Иә, бұл төңкерістердің Алаш көсемдері мен ұлт қайраткерлерінің қоғамдық-саяси қызметінде елеулі рөл атқарғаны, айтарлықтай ықпал еткені рас. Бастапқыда «бәріміз теңгерілеміз, азат халық қатарына қосыламыз» деп алақайлап қарсы алғандарымен кейін қуаныштары су сепкендей басылып қалды. Өйткені күшпен тұрғызылған әміршіл-әкімшіл жүйенің тас құрсауы түптің-түбінде «көн тартылса, қалпына келедінің» керін келтірері анық еді.
Оның соңы 70 жыл ішінде талай қасіретті зобалаңдар мен шапқындарға жалғасқанын, ащы зардаптарын әлі күнге дейін сезініп отырғанымыз айдай ақиқат. Мен Алаш арыстары маңдайлары қанша тасқа тисе де азаттыққа, бостандыққа қол жеткізу игі арманы мен мақсатынан айнымаған, сол үшін жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған жылы дүниеге келген ұрпақтың өкілімін. Мыңдаған адал жандардың итжеккенге айдалғанын растайтын құжаттар менің жеке мұрағатымда сақтаулы.
Әкем «халық жауы» ретінде ұсталғанда, анам байғұс шиеттей жеті баламен ішер асқа, киер киімге жарымай зар жылап қалды. Қара халықтың көсегесін көгертуді ұран етіп көтерген кеңес өкіметі жақсы менен жайсаңды жазықсыз қырып салғанын, жұртшылықтың санасына саз балшықша иленген кеңестік сиқырлы саясат еріксіз таңылғанын тәуелсіздіктің арайлы таңы атқаннан кейін анық көз жеткізіп отырмыз.
Тәуелсіз ел болғанымызға ширек ғасырдан асқанына қарамастан саяси қуғын-сүргінге байланысты дүдәмал тұстар, «ақтаңдақ беттер» көп екенін еріксіз мойындауға тура келеді. Оның бұлтартпас бір айғағы мынандай. 1955 жылы Омбы ауылшаруашылық институтында оқып жүргенде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы К. Ворошиловқа хат жазып, әкем туралы деректер сұраттым. Маған «Сағындықов Мағаз 1943 жылы 10 сентябрьде Қарағанды облысындағы қылмысын өтеу мекемесінде туберкулезден қайтыс болды» деген жауап келді.
Ал 1987 жылы КГБ-ның мұрағатынан алынған мәлімет әкеміздің 1937 жылы ноябрде атылғанын растайды. Қайсысы анық, қайсысы жалған? Алты Алаштың ақиық ақыны Мағжан туралы да осылай айтуға болады. «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде «Мағжанға тағзым» экспедициясы құрамында болған 98 жастағы атыраулық қария Абдолла Әбдрахманов ақынның мүрдесі 1948 жылы Магадан облысы Берелех поселкесі іргесіндегі қорымға жерленгенін көзімен көргенін, марқұмның ақырғы аманатын орындау үшін Қызылжар топырағына арнайы келгенін тебірене әңгімеледі.
Халқымыздың аяулы ұлдары Бауыржан Момышұлы, Хамза Абдуллин, Жайық Бектұров, тағы басқалары Мағжанның 1938 жылы атылғанын жоққа шығарады. Ресми құжаттарға айна-қатесіз сену жаңсақтықтарға ұрындырады деп отырғаным сондықтан. Оған «Память» қоғамдық қорына жетекшілік еткен кезеңде көзім анық жетті. Бертінге дейін Екінші дүниежүзілік соғыста 20 миллион адам қаза тапты делініп келді. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» екенін тарихшылар дәлелдеп берген жоқ па?
Болат САҒЫНДЫҚОВ,
облыстың құрметті азаматы,
«Память» қоғамдық қорының төрағасы
Солтүстік Қазақстан облысы