03 Қараша, 2017

Мәжіліс кеден ісіне қатысты заң жобаларын мақұлданды

350 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісінде өткен жалпы отырыс аясында кеден ісіне қатысты заң жобалары мақұлданды. Заң жобаларын таныстырған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, осы құжаттар арқылы Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы кедендік қарым-қатынастар тиісті деңгейде реттеледі деп жоспарланған. 

Мәжіліс кеден ісіне қатысты заң жобаларын мақұлданды

Депутаттар талқысына түскен алғашқы құжат «Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Бұл заң жобасы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында 2017 жылдың 11 сәуірінде Мәскеуде жасалған Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартты ратификациялауға бағытталған.

«Осы шарт негізінде кедендік реттеу саласында мынадай басым бағыттар енгізіліп отыр: тауарларды қатысушы елдердің кедендік аумағына әкелуге немесе әкетуге, кедендік декларациялауға және тауарлар шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасаған кезде «бірыңғай терезе» тетігін пайдалану; электронды кедендік декларациялаудың басымдығы; кедендік декларация тіркелген кезден бастап төрт сағат ішінде тауарлар шығаруды жүзеге асыру; кеден органдарының ақпараттық жүйелерімен автоматты түрде кедендік декларацияны тіркеуге және тауарлар шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасау мүмкіндігі реттеледі», деді Т.Сүлейменов.

Оның түсіндіруінше, бұл заң жобасының негізгі мақсаты Еура­зиялық экономикалық одақ­та бірыңғай кедендік реттеуді қамта­масыз ету болып табылады.Күн тәртібіне сай талқыланып, бірін­ші оқылымда мақұлданған келесі құжат «Қазақстан Республи­касын­дағы кедендік реттеу туралы» кодекс жобасы болды. Бұл кодекс жобасын Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексіне сәйкес келтіру мақсатында әзірленген. Сол себептен де кодекс жобасында уәкілетті экономикалық оператор мәртебесі берілуі мүмкін заңды тұлғалардың санаттарын ұлғайту көзделеді.

Сонымен қатар сыртқы эконо­микалық қызметке қатысу­шыға тауар­ларды кедендік декларация­лау кезінде кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі. Оған қоса, алдын ала ақпарат берілуі мүмкін кедендік операциялардың түрлерін кеңейту мен ауызша сауалнама, кедендік бақылау, тауарлардың таңбалануын тексеру, кедендік бақылаудағы тауарларды есепке алу сияқты қызметтерді реттеу тетіктері де қарастырылады.

Депутаттар тарапынан қолдау тапқан құжаттың соңғысы заңнама­лық актілерге кедендік реттеу мә­­се­­­ле­лері бойынша өзгерістер мен то­лық­­­тырулар енгізу жайын ар­­­қау еткен заң жобасы болды. Атал­ған құжат «Қазақстан Рес­пуб­­­­ли­к­а­сындағы кедендік реттеу тура­лы» кодекс жобасында көз­дел­­­ген нормаларды іске асыруды мақ­сат етеді. Сондықтан да заң жо­басы бюджет кодексіне аванс­тық төлем­дер үшін бюджетке түсім­­дер­­дің түрін айқындауға және тауар­­ларды жою мүмкіндігі туралы материалдарға мемлекеттік эко­ло­г­ия­­лық сараптама қорытын­ды­сын бер­е­тін қоршаған ортаны қорғау сала­сындағы уәкілетті ор­ган­ның құзыретін бекітуге кодекс жо­ба­сы­ның нормаларын сәй­кес кел­тіруге бағытталған. Бұл заң жобасында Қазақстан Республи­касы­ның 25 заңнамалық актісіне, оның ішінде 6 кодекске және 19 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылған.

Айта кетейік, осы күні Мәжіліс депутаттары конституциялық заң­дарға түзетулер енгізуге қатысты заң жобасын өндірістік жұмысқа қабылдап, салалық ведомстволар мен Үкімет басшысының атына өз құзыреттері шеңберінде сауалдарын жолдады.

 

 

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Зейнетақыны алу тәртібі өзгеруі мүмкін

Экономика • 31 Желтоқсан, 2025