Қазақстан • 07 Қараша, 2017

Ауылда тұрып, қаланың емханасын таңдай аласыз

532 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелерге, яғни емханалар мен отбасылық денсаулық орталықтарына тіркелу жүріп жатыр. Емдеу ұйымдарына тіркелу биыл 15 қарашаға дейін жалғасады.

Ауылда тұрып, қаланың емханасын таңдай аласыз

Биылғы емханаға тіркелу науқанында айтарлықтай ерек­шелік жоқ деуге болады. Басты жаңалығы – шетелдіктердің тір­келуіне мүмкіндік беріліп отыр. Қазақстанда тұрақты және уа­қытша тұрып жатқан шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар тіркеу науқаны ке­зінде кедергісіз тіркеліп, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шең­бер­інде медициналық көмек алу­ға құқылы. Сондықтан емханалар да оларды тіркеуге алуға міндетті. 

Елімізде құрылған «Әлеу­меттік медициналық сақтандыру қоры» әу бастан-ақ жекеменшік кли­никаларды көптеп тартуды көздеген болатын. Ондағы мақ­сат – отандық медицина саласы­на нарық талаптарын енгізе оты­рып, дәрігерлер мен емхана­лар арасында бәсекелестікті туғызу. Жаңа реформаның заң­ды­лықтары бойынша, қай кли­ника адамды көбірек тартады, қайсысы жоғары сапалы қыз­мет көрсетеді – сол ұйым­дарға қаражат көбірек бөлінеді. Бүгінде жекеменшік клиника­лар­дың көбі қаржы қорын көбей­ту мақсатында қормен келісім­шарт­тар жасасуға мүдделілік таны­тып отыр. Өткен айда меди­ци­налық сақтандыру қоры кепіл­ден­дірілген тегін медицина­лық көмек пакеті шеңберінде қызмет көрсетуден үміткер ден­саулық сақтау нысандарының дерек­қорын жасап шықты. Дерекқорға енген емдеу мекемелерінің саны бүгінде 1,5 мыңнан асқан. Соның 45 пайызы – жекеменшік клиникалар үлесінде.

Жалпы елімізде емхананы еркін таңдау құқығы бұ­рын­нан бар. Қазіргі таңда респуб­ликадағы алғашқы медици­на­лық-санитарлық көмек көрсе­тетін ұйымдардың саны – 479 болса, соның ішінде 268-і қалалық деңгейде, 211-і ауылдық емханалар. Денсау­лық сақтау министрлігі Меди­ци­на­лық қызметтерге ақы төлеу комитетінің 2017 жылғы қаң­тардағы мәліметі бойынша, бүгінде емханаларға 17 млн 635 мыңнан астам адам тіркелген екен. Оның ішінде 8 миллионнан астамы ер-азаматтар болса, 9 миллионнан астамы – әйел. Ем­ханаға тіркелген 18 жасқа дейінгі балалардың саны 6 мил­лионға жуықтайды. Әрине, қазір емханаға тіркелу науқаны жүріп жатқандықтан бұл сандар өзгеруі әбден мүмкін.

Емханаға тіркелу – мемлекет ұсынып отырған тегін меди­циналық көмекпен қамтамасыз етілудің кепілі. Сондықтан кез келген адам емхананы таңдау мүмкіндігін тиімді пайдаланғаны жөн. Егер сізге өзіңіз қаралып жүрген емханаңыз көңілден шығатын болса, онда сол емдеу мекемесінде қала беруге бо­лады. Әлбетте, азаматтар ал­ғашқы медициналық-санитар­лық көмек алу үшін алдымен тұрғылықты мекенжайы бойынша қаралатын емханаға келеді.

Бұл азаматтардың өздеріне тиімді және үйге келетін учаскелік дәрігерге ыңғайлы, дейді Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі. Яғни таңдаған емханаңыз үйге, оқу орнына немесе жұмысқа жақын орналасқан болса, онда үйге дәрігер шақыру секілді қызметтерді пайдалануға болады. Ал егер кімде-кім үйінен қашық орналасқан емхананы таңдайтын болса, онда мұндай мүмкіндік болмайды.

Емханаға тіркелу үшін қалаған емдеу мекемеңізге жеке куәлікпен келіп, бас дәрігердің атына өтініш жазу жеткілікті немесе телефон арқылы да тіркелуге болады. 

Сондай-ақ қазіргі уақытта медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде емханаға тіркелудің мән-жайын түсіндіретін байланыс орталықтары да іске қосылды. Мұндай орталықтар әр өңірде бар. Осы байланыс орталықтарына хабарласып, өзіңізді толғандырған сауалдарға толыққанды жауап алуға болады.

Ел азаматтары емханаларды еркін таңдаған кезде бір ғана емханаға тіркеле алатынын ескертеміз. Бір мезетте бірнеше емдеу мекемесіне тіркелу мүмкін емес. «Тіркелген тұрғындар регистрі» емханаға келген адамның қайда, қашан тіркелгенін, оның мәртебесін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Бұған қоса дәрігер мен емхананы еркін таңдау құқын бір жылда бір рет пайдалануға болатынын ұмытпаған жөн. Емхананы басқа жерге қоныс аударғанда немесе жазасын өтеу мерзімі аяқталуына, әскери қызметін өтеп болуына байланысты ауыстыруға болады. Егер бұрынғы қаралып жүрген емхананың қызметіне көңіліңіз толса, онда тіркелу науқаны кезінде қайта тіркелудің қажеті жоқ.

Бүгінде шалғайдағы халық аз тұратын ауылдарда емханаға тіркелу күрделілеу болып тұр. Дегенмен де ірі қалалардың маңайында тұратын азаматтардың қаладағы кез келген емхананы таңдап тіркелуге мүмкіндігі бар.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»