Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 337-бабы (заңсыз аңшылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта жедел-тергеу іс-шарасы жүргізілуде, деп хабарлайды полицияның баспасөз қызметі.
Осының алдында, 27 қазан күні Табиғат қорғау бөлімі қызметкерлері Жаңақала ауданындағы Мәштексай ауылы маңынан «Нива» көлігіне мінген браконьерлерді қолға түсіргенде, аңшылардың көлігінен 3 киіктің басы, мылтық, пышақ, оқ табылған еді. Ал 2 қараша күні түнде Көшім өзеніндегі «Рубеж» бақылау бекетінде тоқтатылған автокөлік ішінен жаңадан кесіліп, қапқа салынған 80 дана киік мүйізі шыққан болатын.
Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында заңсыз ақбөкен аулағаны үшін 37 адам ұсталған екен. Олардың 18-інің ісі соттан өтіп, әртүрлі жаза тағайындалса, қалғаны тергеу сатысында. Браконьерлерден көптеген қару-жарақ, қаршана, тіпті «Джип» автокөлігі де тәркіленген.
- Бүгінгі таңда Қазақстандағы киіктің ең көп популяциясы Батыс Қазақстан облысында, Бөкейлік даласында. Бұрын Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандары аумағында болса, қазір көбейіп, Жаңақала өңіріне де жайылып тарап кетті. Бұл – кең-байтақ аймақ, заңсыз аңшылық жасаушылар осыны пайдаланып, еркін қимылдағысы келеді. Бірақ соңғы кезде мемлекет тарапынан ақбөкенді қорғауға ерекше көңіл бөлінді. Бұл іске бізден басқа барлық учаскелік инспекторлар, аумақтық инспекция, «Охотзоопром» РМКМ мамандары жұмылдырылған. Қазір құрал-жабдығымыз да сай. Мысалы, бізге үш айға пайдалануға тікұшақ берді. Күн сайын әуеден бақылап, ақбөкеннің өрісін барлап қайтамыз. Бұл – үлкен көмек, - дейді Еламан Сатыбалдыұлы.
Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің дерегіне қарағанда Қазақстанда киіктің жалпы саны 150 мыңнан асады. Ал Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері «Киікті сақтап қалайық!» жобасы қолға алынып, бұған жауапты мекемелер бірлесе қимылдауда.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»