Қазақстан • 06 Қараша, 2017

Қарағандыда жанкүйерсіз жарыс өтті

381 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағандыда Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайында үш күн бойы шапшаң шахмат пен блиц­тен еліміздің ерлер мен әйел­дер арасындағы командалық бірін­шілігі өтті. 

Қарағандыда жанкүйерсіз жарыс өтті

Жарыстың соңғы күні ойынға сәл кешігіп келсем, институтта оқып жүрген кезден бір құрамада ойнап, «қанды  көйлек» жолдас болып кеткен  әріптесім, ардагер шахматшы Геннадий Пак досым басын шайқап: «Көріп жүрсің ғой, қалай ойнайды, ә!», деп астаналық жас шахматшы Қалибек Нөгербек ойнаған тақтаның қасынан шық­пай қойды.

Қалибектің есіміне мен жақсы қанықпын. Өткен жазда елордада өткен «Аstana Оpen-2017» ха­лықаралық шахмат фестиваліне қатысқанымызда, оның талай жас ойыншылардың арасынан ересектерге тән ойын өрнегін көрсеткендігінің куәсі болғанбыз. «Осы баладан түбі бірдеме шы­ға­ды!», деген болатынмын серік­те­рі­ме.

Бұл ерлер арасындағы бірін­ші­ліктің 7-туры болатын. Қалибек бес рет жеңіп, бір рет тең түскен екен. Сөйтіп 5,5 ұпаймен жеке да­ра көш бастап келеді. Алдында біз «рапид»  (15  минут және әр жүріс­ке 10 секунд қосылады) деп атай­тын бәсекеде жүлдеден тыс қал­ған. Есесін блицте қайтаруға бекін­гені көрініп тұр. Блицте (5 минут және әр жүрістен кейін 10 се­кунд қосылады) жағдай басқа­ша. Мұнда шапшаңдықпен қатар алғырлық керек, яғни тақтада қалыптасқан жағдайды тез бағалай біліп, бес-алты жүрісті алдын ала ойластырып қойған жөн.

Осы турда  ол турнирде бар қыры­нан жарқырай көрінген тағы бір жас талант – павлодарлық Де­нис Махневпен кездесті. Ақ­пен ойнады. Бірақ бірінші жүріс­тің артықшылығын пайдаланам деп өрекпіген жоқ. Денис оңай ша­ғылатын жаңғақ емес: рапидте 1-орын, командалық сайыста өз тақ­тасында 2-орын алған. Бірте-бірте фигуралар айырбаста­лып, екеуі әр түсті бір-бір піл­мен қалған. Бұл тең ойынның белгісі. Келесі ойында жерлесі, қараған­дылық студент Еркін Қозған­баев­пен табан тіресті. Оның өзінен тәжірибесі мол. Соған қарамастан, қарамен ойнай отырып, цейтнот (уа­қыт тапшылығы) тақалған сәтте жарқ етіп шабуылға шықты да  қарсыласынан айласын асырып кетті.

Енді ақырғы турда тең түссе де болады. Бірақ  комьютерлік жеребе қостанайлық шахматшы, бірнеше дүркін республика чемпионы, гроссмейстер  Петр Костенкоға тағы да ақ түсті бұйыртыпты. Фигуралар азайған тұста бір-бір ладьядан қалды,  бірақ тәжірибелі қарсыласы екі пешка ұтып шық­ты. Қалибек жастар онша мән бере бермейтін ладьялық эндш­пильді тәп-тәуір меңгерген екен. Королін алға шығарып, мат қа­терін төндірді де бір пешканы қайтарды, біраздан кейін екіншісі де қолға түсті.

Сөйтіп таразы басын теңестіріп кетті. Жеңіске пара-пар тең ойын. Енді оны ешкім қуып жете алмайтын еді. Денис болса бұл жолы үшінші орын алып, медальдардан толық жиынтық жасады. Екінші орынға тағы бір павлодарлық Жандос Ағманов көтерілді. Шапшаң шахматтан жүлдеге ие болғандар ақтөбеліктер Арыстанбек Оразаев  пен  Илья Моисеенко.

Әйелдер арасында да жас­тар­дың мерейі үстем болды. Шап­шаң шахматтан көкшетаулық Ди­ляра Ишмухамбетова, блицтен ақ­төбелік Гулия Демеуова жеңіс­ке жетті. Жүлдеге ие болған­дар, тиісінше шапшаң шахмат­тан Ксения Балабаева (Алматы)  мен Елена Анкудинова (Пав­ло­дар) және блицтен Әсел Лесбекова (Астана) мен Татья­на Верко (Қостанай). Ал коман­да­лық жарыста ақтөбеліктер озып шықты, келесі жүлделі орын­дар павлодарлықтар мен астана­лық­тардың үлесіне тиді.

Бұл жолы, осы жарысты ал­ғаш  ұйымдастырушы қараған­ды­лық­тар барлық санаттарда жүл­де­лерден құр алақан қалды. Елі­міздің көрнекті  мемлекет қайрат­кері, ақын Сәкен Сейфуллинді ес­ке алуға  арналған турнир Қара­ған­дыда 2005 жылы басталған еді, екі жылдан кейін командалық  мәр­тебе алды, ал енді екі жылдан кейін ресми түрде шапшаң шахматтан еліміздің чемпонаты атанды. Жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар, кубоктар мен грамоталар табыс етілді.

Көңілге кірбең түсіретін сәттер де болды. Жоғарыда атаға­ны­мыздай, бұл турнир қазақтың біртуар азаматы С.Сейфуллиннің мемориалы болуға тиіс еді. Бірақ  Қазақсан Шахмат федерациясы өткізген жарыстың ресми афишасынан жазушы атын көре алмадық, оның есімі турнирдің ашылу және жабылу рәсімдерінде аталмады да.

Тағы бір атап өтерлік жайт, турнир жанкүйерсіз, жым-жырт күйде өтті. Үш-төрт тележурналист, шахмат жанашыры Гена до­сымнан, тағы бір-екі ата-анадан  басқа ешкімді көре алмадық. Жарнама болған жоқ. Мүмкін осы кезде қалада ардагерлер арасында өткен жарыс та әсер еткен шығар. Алдағы уақытта спорт түрлерін дамытамыз деп жүрген қала, облыс  атқамінерлері   турнир кестелерін үйлестіріп, жарысты көрнекті түрде  өткізсін деген тілек білдіреміз. Шахмат – футбол емес. Бірақ оның да өз жанкүйерлері, әуесқойлары бар.

Шахмат – миллиондардың, бұқараның ойыны. Қарағандыдан мұны байқай алмадық.



Аман ЖАНҒОЖИН,

ардагер журналист, шахматтан спорт шеберлігіне кандидат

ҚАРАҒАНДЫ