но­ғайлы» еңбектерін ұсыныпты. Аз ба, көп пе?

Махамбет! Халықтың қашаннан асыл арманы – еркіндікті, теңдікті, жақсы тұрмысты аңсауы, ата жауына қаны қайнаған өшпенділік, ата салтқа адалдық секілді батырлық жырларының Махамбет поэзиясынан молырақ ұшырасуы және бүгінгі ұрпақтың Махамбет жырына деген сүйіспеншілігінің барған сайын күшейе түсуі – көңілге жылылық ұялатады.

Иә, сізге дейін де Махамбет-Исатай тақырыбына қызығушылық танытушылар аз болмаған. Ықыл­ман Шөреков, Қажым Жұмалиев, Бер­қайыр Аманшин... әрі қос ба­тырдың ерлігі мен өрлігін жырға қо­сушылар қан­ша­ма! Осылардың ара­сынан тағы бір­нәрсе табамын, шын­дық әлі то­лық ашылмаған се­кілді деп, бы­лайғы дүниенің бәрін ысырып қойып, бел шешіп кірісіп кеткендігіңізді батылдық демеске біздің де әддіміз қалмады. Махамбет ақын өлеңдерін бала күніңізден жаттап, Исатай батыр рухын жан-жүрегіңізбен сезініп өс­кендігіңіздің арқасы ма, «Иса­тай мен Махамбет» зерттеу ең­бе­гіңізге тұтас жиырма жыл уа­қы­тыңызды арнапсыз.

«Иман­­дай шыным, кітап болсын, жа­рық көрсін деп жазғаным жоқ, өзім үшін, өзім түсіну үшін жаз­дым» дейсіз бұл шығарманы. Кө­теріліс тарихын кезең-кезеңге бөліп, жылнамалық тәсілді қатаң сақтай отырып, көз майын тауысып қағазға түсіре бастағанда-ақ кей тұс­тардағы әр күн, әр апта сайынғы беті ашыла бастаған шындық сізді мықтап өз иіріміне тартып әкеткенге ұқсайды. Ел басына күн туғанда Исатай мен Махамбет батырлардың қасынан табылған жауынгер-сарбаздары туралы, олардың осы күндері аман-есен жер басып жүрген ұрпақтары туралы толымды мағлұмат қалдырсам деген арман-мақсатыңыз толықтай ақталды ғой деген ойдамыз.

Басқа жұртты қайдам, сіз біз үшін өмірде өтірік айтпайтын адам секілді елестейсіз. Байпаң-байпаң жүріс-тұрысыңыз, алқалы жиындарда әдебиетіміздің ақсақалының бірі деп сөз беріле қалғанда алдымен сөзді баяулап бастап, артынша бабы келген тұлпардай түйдек-түйдек тосын ойларды үстемелете жөнелетіндігіңіз, тіпті, дөңгелетіп сақал қойғаныңызға дейін ешкімге ұқсамайды. Корней Чуковский «Писатель в России должен жить долго» дейді. Тек Ресейде ғана ма екен? Сірә, әрбір қаламгердің, егер ол шынымен халқының қамын жеп, ел тағдырына жаны ауыратын қаламгер болса ұзақ өмір сүріп, бойындағы барын соңғы нүктесіне дейін сарқып беріп, өзгелерге өзін де, өзінің халқын да кеңірек танытып, ту секілді қаламы қолынан сылқ етіп түскенше ғұмыр кешкенге не жетсін. Осы орайда шығармашылықпен адал өмір сүріп, әдебиетіміздің бар жанрында қажымай-талмай еңбек етіп және сол қыруар еңбегінің қы­зығын да біршама көріп үл­гер­ген иманды болғыр Қадыр Мырза Әлі ағамыздың жөні бө­лек еді ғой. Сіздің де ала-бөтен ең­бек­қорлығыңыз бір атанға молынан жүк болғандай.

Таяуда өмір бойы жазған сызғандарымның келешек қажетіне жарайды-ау дегендерін сұрыптап, елеп-екшеп, қырнап-сүрнеп, қысқартып-қосып, аузын шымшып буып, 25 томдықты дайындап қойдым дейсіз. Ал таңғалмай көріңіз! Бұл қыруар еңбек көздің қарашығына сызат түсірмей шыдата ма?! Жә­не мынаны тағы үстемелейсіз: «Сана­­малай бастасаң, жас деген бі­разға келді ғой. Бірақ адамда био­логиялық жас деген болады дейді. Мен биологиялық жасымның қандай екендігін білмеймін, бірақ жұмыстан қалып, қажыр-қайратым тайып, жұмыс істей алмаған күнім жоқ. Шүкір, әлі де жұмыс істеп жатырмын». Жұмыс істей беріңіз!

Сіздің әдеби қауым мойын­да­ған соқталы шығармаңыз – «Еділ-Жайық» романы. 1994 жы­лы аталмыш шығармаға Мем­­лекеттік сыйлық берілді. Ро­ман оқиғасы 1918 жылдың кү­зінен басталып, 1919 жылдың ақыр соңымен аяқталады. Бір жыл­дың аумағына қаншама ке­зе­ңдік оқиғаларды сыйғыза біл­генсіз және бір оңтайлысы, сая­саттың сойылын соққан бірде-бір кейіпкер көзге ұшыраспайды, тіпті, оны айтасыз, революцияның да­быра-дамай даңғырасы да көз алдыңызға елестетілмейді. Ро­ман­да төңкеріс оқиғасы төтенше көз­­қараспен суреттеледі, сурет­тел­геннен бұрын күндердің кү­нін­де кеңестер дәуірінің күні өте­тіндігіне сәуегейлік жасалған эпизодтар да оқырманды бейжай қалдырмайды. Кейбір шы­ғар­маларды оқығанда табан ас­ты­нан пенделігің ұстап, қашан аяқ­та­лады екен деп иненің ұшында отырғандай хал кешесің ғой, ал кейде осы құбылыс керісінше ыңғай танытады да, шығарма әзір біт­песе екен деп арқаңды жарға ті­рейсің. «Алашорда» қозға­лы­сы­ның ұлт мүддесіне сай саяси күш ретінде бас көтеруі де шы­найылықпен өріліп отырады.

Ро­мандағы өмірде болған нақтылы де­ректер, тарихи оқиғалар тізбесі көркем дүниенің жүрек шымырлатар толғаныс екпініне ешқандай көлеңкесін түсірмейді. Уақыт жа­ғынан бір жылдық мерзім қам­­тылғанымен, ал күрескерлік тұр­­­ғыдағы оқиғалар желісі Аст­ра­­­ханьнан басталып, Атырау, Маң­ғыстау, Орал облыстарының ау­ма­ғымен ұштасады. Астрахань мен Атырау арасындағы За­бу­рынға қоныстанған ақты да, қы­­зылды да мойындамайтын ба­лық­шылар атаманы Қарабасқа қа­тысты желі романда жан-жақты тарқатылған, ұлы теңіздің түйе өркеш толқындарымен алысып, қайрат-күштерін дауылды күндердегі ақтық айқас үстінде шыңдаған балықшылар образы нанымдылығымен есте сақталады. «Еділ-Жайық» тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында өмірге келген панорамалық туынды ғой, жұрт кітап парақтаудан бұрын дорба асынып, күн көріс қамымен базар жағалап кетті, сондайда шығарма қалың оқырманға насихатталуы жағынан сәл кемшін түскен жоқ па екен дейтін күдік те көңілге ұя­лайды.

Сізге өтірік, маған шын, мен «Кө­неліктер», «Көк түріктері», «Но­ғайлы» атты кереқарыс мұқа­ба­лы кітаптарыңызды және бір қайталап шығайыншы дегенмен, Астанадағы академиялық кітап­ха­на сөрелерінен кезіктіре алмадым. Жоқ. Жоқ емес бар, бірақ олар кітапхананың сирек кітаптар қо­рына өтіп кетіпті. Оңайлықпен қол­ға тимейді, қордың меңгерушісі қолын қойған арнайы тапсырыспен ғана ала аласың. Онда да уақытша. Титтей өкінсем не дейсіз? Демек, сіздің Санкт-Петербор, Мәскеу, Бейжің, Қазан қалаларының мұра­ғат­­тарынан өз қаражатыңызға құн­­ды деген құжаттарды сатып ала­тын, сатып алып қана қоймай, сон­­дағы ғылыми деректерді айна­лыс­қа түсіргенше кірпік ілмейтін жанкешті еңбегіңіздің ақталғаны ғой.

Кітаптарыңыз келешектің рухани байлығы ретінде құйма алтынды сақтағандай сирек қорға жол тартыпты. ХVІІІ-ХІХ ғасыр­да орыс тарихшылары «русь» этно­ни­­мінің мән-мағынасын анық­тау жолында ізденіске толы қыруар еңбек сіңіргендері бел­гілі. Сан-саққа жүгірткен жаңсақ пікір­лер де аз болмаған. Осындай бір қызу пікірталастың үстінда орыс­тың ұлы ғалымы Ломоносов қиянатқа шыдамай тарихпен түбегейлі шұғылданып кетіпті. «Не­ге бұлай істедің?» деген әріп­тес­терінің сауалына: «Ұлттық сана­ны қалыптастыруда тарихтың ат­қарар міндетін өзге бірде-бір ғы­лым атқара алмайды», деп жауап қайтарғаны есте. Әлгі аталған ең­бектерді әрбір қазақтың мұқият оқып шыққаны абзал.

Анда-санда Алматыдан Әбекең, Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз телефон соғады: «Амансыңдар ма, жігіт­тер қалай?». Мың-сан мәр­те қайталанған сауалдар, «жігіт­тері­нің» де кімдер екендігін жақсы бі­лемін. Олардың алды – 80-де, ар­ты – 75-те. Қоңыр дауыс одан әрі жалғасады: «Әнес қалай, кө­зіне операция жасатыпты деп еді... дұ­рыс болып па?.. Төлен қа­лай, Тө­леннің бәйбішесі қалай?.. Қа­жы­ғали қалай... Айтқандай, келесі аптада Астанада боламын. Әбіш жоқ, мені Әнестің үйіне апа­ра­сың. Менің әңгімелесетін адамдарым сиреп барады ғой...». Бір түрлі жүрегің шаншып ауырғандай әсер етеді. Ал Астанада Төлен аға мен Қажығали ағаның сіз деген­де шығарға жандары жоқ. Бір­ге оқы­ғандарыңыз бар, бірге жүр­ген­деріңіз бар, әзілдеріңіз сұмдық жа­расады. Бір-бірлеріңізді апта көрмесеңіздер, сағынысып іздеп жүресіздер. Кейінгілер үлгі ала­тындай-ақ үрдіс.

Соңғы бітірген шаруаңыз – «Туған ауыл түтіні» дейтін циклді әңг­і­мелер – ауызға салған қант қи­ығындай тамсанып оқуға тұратын әдеби жауһар. Ашаршылық, баянсыз балалық, қиян шеттегі қазақы ауылдың күйбең тіршілігі, тағы да теңіз, тағы да балықшылар қау­ы­мының қам-қарекеті. Әр әңгі­менің көтерер жүгі мен оқиға­ла­рының жүрекке әсер етуі бөлек мақаланың тақырыбы... Сахналарда қойылып жататын драматургияңыз жөнінде жақ ашқанымыз жоқ... Иә, менің кейбір сұрақтарыма да жауап бермедіңіз, әуелі сексен жылдығыңызды аман-есен өткізіп алыңыз, ол сұхбатқа сосын оралармыз.

 

 

Қуаныш ЖИЕНБАЙ,

жазушы

Суретті түсірген

Ерлан Омар,

 «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Үздік фельдшерлер марапатталды

Медицина • Бүгін, 14:12