Осы атаулы күнге орайлас «Қазақфильм» киностудиясы Тұңғыш Президент – Елбасы қорымен бірлесіп, қазақ деректі киносының күндері аясында «Қазақ ренессансы. Жұмат Шанин» атты деректі фильмнің тұсауын кесті. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген фильмнің режиссері – Алексей Каменский, сценарий авторлары – Бақыт Қайырбеков пен Айнұр Мәзібаева.
Режиссер Алексей Каменскийдің айтуынша, фильм 1926 жыл мен 1938 жылдар аралығындағы қазақ ұлттық театрының құрылуы мен қалыптасу кезеңіндегі оқиғаларды қамтиды. Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқара тұра, өз өмірін біржола өнерге бағыттаған Ж.Шаниннің қысқа болса да, мәдениетті дамытудағы орасан еңбегін фильмді түсірушілер тобы тарихи мәліметтер негізінде шынайы сөйлетеді. Оның Әміре Қашаубаевпен, Иса Байзақовпен дос болуы Семейде «Ес-Аймақ» атты тұңғыш театр үйірмесін құруға түрткі болады.
Фильм жалаң деректі тізбектемей, осы уақытқа дейін бүркемеленіп келген бірқатар шындықтың бетін ашуды мақсат еткен. Мысалы, 1936 жылы Мәскеуде дүркіреп өткен қазақ өнерінің онкүндігі қарапайым жұртқа мәлім етілгендей кеуделерді орден мен қуанышқа толтырып ойдағыдай өтпеген. Оның сыртындағы қиянат пен көз жасы, әділетсіздік пен сатқындық туралы алғаш рет осы фильмде сөз қозғалып отыр. Сталиннің өзі бас көрермен болып қатысып, құлшына қол соғып, даңқы аспандаған қазақ театрының шымылдығының тасасындағы озбырлық көп ұзамай-ақ талай зиялыны орға жығып, кеудесіне оқ болып атылды.
Әсіресе осы онкүндіктің биік дәрежеде өтуі үшін күні-түні кірпік ілместен, жан аямай белсеніп жұмыс істеген Жұмат Шанинге зияны көбірек тиіп «халық жауы» атанып, С.Асфендияров, І.Жансүгіров, Б.Майлинмен бірге зұлматқа ұшырауына себеп болады. Сатқын шибөрілердің Шанинге шімірікпей таққан жалған жаласы бірінші рет Евгений Брусиловскийдің естелігі арқылы жария етілді.
Фильмде мұрағат деректерімен бірге, сахналық қойылымдар да көрсетіледі. Деректі фильмге қойылар талаптың барлық шарты толықтай орындала отырып түсірілген туынды сығымдалған аз уақыт шеңберінде көрермен көзқарасына көркем тәсілмен өзгеріс жасағандай күй кештірді. «Қазақфильм» АҚ президенті, сценарий авторы Бақыт Қайырбеков айтқандай, ұрпақ қадірлеуі тиіс ұлтымыздың біртуар ұлдарының елі үшін істеген еңбегі бүгінгі рухани жаңғыру жолында да пайдасы тиері сөзсіз.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ