Бұл «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы көрерменге жол тартқан «Қызық екен» бағдарламасының бірер санын көргеннен кейінгі алған әсерімізден туған ой. Қатып қалған қасаң қағида, қайталана беретін қарабайыр қалып бәрімізді жалықтырғалы қашан. Ал «Қызық екенді» көргенде қызықтың ішіне қалай кіріп кеткеніңізді білмей қаласыз. Таным көкжиегіңізді кеңейтетін түрлі викториналық сұрақтар ой орманның арасына алып кеткенде «еее расында солай екен ғой» деп таңырқайсыз.
Әлемнің әр түкпірінде болып жатқан түрлі қызықтарға саяхат жасап, санаңызға мүлде кіріп шықпаған тың ақпаратқа қанығасыз. Бағдарламаның біз байқаған басты ерекшелігі – бір қалыппен шектеліп қалмай көрерменді сан қырынан тарта білуінде. Білім қоржыныңызды молайтатын ағыл-тегіл ақпарат, ойлау қабілетіңізді арттыратын логикалық сауалдар, әдемі астарлы әзіл, шығармашылық еркіндік, танымал тұлғалардың ой-өресін көрсетіп жаңа қырынан ашу сынды бірнеше бағыт бір бағдарламаның өне бойынан табылады. Ең бастысы, барлық жастағы көрерменнің талғамына сай. Жобаның табиғатынан кейбір шоу-бағдарламалардағыдай шектен тыс ұсақтық, арзан сөз, әжуа әңгіме көрмейсіз.
Отандық телекеңістікте көптеген туындыларымен танылған Серік Ақышев жетекшілік ететін жобаны танымал тележүргізуші Рахман Омар жүргізеді. Бағдарлама желісі, жүргізушінің сөз саптауы, студия қонақтарымен тығыз байланыс, бәрі әдемі үйлесім тапқан. «Ғалам ғажайыптары», «Сен білесің бе?», «Қазақ спорты», «Тұлға», «Зерттеу» сияқты әр шығарылым сайын ауысып отыратын айдарлар көптеген тарихи деректерден, қызықты жаңалықтардан сыр шертеді.
Тек, үлкен-кішіні тегіс баурап алатын халыққа пайдасы мол танымдық жоба жұрттың бәрі жұмыстан қайтып отбасы мүшелері экран алдына түгел жиналатын кешкі уақытта көрсетілсе деген ой мазалайды. Көп білу адамзат үшін ең асыл қазына десек аталған жобаның негізгі мақсаты «Тал бесіктен, жер бесікке дейін білім ал» дегенді үндейтіндей. Себебі дүниеде біз білмейтін қызықтар мен құпиялар өте көп. Білуге құмартқан жас өрендерді жалықтырып алмай әр қызықты ақпаратты заманға сай икемдеп жеңіл әрі әсерлі жеткізетін «Қызық екен» сияқты жаңаша тұрпаттағы танымдық дүниелер көп болса екен дейсің. Сіз не көріп жүрсіз көрермен?
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ