Сол Болат Әлиев биылғы қоңыр күзде акция өткізді. Мәнісі фирманың бау-бақшасынан баклажан, тәтті бұрыш секілді өнімдерді өзің барып жинап алып, қабын 500 теңгеден сатып аласың.
«Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дейді ғой халық даналығы. Базарға барсаң 500 теңгеге бес түйір баклажан аласың. Ал, мұнда қабы 500 теңге. Қыс болса есік қағып тұр. Қайнатпаның, тосаптың уақыты.
Манкент ауылының іргесіндегі бау-бақшаға топырлап барды жұрт. Қалың жүйек жемістен белі қайысып тұр. Барғандардың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, қаптарын арқалап жүйек қуып кеткен. Жинаған өнімдерін машинаға артқан жұрт қоймадағы сақтаулы картоп, пияздан да қаптап сатып алды.
Осы Болат сияқты жастайынан еңбекпен өскен Нұрлан Құралов деген кәсіпкер жігіт бар. Ол – «Амангелді» серіктестігінің құрылтайшысы. Элеваторы бар. Көкөніс өсіруде облыста алда. Өнімдері Ресейге экспортталады. Алып көкөніс сақтау қоймалары бар.
Осы Нұрлан «бау-бақша өнімдері бізде өте арзан. Делдалдар келіп көтерме бағамен сатып алып, екі-үш есе бағасымен сатады. Өзіміз базарға шығарайық десек, базар басшылары да, ондағы сатушылар да, делдалдар да құлықты емес. Егер дұрыс шешім қабылданса, біз өнімдерімізді халыққа арзан бағада берер едік», деген.
Бұл бүгін айтылып келе жатқан әңгіме емес. Жағдайды облыс басшылығы да біледі. Сондықтан да сенбі, жексенбі күндері азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырған. Обалы кәні, алғашқыда азық-түлік, бау-бақша өнімдері арзан бағаға сатылып жұрт бір жырғап қалған. Адамнан қулық артылған ба, өз нандарынан айырылып бара жатқан базардағы саудагерлер жәрмеңкедегіні жаппай жаулап ала бастады. «Бармақ басты, көз қыстыға» жол берген, тәуір орындарды ақшаға айналдырған бір шенеуніктер істі болып кетті. Қалай болғанда да базардағылар ауыл шаруаларын жәрмеңкеден ығыстырып шығарды. Бағаны реттейтіндер табылды. Енді не істемек керек?
Жансейіт Түймебаев осы мәселенің оябын тапқан секілді.
Облыс әкімі аппараттық жиында азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру және тауар өндірушілер мен диқандарға өз өнімдерін саудалауға мүмкіндік беретін әлеуметтік базар ашуды аудан, қала әкімдеріне тапсырды.
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының өсуіне жол бермеу мақсатында өңірде бір ай көлемінде әлеуметтік базарлар ашуымыз қажет. Ол үшін Шымкенттен 1-1,5 гектар жер қаралып, талапқа сай жасақталуын, ал ірі аудандар 70 соттық, кіші аудандар 50 соттық жер бөліп, аз уақыттың ішінде тауар өндірушілерге өз өнімдерін сатуға мүмкіндік жасалу керек, – деді ол.
Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында 1 мың тонна қант, 2 мың тонна картоп, 1 мың тонна пияз, 1 200 тонна сәбіз, 70 тонна күріш, 30 тонна макарон өнімдері бар. Мұнан бөлек қоймада өткен жылы алынған тауарлардан қалған 2500 тонна ұн, 1 244 тонна қант және 69,1 тонна күріш сақталуда.
Бүгінде кім-кімге оңай тимей жатқан уақыт. Азық-түлік бағаларының үздіксіз өсіп жатқанын журналистік зерттеу мақсатында базар мен жәрмеңкені салыстырғанда көз жеткіздік. Жәрмеңкеде баға аздап төмендеу болғанымен күрмеулі мәселелерді шеше алар емес. Оның үстіне өзара келіспеушіліктен қымбатшылықтар орын алуда. Облыста бидайды ұнға айналдыратын элеваторлар көп. Астығы көп дейтін елде оларды да қиыншылық айналып өтпеді.
Вагон аз әрі қымбат болғандықтан элеваторлардың қожайындары нан бағасының өсетіндігін айтып жұртты алаңдатып отыр. «Қазақстан темір жолы» АҚ келісімге келгенімен бидай бағасының мазасы жоқ. Солтүстік, Орталық Қазақстанның жоғары сұрыпты бидайы болмаса Оңтүстіктің өз бидайы нан пісіруге жарай бермейді. Піскен нанның ортасы ылжырап, желімденіп тұрады. Элеватор иелерінің Орталық Қазақстанның бидайына ділгір болатындығы осыдан.
Оңтүстікте картоп бағасы да айтарлықтай өсті. Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылының диқандары екі мың гектарға картоп егіп тұратын. Биыл шілде айында су аз болғандықтан Қарабұлақта күзгі картоп егілмей қалды.
Адам ресурсына бай Оңтүстік тұрғындарының аса қажет тағам түрлерінде осындай қиындықтар бар. Мұндайда делдалдар құтырып кетеді. Облыс басшысының осы қиын түйінді шешу мақсатында әлеуметтік базарлар ашуға талаптанғанын жұрт құптап отыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы