Жиынға жетекшілік еткен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Гүлмира Иксанова Мәжілістегі мұндай кездесу қоғамның өзекті мәселелерін шешуге үлесін қосқысы келетін әрбір адамның өз ұсыныстарын жасай алатын тиімді диалог алаңы екенін атап өтті.
Ал отырыс аясында сарапшылар бұқаралық ақпарат құралдарында радио хабарлар тарату, ақпарат, байланыс, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнаманы жетілдірудің негізгі бағыттары бойынша пікір алмасып, халықаралық сарапшылардың ұсынымдарын талқылады.
Сонымен қатар қатысушылар сөз бостандығы мен ақпарат тарату саласындағы халықаралық талаптарға, сондай-ақ ратификацияланған халықаралық шарттар бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне сәйкес заң жобалары бойынша ұсыныс, пікірлерін білдірді.
Жалпы қазіргі заманауи қоғамда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі өте күрделі әрі аса маңызды екені сөзсіз. Осыған байланысты отырыста БАҚ жұмысының негізгі қағидаттарын шоғырландыру арқылы аталған саладағы заңнамалық құқық қолдану тәжірибесін дамытудың іргелі негіздерін қалыптастыру тетіктері айтылды.
Алқалы жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары мен аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелері, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері мен Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы, ЮНИСЕФ балалар қоры сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»