Елбасымыздың үлкен жүрегінен шыққан шақыруынан жігерленген шетелдік қандастарымыздың арасынан Өзбекстандағы, Моңғолиядағы бауырларымыз суырылып шығып ең алғашқылардың қатарын аса қарқынмен толықтырып, атажұртқа ағыла көшкені өткен күннің тарихи шындығы.
Ел тәуелсіздігінің арқасында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылып, оның төрағасы болып Н.Ә.Назарбаевтың сайлануы елім деген қазақтың еңсесін бір көтеріп тастағанын жұрт тебірене айтады.
Биылғы жылы шақырылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бесінші құрылтайында Елбасының: «Біз 25 жыл ішінде ғасырға татитын шаруа жасадық. Қазақстанды дүние жүзіне паш еттік. Еліміздің деңгейін көтердік. Қазақстанның көптеген бастамасы әлемде қолдау тауып, іске асуда. Осы жылдар ішінде баршаға белгілі болған отандастарымыз да аз емес. Соларды іріктеп, аттарын әлемге таныту керек. Әрбір азаматтың табыс жолы – еліміздің даму жолының көрінісі. Оларды алыстағы ағайын білуі қажет. Сондай-ақ өмір бойы сыртта жүрсе де, білімі мен білігі, өнері мен дарыны арқылы қазақтың атын шығарған бауырларын тарихи Отаны тануға тиіс. Қазақ баласы қай елде тұрса да Ұлы Далада Мәңгілік Ел құрып жатқан байтақ Қазақстанның ажырамас бөлшегі екенін жүрегінің төрінде ұстасын!» – деуі елге оралған және шет жұртта әлі күнге дейін ғұмыр кешіп жатқан барша қазаққа өз қамқорлығын аямағандығының бір дәлелі.
Ширек ғасыр бойы жалғасып жатқан көші-қон үрдісі бүгінде көптеген сынақтардан сүрінбей өтіп, өзіндік тәжірибесі мен мектебін, құқықтық базасын құрып қалыптасу үстінде. Аталған кезеңде елге оралған қандастарымыздың бәрі де Қазақстанның азаматы атанып, еліміздің гүлденіп дамуына өздерінің өлшеусіз үлестерін қосуда. Сондықтан бәрін тәтпіштеп айтуды мақсат тұтпадық. Мысал ретінде білім, мәдениет, өнер, спорт, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбек етіп, халыққа кеңінен танылғандарға көңіл аударуды дұрыс деп таптық.
Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторларының бірі – Жандарбек Мәлібеков (Өзбекстаннан), атақты әнші, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері – Майра Мұхамедқызы (Қытайдан), физика ғылымдарының докторы, ғалым-журналист – Досан Баймолда (Моңғолиядан), шығыстанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, Мәдениет қайраткері – Ислам Жеменей (Ираннан), ақын, шығыстанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аймақтану кафедрасының профессоры – Дүкен Мәсімханұлы (Қытайдан), ал боксшы, Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері – Қанат Ислам (Қытайдан), тарихшы ғалым – Нәбижан Мұқаметжанұлы (Қытайдан), белгілі кәсіпкерлер – Төлеубай Нығарбайұлы (Моңғолиядан), Жасан Зекейұлы (Қытайдан) сынды азаматтарды бүгінде ел танып, есімін құрметпен атайды.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының бағыт-бағдар етіп ұсынған рухани жаңғыру мәселесі өз алдына ерекше маңызға ие. Ұлттық кодты сақтаудың ұтымды әдісі, әлемдегі барша қазақтың бірлігі мен ынтымағын қалыптастыруда шартарапта өмір сүріп жатқан қандастарымызбен болған қарым-қатынасымызды кеңінен насихаттауымыз қажет.
Бұлай деуіміздегі басты себеп қандас бауырларымыз өздері туып-өскен елдің озық тәжірибесін, таңдаулы мәдениетін, қаймағы бұзылмаған ана тілін, ата салтын тарихи Отанына ала келді. Сол арқылы рухани дамуымызға сүбелі үлесін қосуда. Ағайындар көшінің құйылып келуінің арқасында, еліміздің демографиясында елеулі ілгерілеу пайда болды. 1991 жылы еліміздегі қазақтардың үлесі 40 пайызға жетер-жетпес болса, қазір 70 пайыздан асты. Нәтижесінде өз Отанымызда ел өсімі бойынша басым үлесті бағындырдық.
Дүниежүзі қазақтарының 1992 жылы Алматы қаласында өткен алғашқы құрылтайынан бері, көші-қонның кең өріс алғаны соншалықты, ортамыз толып, бүгінде елге оралған бауырларымыздың саны миллионнан асты.
Елге оралған және шекараның арғы бетінде ұлтымыздың диаспорасы ретінде өмір сүріп жатқан қандастарымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, қол ұшын беру бірлі-жарым қоғамдық ұйымдардың ғана айналысатын шаруасы емес. Оны мемлекеттік құзырлы органдардан бастап, бүкіл ел-жұрт болып қолға алса құба-құп. Бірлесіп, ынтымақтаса кіріскенде ғана «жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін биылғы Құрылтайда Елбасы ерекше қадап айтты.
Ағымдағы жылдың маусым айында өткен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында шекараның арғы жағындағы елге көшіп келгісі келетін ағайындарды қолдау үшін, Президент «Отандастар» қорын құруды тиісті министрліктерге тапсырды. Мұның көрегенділікпен қабылданған шешім екенін әлем саясаткерлері мойындауда. Ал естіген қандастарымыз қуанғаннан бір бірінен сүйінші сұрап, қуанышын төс қағысып бөлісуде.
Осы орайда тегеурінді тапсырмалардың орындалуындағы толғауы тоқсан мәселенің тобықтай түйінін шешуде, бүгінгі Қауымдастықтың жаңадан жасақталған құрамының атқарып жатқан қыруар іс-шаралары сөз етуге тұрарлықтай.
Алдымыздағы мақсаттарды тарамдап айтар болсам, Елбасы тапсырған мәселенің бірі мен бірегейі әлемдегі танымал қазақтардың электронды базасын дайындау. Бүгінде осы салада тиянақты жұмыстар жүргізіп, әрбір азаматты зерделей отырып мәліметтер қорын молайтуды қолға алып, күрделі жұмыстың күрмеуін шешу жолындамыз. Шекараның арғы жағындағы елге көшіп келгісі келетін ағайындарды қолдау үшін, «Отандастар» қорын құруды Елбасы өз сөзінде қадап айтып тапсырғандықтан, осы құтты да қайырымды іс-шараны жедел жүзеге асыру бәріміз үшін де, оның ішінде қауымдастықтың аса абыройлы міндеті екені айқын.
Жауапкершіліктің нақты айғағы – өз кезегінде қазақ бизнесмендерінің басын қосып, аталмыш қорға өз үлестерін қосуға олардың намысын жанып, рухын көтеру сияқты нәзік те, күрделі жұмыстарды қолға алғандығымыз. Осы ретте тағы бір айта кететін жайт, қорға аударылған қаражатты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мақсатқа сай жұмсауды әрі қаржының есебін халыққа дер кезінде беріп тұруды өз борышы санайды. Сонымен қатар келелі мәселелерге қатысты барлық сұрақтарды әкімшіліктермен, министрліктермен үзеңгі қағыстыра отырып шешу. Ол үшін – отандастарға жан-жақты қолдау мен көмек беру жолындағы іс-тәсілдерді жүйелеу.
Қазақ диаспорасы өкілдерінің басым көпшілігі өмір сүріп отырған шет мемлекеттердегі Қазақстанның елшілік, консулдық өкілдіктерімен де қарым-қатынасымыз тығыз болмақ. Оларға сол елдердегі қазақ азаматтарын еш кедергісіз қабылдап, елге оралғысы келетіндердің құжаттарын мейлінше жедел, тыңғылықты дайындауына көңіл бөлудеміз. Оған қоса еліміздің өлкелерінің даму ерекшеліктері жайында кең ақпараттар беруді, қай жерге қоныстанудың қолайлы екендігі жайлы кеңес беріп отыруын өтінудеміз. Мұның бәрі өз кезегінде елге оралған қандастарымыздың алдын ала психологиялық дайындықпен келуіне, өзі қалап қоныстанған жерінде тұрақтануына барынша игі ықпал етеді. Осындай маңызды сұрақтар мен өтініш-тілектерімізге Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі түсіністікпен қарап, қолдау көрсететініне сеніміміз мол.
Елбасы кезекті Құрылтайда біздің жарқын болашағымыз – жастарға қолдау көрсету екендігін ерекше ықыласпен айтты. Үкіметке отандастарымыздың жоғары білім алуын қолжетімді ету үшін, оларға бөлінген квотаны 2 есеге көбейту мәселесін тапсырды. Сол себепті шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанда білім алуына жағдай жасау үшін, бөлініп отырған екі пайыздық мемлекеттік гранттың санын өсіру жолдарын іздестірудеміз. Оның оңтайлы шешімін табу үшін, еліміздің жоғары оқу орындары ректорлары мен жергілікті облыс, қала әкімдері өз өңірлеріндегі жоғары оқу орындарына оқуға түскен шетелдік қазақ студенттеріне өздерінің ішкі мүмкіндіктерінің есебінен грант бөлуіне ықпал жасау шараларын қолға алудамыз. Алыс-жақын шетелде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың жас буыны қазіргі таңда ана тілінен, ұлттық салт-санасынан уақыт озған сайын алыстап барады. Келешекте жастардың ассимиляцияға түсуі жиілей беретіні басы ашық әңгіме. Осындай күрделі кезеңде олардың тарихи Отанына келіп білім алуын қолдауымыз – жастардың ұлттық бітім-болмысын сақтап қалудың бірден-бір жолы екенін түсінетін уақыт жетті.
Мемлекетіміздің 2015 жылы 24 қарашада халық қолдауына ие болған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына жаңадан өзгертулер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Шеттен келетін қандастарымыздың атажұртына тұрақтап қалуы үшін Үкімет қаулы шығарып, солтүстіктегі жеті облысты еліне оралған қандастарымыз бен халқы тығыз орналасқан үш облыстың тұрғындары қоныстанатын арнайы өңір етіп белгіледі. Осы қаулының салтанат құрып, тез арада ел игілігіне жарауы үшін не істелді?
Қандастарымыздың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету мақсатымен өңірлерге Үкiметтiң 2009 жылғы 8 мамырдағы № 674 қаулысымен бекiтiлген «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында салынған «Асар» қалашығы, бүгінде елімізде шағын ауылдар салудың теңдесі жоқ үлгісі болып отыр. Бұл жетістік Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен жүзеге асқанын жұрт жақсы біледі. Ауыл тұрғызудағы бұл әдістің артықшылығы – абаттандыру мәселесі қоса жүргізіліп, мемлекет есебінен үлкен мектептер мен балабақшалар салынып, қажетті инфрақұрылымдардың дер кезінде ретке келтірілгенінде. Әр үйдің алдына салынған шағын жылыжайлардың бүгінде тыңғылықты өнім беруіне байланысты мыңдаған отбасы ешкімге жалтақтамай-ақ табысты кәсіпке ие болып отыр.
Сондықтан біздің Қауымдастықтың алға қойған мақсаты, осы «Асар» қалашығын салудың ізгілікті әрі заманауи іс-тәжірибесін еліміздің солтүстік өңірлерінде шағын қалашықтарды салуда мемлекет тарапынан жүйелі түрде қолдау тауып, қолға алынуы үшін мәселенің орындалу тетіктері жіті қарастырылуда. Мұндағы мұрат пен мақсат – азаматтарға заман талабына сай баспаналар салып беру ғана! Әрине, бұл мәселенің бір жағы.
Екінші жағы – көшіп келген жұрттың тұрақтап орнығуы үшін, оларды жүйелі еңбекпен қамту. Осы мәселенің шешімін табуда жоғарыда аталған «Асар» қалашығындағыдай жылыжайлар немесе жер жағдайына байланысты мал шаруашылығын өркендету нысандарын тұрғызуды қолға алмақпыз. Оны іске қосу үшін тұрғылықты елдің мүмкіндігі аясында қажетті төрт түліктің басының болуы керек. Сосын малдың жайылымына, азығына жер ажыратылуы, заманауи мал бордақылау кешендері құрылып, қысы-жазы іс-әрекетте болуы шарт. Ал ол – өз кезегінде сарқылмас жұмыс күшін талап етеді. Сол себепті, біз осындай келелі істер арқылы елді еңбекпен қамту мәселесін шешуді қолға алмақпыз. Ол үшін өндірілген сүт, ет, тері, жүн өнімдерін қайта өңдеп халықтың қажетіне жарайтын мемлекеттік стандартқа сай дайын өнімдер шығаратын шағын зауыттар қажет. Дайын өнімдердің сатылу жолдарын сауда орындарымен келісімшарт арқылы жүзеге асыруды жолға қоймақпыз.
Болашақта құрылатын елді мекендердегі инфрақұрылымдарға, әлеуметтік нысандарға облыстық бюджеттен қаржы қарастыру және шетелден оралған қандастарымызды еңбекпен қамту мәселесін шешу облыс әкімдерімен дер кезінде келісілгені – Қауымдастықтың қол жеткізген табыстарының бірі. Осы ретте Президентіміздің: «Мен үшін шетте жүрген бауырларға жанашыр болу – әрбір қазақстандыққа қамқорлық жасаумен бірдей маңызды» деген сөзі бәрімізді ортақ мәселеге жұмылдыратын ұран деп қабылдауымыз керек.
Елімізде қазірдің өзінде оңтүстік облыс тұрғындарын солтүстікке қоныс аудару шаралары қызу қарқынмен жүруде. Солтүстік өңірлерде еңбек етуге, кәсіпкерлікпен айналысуға, жалпы өмір сүруге қолайлы елді мекендер баршылық. Мұнда келген ағайындардың ортаға тез бейімделуіне, тұрмыс-тіршілігін жақсартып орнығуына, қолайлы мүмкіндіктерді қолдан шығарып алмай, жедел қимылдап іске асыруына сан-салалы әрі ауқымды мәлімет беретін кестелерді жасау үстіндеміз.
Бір сөзбен айтқанда, қауымдастықта осындай ұйымдастыру және құрылымдарды реттеу шаралары дер кезінде қолға алынып, жаңа мекенде жұмыс ырғағынан жаңылмай, өз қызметін сапалы атқаруға толық мүмкіндіктер жасалуда.
Еңбек ресурстары мол, Солтүстік, Батыс, Шығыс өңірлердегі халқы сан жағынан аздау елді мекендердің әкімдерімен, дәуірдің өзекті мәселесін ақылдасу шаралары едәуір жолға қойылып, Елбасы тапсырмасының орындалу жағы қарастырылып, оның шешу тетіктері айқындалуда. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерімен қанатқақты жобалар үшін болашағы жарқын өңірлерден 200-300 гектардан заманауи елді мекендер құруға келісім жасалды. Бұл жобада алғашында көшіп келемін деп тілек білдірушілерге жаңа салынған үй кезек күттірмей берілетін болғандықтан, олар бастапқыда үйдің өзіндік құнының 30 пайызын төлей алатын шамада болуы керек. Ал қалған 70 пайызын қаржылық институттар арқылы несие алу тәсілімен жүзеге асыру жобалары арқылы амалға асырмақпыз.
Осы жылы Астанада өткен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылтайында Елбасы Н.Назарбаев бізге орталық аппаратты Алматыдан Астана қаласына көшіру мәселесін жүктеген болатын. Бұл мәселе өз шешімін тауып, орталық аппаратты көшіру жұмыстары жедел ұйымдастырылуда. Бір сөзбен айтқанда, Құрылтай мінберінен Елбасы берген тапсырмаларды орындау мақсатында және белгіленген бағыттарымыз бойынша іс-қызметімізді жүйелеп, құзырлы ведомостволар және сала министрліктерімен қоян-қолтық араласып, келелі істерді жүзеге асыруға атсалысудамыз.
Әлемнің төрт бұрышына тарыдай шашылған бес миллион қазақтың елге оралу мәселесін, олардың елге келгендегі орналасу жағдайын түзеу, төлқұжат, жер телімін беру, баспанамен қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселелердің бәрін бір ғана қоғамдық ұйымның шешуі мүмкін емес. Бұл өте күрделі дүние. Сондықтан мемлекеттік мекемелер мен министрліктердің, жергілікті басқару жүйесі әкімдіктердің қолдауы мен бірлесіп жұмыс істеуі біз үшін ауадай қажет.
Шетелдердегі қазақтың елге дер кезінде оралуы бұрынғы құндылықтар өзгеріп, қоғам өркениетке бағыт алып жатқан кезеңде тәуелсіз елдің алға басқан қадамы қарымды болуы үшін қажет. Бұл – ұлттық мемлекет ретінде дамуымыздың кепілі. Осы тұрғыдан алғанда ұлы көші-қон мемлекет саясатының алтын тұғыры. Сондықтан дүние жүзіндегі қазақтардың басы қосылып, еліміздің өркендеуіне атсалысуы, жаһандану дәуірінде рухани тұтастық пен қазақтың ғасырлар сынынан сүрінбей өтуінің негізі біздің ажырамас бірлігімізде екенін өмір көрсетіп берді. Ендеше елім деген қазақтың «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген Әлихан сөзінің мәнін терең түсінетініне сенгім келеді.
Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары