Олар биыл жаз айларында Астана қаласында ұйымдастырылған ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде ұсынылған жобалар жайында әңгімелеп, тілшілердің сауалдардың жан-жақты жауап берді.
«Дәстүрлі емес энергия көздерін пайдаланатын сорғы технологиялар бүкіл әлемде өзекті проблемалардың бірі. Яғни, бұл парникті газ шығарындыларымен байланысты. Оның мысалдары өте көп. Мәселен, Қазақстанда 37 жылу электр стансасы, бірнеше ірі су электр стансасы, үш мұнай өңдеу зауыты, металлургия зауыттары жұмыс істейді. Оларда жылу бөлумен байланысы бар айналымды сумен жабдықтау жүйесі бар. Мысалы, біз Астана қаласының жылу электр стансасынан жыл бойы шығып тұратын ақ буды көреміз. Бұл – ауаны ластау. Біз өзіміз әзірлеген жүйе арқылы аталған шығарындыларды қысқартуды ұсынамыз. Бұл – өте перспективалы бағыт», деді Алтай Әлімғазин. Оның айтуынша, аталған технологияны пайдаланған кәсіпорындар шығарындыларды 24 есеге дейін қысқарта алады.
«Жаңа құрылғыға патент алдық. Қазір нарықтық бағасы барынша төмен болып тұр. Келешекте Павлодар қаласында жобаны құрастыру өндірісін бастауды жоспарлаудамыз. ЭКСПО қорытындысында бізге бірнеше компания хабарласты. Соңғы хабарласқаны криптовалюта өндірісімен айналысатын фирманың ресейлік және америкалық өкілдігі болды», деді ғалым.
Басқосуда Болат Ермағамбетов қазақстандық ғалымдардың көмірден газ алу жобасын жүзеге асырып жатқанын жеткізді. «Еліміз көмір кендеріне өте бай, бүгінде 126 көмір кешені жұмыс істейді. Жылына 100 миллиондай көмір өндіріп, оның 30 млн тоннасын экспортқа жібереміз. Десе де, жылдан-жылға көмір өндіру көлемі қысқару үстінде. Өнім сапасының нашар болуы, қоршаған ортаға тигізер әсері көп болуы себебінен өңдеудің жаңа технологиясы қажет. Көмірдің әр тоннасынан қанша энергия алсақ, сонша көлемде қоршаған ортаны ластаймыз. Сондықтан қазіргі кездегі маңызды мәселе көмір кеніштерін игеру үшін соны технология керек. Егер көмірдің құрамындағы сутегін 14 пайызға жеткізсек, онда көмір сұйылады. Осылайша одан газ алуға болады», деді химия ғылымдарының докторы.
Ғалым көмірден газ алу жобасына қатысты тағы былай деді: «Бұл жобамен айналысқаныма біраз жыл болды. Енді бұл технологияның ерекшелігін айтсам, біз көмірді жағу арқылы одан газ аламыз. Бұл процесс газификатор құралында жүреді. Яғни, көмірді газификаторда жағамыз әрі ондағы оттегінің мөлшерін бақылап, «жанғыш газды» аламыз. Ол көмірдің тотығынан және сутегінен тұрады. Бір мәселе – жанғыш газдардың қуаттылығы. Әрине, табиғи газға қарағанда көмірден алынған газдың жану қуаты аздау. Бірақ жанғыш газдан жылу алуға, оны күнделікті тұрмыстық қажеттілікке пайдалануға болады. Бұл жоба экологиялық жағынан тиімді.
Газификатор дегеніміз – реактор. Бірақ оған көмір салынады. Астынан ауа жіберіледі. Ауа судың буын айдайды. Осылайша көмір жанады. Содан кейін жанғыш газ пайда болады. Бұл – автотермиялық процесс», деді Болат Ермағамбетов. Ғалымның сөзіне қарағанда, бұл жобаны Баянауыл ауданында жүзеге асыру көзделуде. Өйткені, осы өңірдегі Майкөбе кенішінің көмірінен газ алуға болады. Жобаның құны есептелуде. Егер жоба іске асса, Баянауыл, Торайғыр ауылдарын және Майқайың кентін көмірді өңдеу арқылы алынған газбен қамтамасыз етуге болады.
Бұл жобамызды Павлодар облысының әкімдігіне ұсындық. Жобаны жүзеге асыру соның құзырында және қаражатқа да байланысты. Қазіргі таңда барлығы табиғи газды пайдалану керек дейді. Бірақ табиғи газды Батыс Қазақстаннан алып келу керек. Ол үшін газ құбырын жүргізу қажеттігі туындайды. Ал Астана, Көкшетау, Петропавл қалаларын газбен қамтамасыз ету үшін 1 трлн теңге кетеді. Бұл – қомақты қаржы. Сондықтан өңірлерді дамыту үшін жаңа инновациялық жобалар керек», деді Көмір химиясы және технологиясы институты директоры.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»