Пікірталас барысында сөйлеушілер алдымен Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстардың тоқтағанына 25 жыл өткен мерзімде қазақстандық «Невада-Семей» қозғалысының қол жеткізген жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Осыдан бір жыл бұрын университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов өз бастамасымен оқу орнында «Жастар – ядролық сынақсыз әлем үшін» атты студенттер форумының өтуіне мұрындық болған еді.
Форумға белгілі ақын, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов қатысқан. Бүгін университет қабырғасында антиядролық бастаманы тікелей қолдайтын әрі халықаралық ұйымның жергілікті белсенділері ретінде танылған 40 студент оқып жатыр. Дөңгелек үстел басында сөз сөйлеген сол ұйымның жетекшісі, жаратылыстану ғылымының магистрі, тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының ассистенті Гүлжанат Танабекова «ізгі ниетпен құрылған қозғалыстың Қазақстанның экологиялық тазалығы мен ядролық қауіпсіздігі үшін жалғасқан күреске әрқашан да қолдау жасайтын боламыз», деді. Ұйым мүшелері, болашақ экологтар Мәдина Мүлікова мен Салтанат Жұмабай бүгінгі ең көкейкесті экологиялық мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салды.
Дөңгелек үстелге «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы төрағасының орынбасары Эфим Зуслин мен қозғалыстың жауапты хатшысы Әлия Бекмағамбетова, антиядролық қозғалыстың бірқатар ардагерлері шақырылды. Қазақстанның жазылмас жан жарасына айналған Семей ядролық сынақ алаңы туралы өткен жылдар ішінде қаншама кітап жазылды, қаншама деректі фильмдер түсірілді. Ғалымдар құпияны ашып, жеткілікті тарихи деректер жариялады. Олар бүгінгі қоғамдық ортада көрнекі құралға айналған. Сондықтан да әрбір сөйлеушінің дерегі нақты, сөзі өтімді шығып жатты.
Басқосуда ғаламдық мәні бар ауқымды шараны Тәуелсіз елдің жастары бұдан былай да лайықты жалғастырады деген байлам жасалды. Болашақта ядролық қарудың таратылуына, адам өмірін жалмайтын ядролық сынақтарды болдырмау жолында күресе білетін сергек жастардың қатарының өсіп келетініне ризашылық айтылды.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ